Білім • 31 Тамыз, 2021

26 оқушы халықаралық олимпиадада жеңімпаз атанды

1026 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл ірі халықаралық жарыстарда оқушылар 26 медаль жеңіп алды, оның ішінде 2 алтын, 13 күміс және 11 қола еншіледі. Осылайша соңғы жылдардағы рекорд жаңарды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

26 оқушы халықаралық олимпиадада жеңімпаз атанды

Кездесуге қатысқан балалар жеңіске жету жолындағы қызықты оқиғаларымен бөлісіп, ұсынысын айтты, сонымен қатар сұрақтарына жауап алды.

«Оқушылармен және жаттықтырушылармен олимпиадалық қозғалысты алдағы уақытта одан әрі дамыту бағыттарын талқыладық», деп жазды министр өзінің Facebook парақшасында.

Биыл олимпиаданың республикалық кезеңі жаңа электрондық форматта өтті.

Министрдің жазуынша, қазіргі таңда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сай министрлік дарынды балаларды қолдау бағытында жүйелі және кешенді шешімдер әзірлеп жатыр.

Кездесу соңында олимпиада жүлдегерлеріне Мемлекет басшысының атынан Алғыс хаттар табыс етілді.

«Сонымен бірге біз жаттықтырушылардың еңбегін де атап өттік. Бұған дейін менің атымнан 3 мың дарынды баланың ата-аналарына Алғыс хат жіберілген болатын. Мен олимпиада қатысушыларының мұғалімдеріне, ата-аналары мен жаттықтырушыларына тағы да алғыс айтқым келеді. Сіздердің мұндай нәтижелерге қол жеткізуде еңбектеріңіз орасан зор. Өз кезегінде Білім және ғылым министрлігі оқушыларымыздың биік белестерді одан әрі бағындырып, Қазақстанды әлемдік аренада лайықты деңгейде танытуларына жағдай жасауды жалғастыратынын атап өткім келеді», деп жазады министр.