
«Сол бір қиын-қыстау жылдарды еске алғанда, елімізді күрделі әлеуметтік катаклизмдерге соқтырмай, аман сақтап, әлемдік қоғамдастықтың тең құқықты мүшесі ретіндегі осы заманғы мемлекет құру үшін не керектің бәрін істегеніме, мемлекетті құруға қызмет жасағаныма сенімдімін», деп жазды Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңғы екі жыл елімізге оңай тиген жоқ. Әлемді жайлаған пандемия Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Ата Заңды орындау арқылы мемлекет медициналық қызметті және білім беруді жақсарту, жаппай тұрғын үй құрылысы, жалақы және түрлі әлеуметтік төлемдер мөлшерін көбейту, азаматтарға және отандық кәсіпкерлерге салықты азайту сияқты әлеуметтік мәселелердің түйінін шешуге тырысып жатыр. Өңірлерде жұмыссыздар санын азайту үшін жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу керек. Азаматтардың білім алудағы конституциялық құқығын қамтамасыз ету мақсатында техникалық және еңбек қызметін көрсететін кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайтқан жөн. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге өз өнімдерін қайта өңдеу үшін мақсатты несиелер беру тетігін қалыптастыру керек.
Конституциямыз бойынша әлеуметтік мемлекет қағидатына негізделген әлеуметтік саясат – азаматтардың әлеуметтік құқықтарына кепілдік беретін және қорғайтын мемлекеттің конституциялық міндеті. Осы арқылы азаматтардың әділеттілік негізіндегі құқықтары сақталып, материалдық құндылықтары қамтамасыз етіледі. Мемлекет үшін адамға деген қамқорлықтан, оның материалдық әл-ауқатын арттырудан басқа маңызды ештеңе жоқ, сондықтан да мемлекет адамдардың лайықты өмір сүруі үшін бәрін жасауға міндетті.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Сенаттың сессияны қорытындылаған соңғы отырысында Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту бағдарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті. Төрағаның мәлімдеуіне сәйкес Парламент 63 заң қабылдады. Олардың ішінде 15 заңға депутаттық корпус бастамашылық жасады. Палатаның қарауына түскен әр заң жобасы жан-жақты қаралып, тұрақты комитеттер мен жалпы отырыстарда кеңінен талқыланды. Азаматтар мен сарапшылар қоғамдастығының ұсыныстары да назардан тыс қалмады.
Осы орайда Президенттің бастамашы болуымен қабылданған жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салған заңды ерекше атап өткен жөн. Осылайша, бұл мәселе түбегейлі шешілді. Жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту бойынша да шаралар қабылданды. Ауыл халқының өзекті мәселелерін тиімді шешу үшін жергілікті билік органдарына қосымша функциялар мен өкілеттіктер берілді.
Сенат депутаттары экономикалық өсімді қалпына келтіруге, індеттің таралуына тосқауыл қоюға, шағын және орта бизнесті қолдауға көп көңіл бөлді.
«Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру екені сөзсіз. Ашықтықты арттыру үшін квазимемлекеттік сектордың сатып алуы алғаш рет заңмен регламенттелді. Сот-құқық қорғау саласында қабылданған заңнамалық өзгерістердің ауқымды бөлігі азаматтар құқықтарының қорғалуына, кәсіпкерлерді заңсыз араласудан қорғауға бағытталды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін ұлттық заңнамада алғаш рет «Әлеуметтік кәсіпкерлік» ұғымына анықтама берілді. Мемлекет тарапынан осы бағытты қолдаудың нақты шаралары мен тетіктері белгіленді. Бұл маңызды заң жобасын сенаторлар қысқа мерзімде Үкіметпен және әлеуметтік кәсіпкерлермен бірлесіп дайындады», деді Сенат Төрағасы.
Биылғы тағы бір ерекшелік – еліміздің «Сайлау туралы» Конституциялық заңына түзетулер енгізілгені. Онда Президенттің ұсынысы бойынша саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7 ден 5 пайызға дейін төмендетілді. Сайлауда берілетін барлық деңгейдегі бюллетеньдерге «бәріне қарсымын» деген жаңа баған енгізілді. Тағы бір ерекшелігі – ауылдың және ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды қамтамасыз ететін нормалар қосылды. Бұның нәтижесі ауыл әкімдерін сайлау кезінде көрініс тапты деп айтуға болады.
