Үкімет • 31 Тамыз, 2021

А.Мамин жаңа форматта білім беретін мектептердің ашылуына қатысты

533 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласында BINOM және Quantum STEM School инновациялық мектептерінің ашылуына қатысты, деп жазады Egemen.kz Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

А.Мамин жаңа форматта білім беретін мектептердің ашылуына қатысты

Quantum STEM School – қазақстандық жалпы білім беру үдерісіне озық әдістемелерді енгізетін жаңа бренд. 2021-2022 жылдары елордада осы форматтағы 6 мектеп ашылады. Әрбір оқу орны екі ауысымда 4 мың оқушыға шақталған. Оқыту отандық модель мен Финляндия, Ұлыбритания және Оңтүстік Кореяның алдыңғы қатарлы халықаралық жүйелері негізінде ұйымдастырылған. Жобаны BI Group холдингі Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты бойынша жүзеге асырып жатыр.

Ауданы 22 мың шаршы метрден астам әрбір Quantum STEM School мектебінде 127 кабинет, физика, химия, биология, нано және биотехнология бойынша 9 кеңейтілген зертхана, 100 орындық кинозал, мұғалімдер мен балаларға арналған коворкинг-аймақтар, телестудия, ойын бөлмелері, смарт-сыныптар, шығармашылық эксперименттерге арналған 3D-принтер, роботты техника кабинеттері, металл және ағаш ою шеберханалары, Speaking Club, TedxBinom, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік жазушылардың 5 мыңнан астам танымал басылымдары жинақталған кітапхана бар. Сонымен қатар ерекше білім алу қажеттілігі бар балалар үшін ыңғайлы білім беру ортасы жасалған: жүріп-тұруы шектеулі оқушыларға арналған лифтілер, пандустар, көтергіштер, биіктігі реттелетін үстелдер мен парталар, тактильді жолақтар және т. б.

1

Үкімет басшысы мектеп оқытушыларымен де кездесті. Quantum STEM School мектебіне мұғалімдерді іріктеу Jumys Smart Nation ірі интернет-платформасында өтті. Екі кезеңдік конкурстық іріктеудің нәтижелері бойынша мектепке республика өңірлерінен 300 педагог қабылданды. Елордада ашылған Quantum STEM School жекеменшік желісінің алғашқы инновациялық мектебі 1020 орынға арналған. Мектеп математика, ғылым және инженерия пәндерін тереңдетіп оқытатын Сингапур мен АҚШ-тың үздік оқу әдістемелерінің озық тәжірибесіне негізделген. Мұнда оқушылар жалпы білім беру пәндерімен қатар, интеграцияланған инженерлік бағдарлама (Integrated Engineering Program), спорттық бағдарламалау, авиамодельдеу және т. б. курстарын меңгереді. Алдағы жылдары бүкіл ел бойынша 20 Quantum STEM School салу жоспарда бар.

«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік моделі бойынша инновациялық оқу орындарын салуды арттырып, жекеменшік мектептер желісін дамыту қажет. Бизнеспен бірлесіп іске асырылған озық оқу орындарын құру жобалары орта білім берудің жаңа стандарттарын қалыптастыруға үлгі болады», деді А. Мамин.

3

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңде елімізде 800 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Биыл 200 мектепті пайдалануға беру жоспарланған, оның ішінде мақсатты құрылыс есебінен – 163 мектеп, МЖӘ тетігі есебінен – 6 мектеп, жекеменшік мектептер желісін дамыту есебінен – 31 мектеп. Осы жылы 200 мектептің ашылуы басым тәртіппен апатты мектептердің, үш ауысымды мектептердің проблемаларын шешуге және оқушы орындарының тапшылығын қысқартуға мүмкіндік береді.

Мектептердің ашылу салтанатына Премьер-Министрдің орынбасарлары Роман Скляр мен Ералы Тоғжанов, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және т. б. қатысты.