Спорт • 30 Тамыз, 2021

Құрама қоржыны тағы үш медальмен толықты

321 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жапонияның бас шаһары – Токиода өтіп жатқан XVI жазғы Паралимпия ойындарының алғашқы аптасы аяқталмай жатып, қазақстандық параспортшылар ел қоржынына төрт жүлде салып үлгерді. Бұл – Қазақстанның Паралимпиада тарихындағы рекордтық нәтиже.

Құрама қоржыны тағы үш медальмен толықты

Төрт жылда бір өтетін дүбірлі дода­ның екінші күнінде пауэрлифтингтен 54 кило салмақта сынға түскен отандасымыз Давид Дегтярев Токио төрінде Әнұранымыз­ды шырқатып, Қазақстан құрамасының жеңісті жолын бастап беріп еді. Кейіннен оның жолын пара дзюдодан Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет және Зарина Байбатина жалғастырды. Үшеуі де күміс жүлде еншіледі.

Пара дзюдодан 60 килоға дейінгі салмақта белдескен Әнуар Сариев финалда әзербайжандық Вугар Ширинлимен шеберлік байқасып, қарсыласына жол берді. Сөйтіп ол Қазақстан қоржынына Паралимпиадағы екінші жүлдені салды. Жарысты ширек финалдан баста­ған отандасымыз бастапқы белдесуінде моң­­ғолиялық Ядамдорж Сухбаатарды ва­зари әдісімен жеңсе, жартылай финалда венесуэлалық Маркос Бланконы мерзімінен бұрын ұтып, финалға шыққан болатын. Ал әзербайжандық қарсыласы финалға дейін түркиялық Реджеп Джифт­чиден және румыниялық Алекс Бологадан басым түскен болатын. Бұл салмақтың қо­ла жүлдесін әзербайжандық Вугар Ши­ринлиден ұтылған түркиялық Реджеп Джиф­тчи мен румыниялық Алекс Болога өзара бөлісті.

Осылайша, Әнуар Сариев Паралим­пия ойындары тарихында пара дзюдодан Қазақстан еншісіне алғашқы жүлдені салды.

Сондай-ақ 73 килода бақ сынаған 30 жастағы Теміржан Дәулет финалдық белдесуде өзбек Феруз Саидтан жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды. Ол жарыс барысында әзербайжандық Газимов Рамилді, ширек финалда Рио Паралимпиадасы­ның қола жүлдегері германиялық Хоркас Николайды, ал жартылай финалда гру­зиялық Калдани Джорджиді тізе бүктірді. Бірақ финалда өзбек спортшысына шамасы жетпеді. Бұл салмақтың қола жүлдесі украиналық Руфат Могомедов пен лит­валық Освальдас Бареикиске бұйырды.

 Үшінші күмісті ел қоржынына Зарина Байбатина салды. 70  килодан жоғары сал­мақта алтын жүлде үшін белдескен ол фи­налда әзербайжандық Дурсадаф Ка­ри­мовадан жеңіліп, күміс жүлдеге қол жеткізді.

Өкінішке қарай, пауэрлифтингтен 2016 жылғы Рио Паралимпиадасының жә­не 2018 жылы Джакартадағы Пара Азия ойын­дарының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева жүлделі орынға сынық сү­йем қалғанда сүрінді. Әйелдер арасында 67 кило салмаққа дейін бақ сынаған ­отандасымыз бұл жолы төртінші орыннан көрінді. Сегіз атлет өнер көрсеткен сында отандасымыз әуелі 106 килоны сәтті еңсерген. Алайда екінші мүмкіндігін­де 112 кило зілтемірді бағындыра алма­ды. Ал соңғы мүмкіндігінде дәл сол сал­мақты көтергенімен, бұл нәтиже жүл­де­герлер қатарынан көрінуіне жет­кілік­сіз болды. Ол осыдан бес жыл бұрынғы Паралимпиадада алғаш 108 килоны, кейіннен 113 килоны еңсеріп, күміс жүл­дегер атанған болатын. Бұл салмақта Рио Паралимпиадасының чемпионы қы­тайлық Тань Юйцзяо топ жарып, екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды. Сондай-ақ ол Джакартада да жеңіс тұғырынан көрінген еді. Күміс жүлде мы­сырлық Фатма Омарға бұйырса, қола жүл­де нигериялық Олайтан Ибраимның еншісінде кетті.

Сонымен қатар 50 метрге баттерфляй әдісімен суда жүзуден ерлер арасындағы S5 санатындағы жарыстың финалында бақ сынаған қазақстандық спортшы Сиязбек Далиев 8 спортшының арасында 5-орынға тұрақтады. Ол аталған қашықтықты 35.27 секунд ішінде жүзіп өтті. Отандасымыз іріктеу кезеңінде бұл қашықтықты 35.73 секундта бағындырып, финалға жолдама алған еді.

Жеңіл атлетикадан T35 санатында 100 метр қашықтықта жарысқа түскен тағы бір отандасымыз Салтанат Әбілқасым­қы­зы іріктеу кезеңінде тоғызыншы орынға тұрақ­тап, финалға шыққан спорт­шылардың қатарына іліге алмады. Ол 100 метр қашықтықты 16,54 секундта жү­гіріп өтіп, өз тобында төртінші нәтиже көрсеткен еді.

Осылайша, жерлестеріміз Паралим­пия ойындарының бесінші күнінде 1 алтын, 3 күміспен Паралимпиада тарихын­да­ғы ең үздік көрсеткішін (Рио Пара­лим­пиадасында 1 алтын, 1 күміс) жаңарт­ты. Дү­бірлі доданың аяқталуына әлі бір ­апта бар.