Сонымен қатар, «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға тиісті түзетулер енгізіліп, әлеуметтік қолдау, денсаулық, білім, шағын және орта бизнес, еңбекпен қамту салаларына, инфрақұрылым, басқа да маңызды бағыттарды дамытуға қосымша қаражат бөлінді. Мысалы, әлеуметтік саланы нығайтуға 347 млрд теңге қаралса, 140 млрд теңге қаржы республикалық және жергілікті жолдарды жөндеуге, қайта қалпына келтіруге бағытталды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 100 млрд-қа жуық теңге, ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға 70 млрд теңге ақша бөлінді. Елді жаулаған індетке қарсы күреске байланысты бюджеттен 265 млрд теңге қаражат қарастырылды.
Конституцияны басшылыққа ала отырып тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді нығайту жолында ғасырлық мәні бар ауқымды істер атқарылып келеді. Бұл орайда Алматы қаласының да рөлін атап өткен жөн. Мұнда ел тағдыры үшін маңызды шешімдер қабылданды.
Ел экономикасының 20 пайызы Алматыға тиесілі, ширек ғасыр ішінде қала экономикасы 100 есе, шағын және орта бизнес өнімінің көлемі 130 есе өсті. Қала аумағы мен оның тұрғын үй қоры 2 есе ұлғайды. Бүгінде шетелдік туристің әрбір екіншісі Алматыға келеді. Жақында ғана халық саны 2 миллионнан асты. Тұрақсыз экономикалық жағдайға қарамастан, мегаполис бизнес-бастамалар үшін келешегі мол инвестициялық алаң болып қала беретініне сенімдіміз.
Алматы «Шетсіз қала» қағидаты бойынша дамиды. Мұндай бағдарламалық міндетті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойып отыр. Ең өзекті мәселе – қаланың тарихи орталығы мен мегаполиске қосылған аудандарын, яғни Жаңа Алматы қаласын дамытудағы теңгерімсіздіктерді жою. Соңғы 10 жылда қала аумағы 2 еседен артық үлкейді. Осыған орай, жаңа ауданды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажеттілігі де күрт өсті. Сондықтан қала басшылығы өмір сүру сапасын жақсарту және шаһардың шет аумақтарын дамытуға басымдық беріп келеді. Осыған орай, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ұсынған «Алматы-2050» даму стратегиясы тұрғындардың қызу талқылауынан соң 2019 жылғы желтоқсанда қабылданды. Қаланың алдағы 30 жыл ішіндегі даму жоспары тәптіштеп жазылған стратегия іске аса бастады.
Алайда былтыр басталған коронавирус пандемиясы дүние жүзі елдерінің бәрін қамтып, адамзатқа үлкен қауіп төндіріп тұр. Аса қатерлі індетті халықтың жаппай жұқтырмауын қадағалау, өлім-жітімнің алдын алу, пандемия жағдайына бейімделіп, қала тіршілігін тоқтатпау басты міндетке айналды. Мегаполистің жұмыс жүйесі мен басқару тетіктері қайта қаралды. Ең алдымен, бюджет саясаты қайта құрылды. Барлық мәдени, ойын-сауық іс-шараларына жоспарланған шығындар азайтылды. Үнемделген 108,4 млрд теңге коронавируспен күресуге бағытталды. Осы қаражаттың көмегімен жаңа ауруханалар салынып, дәрі-дәрмек пен азық-түліктің стратегиялық қорлары құрылды, халықтың әлеуметтік осал топтарына, пандемиямен күресте алдыңғы шепте тұрған медицина қызметкерлеріне материалдық қолдау көрсетілді.
Пандемия бізге қауіпсіздік шараларын мықтап ұстануды, сақ болуды, жаңа толқынға дайын болуды үйретті. Бұл кезең адамдарды жақындастырып, құндылықтарды қайта зерделетіп, жақынымызға жанашыр, қамқор болуға шақырды. Қазіргі қалыптасқан жағдайда адамдар дәрігер мен ұстаздың, полиция мен әскери қызметшінің еңбегін бағалай бастады. Біз үшін еліміздің тыныштығы мен бейбітшілігі басты орында. Ұлт саулығын да ойлау маңызды.
Елдің елдігі, мемлекеттіліктің темірқазық бағдары айқындалған Ата Заңымызды ардақтау – әрбір қазақстандықтың абзал борышы. Қазақстан Конституциясы уақыт сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Негізгі Заңымыз әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата Заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек.
Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ,
Парламент Сенатының депутаты