Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов атап өткендей, бағдарлама кәсіпкерлердің несиелеріне кепілдік береді, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялайды, мемлекеттік гранттар үлестіреді, сондай-ақ бизнес жобаларға инженерлік инфрақұрылымды жеткізеді. Бағдарлама аясындағы жеңілдетілген несие жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылға беріледі. 7 млрд теңгеге дейін несие алуға болады. Салалық шектеу жоқ.
2019 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында басым жобаларға несие беру тетігі енгізілді. Көпшілік үшін бұл тетік «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы ретінде белгілі. Бағдарлама халық тұтынатын тауарларды қолдауға бағытталған. Яғни жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын еселеуге, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықтың оған деген қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлерге 6 пайыздық мөлшерлеме бойынша жеңілдетілген несие ұсынылады. Сомасы шектелмейді. Ал субсидиялау мерзімі – 10 жыл.
– Экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлерді қолдау үшін шағын және орта бизнес кредиттерін қайта қаржыландыру жүзеге асырылады. Экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтілді. Субсидиялау мерзімі 3 айға ұзартылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 18,4 млрд теңге бөлінді, – деді Т.Жақсылықов.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, мемлекеттік қолдаудың сұранысқа ие құралының бірі – микрокредиттеу. Былтыр «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде бизнесті микрокредиттеу жобасы басталды. Аталған бағыт бойынша 5 млн теңгеге дейін несие беріледі. Қарыз 6 пайыздық мөлшерлемемен кепілсіз үлестіріледі. Сондай-ақ инвестициялық мақсатқа 20 млн теңгеге дейін айналым қаражаты беріледі.
Осы жылдың 7 айында «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында 801,2 млрд теңгеге 25,3 мыңнан астам жоба жеңілдікпен қаржыландырылды. Тарқатып айтар болсақ, қаңтар-шілде аралығында 603,7 млрд теңгеге 14,4 мың жоба субсидияланған. Бағдарламалар іске қосылғаннан бері 45,3 мың жобаға 4,6 трлн теңге көлемінде субсидия берілген.
Сондай-ақ 11 мың жобаға 197,5 млрд теңге көлемінде кепілдік берілді. Бағдарламалар іске қосылғаннан бері 638,2 млрд теңгеге 24,3 мың жоба кепілдендерілген. Бұдан бөлек, экономиканың зардап шеккен саласына жататын 467 жоба 50 млрд теңгеге субсидияланған. 62 млрд теңгеге 10 мыңнан астам микрокредит берілді.
Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы іске асырылған сәттен бастап 10,3 млрд теңгеге 4 155 мемлекеттік грант берілген. 162 млрд теңгеге жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу бойынша 930 жоба іске асырылған.
Бағдарламалар жүзеге асырылған сәттен бастап шағын және орта бизнес субъектілері 109 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрған. Олар 49 трлн теңгеге өнім шығарып, қызмет көрсетті. Тиісінше, бюджетке 3,1 трлн теңге салық төленген. Орта есеппен бюджеттен бөлінген 1 теңге субсидия 6 теңге көлеміндегі салық аударымымен қайтарылды.
– Мемлекеттік қолдаудың қаржылық және қаржылық емес шараларынан басқа, Үкімет бизнес жүктемесін азайтуға, сұраныс нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге, жаңа реттеушілік саясатты енгізуге бағытталған бірқатар өзге де шараларды қабылдады. Мәселен, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы салық режімі пайдаланылатын шағын және микро кәсіпкерлік субъектілері табыс салығынан босатылды. Осылайша, 1,2 млн шағын және микро бизнес субъектісі 382 млрд теңге үнемдеді. Сөйтіп, үнемделген қаржыны айналым қаражатын толықтыруға жұмсауға мүмкіндік берілді, – деді Т.Жақсылықов.
Сондай-ақ биылғы 1 қаңтардан бастап зардап шеккен салаларда алынған табыстың 3 пайыздық мөлшерлемесімен бөлшек салықтың жаңа арнайы режімі енгізілді. Бұл жүктемені азайтады және салықтарды есептеу мен төлеу тәртібін жеңілдетеді. Шығыстардың күрделі есебін жүргізу талап етілмейді.
– 2021 жылғы 1 сәуірден бастап 2021 жылғы 1 шілдеге дейін зардап шеккен салаларда еңбекақы төлеу қорынан салықтарды төлеу кейінге қалдырылды. Бұл шараны 925 мың жұмысшы мен 137 мыңға жуық бизнес субъектісі пайдаланды. Бұдан бөлек, осы жылғы 1 шілдеден бастап жаңадан құрылған өндірістік компаниялар үшін 70 пайыз мөлшерінде қосымша құн салығы бойынша қосымша есепке алу құқығы берілді. Кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлеріне ұсынылған қорғау құралдарының құны жеке табыс салығынан босатылды. Келесі жылдан бастап бизнесті жаңа негізгі қорларға қайта инвестициялауға пайдаланылатын табысқа корпоративтік табыс салығынан босату жөніндегі шаралар көзделген, – деп нақтылады Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарушы директоры Әлия Ағыбаеваның айтуынша, қор «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламары іске қосылғаннан бері 68,5 мың жобаға қолдау көрсеткен. Бұл дегеніміз – 5,3 трлн теңге. Атап айтқанда, 44 мың жобаның несие мөлшерлемесі субсидияланған – 4,5 трлн теңге. 747 млрд теңге көлемінде 24 500 жобаға кепілдік берілген.
– Биылғы 7 айда бағдарламалардың негізгі көрсеткіштері өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда айтарлықтай өсім байқатып отыр. Атап айтқанда, екі бағдарлама аясындағы қолдауға ие болған бизнес нысандарының саны 10 есе өскен. Былтыр 7 айда шағын және орта бизнес саласында 2 300 жоба қолдауға ие болса, биыл аталған көрсеткіш 25 мыңға тең. Несиелер сомасы 246 млрд теңгеден 740 млрд теңгеге жетті. Яғни үш есе өсті. 14 мыңнан астам жобаның несие мөлшерлемесі субсидияланды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 11 есе артық. Ал берілген несие көлемі 3 есеге өсіп, 542 млрд теңгені құрады. Субсидия алуға өтініш берген кәсіпкерлік салалары бойынша өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету және сауда алдыңғы қатарда тұр. Кепілдік алған жобалар саны 10 900-ден асты. Былтырмен салыстырғанда көрсеткіш 11 есе өсті. Кепілдендірілген несиелердің жалпы сомасы 197 млрд теңгені құрады, – дейді Ә.Ағыбаева.