Әлем • 31 Тамыз, 2021

Ауғандықтарды қорғау – НАТО-ның жауапкершілігі

209 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ТИРАНА. Албания Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде еуропалық еврейлерге жойылу қаупі төніп тұрғанда ерлік жасап, көмектескен. Бірақ ел тарихында мұндай санаулы әрекеттен де жоғары ерліктер бар.  

Ауғандықтарды қорғау –  НАТО-ның жауапкершілігі

Ешкім ата-әжелерімізді Холокост кезінде адамдарды құт­­қару үшін өз өмірін тәуекел­ге тігуге, құрбан етуге шақыр­ған жоқ. Бірақ көптеген албан-мұсылмандар, христиандар мен атеистер дәл осылай жасады. Албанияның құрмет кодексі бәрімізге мұқтаж бейтаныс адамдарға баспана ұсыну­ды талап етеді. Албания –соғыс­тың басына қарағанда аяғын­да еврейлері көп болған Еуро­падағы жалғыз мемлекет.

Осыдан кейін қудалауды өз көзімізбен көрдік. Сыртқы жау­ларымызды жеңгеннен соң, ел ішінде де сондай қатыгездікке тап болдық. Осылайша, өзіне жау санағандарды түрмеге қама­ған, азаптаған және өлтірген қысымшыл тоталитарлық режім­нің құрбанына айналдық.

Біздің басымыздан өткен тағдыр сынағына дәл қазір Ауған­стан халқы түсіп тұр. «Талибан» елдегі билікті жаулап алды. Біздің елде билік шекарасын жауып тастап, диссидент деп санағандар мен олардың отбасыларын қудалағандар­ға куә болдық. Дәл сол секілді «Талибан» да өз қарсыластарына осын­дай әдіс қолданады. Елу жылға жуық азаттықтың тәтті дәмін таттық. Ауғанстан да 20 жыл­ға жуық осындай жақсы­лықты көрді. Енді содан айырылып қалмақ.

Бүгінде Албания – НАТО мүшесі, оның артықшылық­тарын пайдаланады және ынты­мақтастықтың ауырт­палығын бөліседі. Тарихымызды ескере отырып, біз «Талибаннан» қаш­қан мыңдаған босқынға баспана ұсынған әлемдегі бірінші ел атанғанымыз өте дұрыс. НАТО-ның барлық мүшесі өз жауап­кершілігін мойындауға тиіс.

Иә, Ауғанстанда не болып жатыр, қазіргі оқиғалар Сол­түстік Атлантикалық альянс­тың болашағын қалай қалыптас­тырады, нелік­тен ахуал осылай өрбімек деген маңызды сұ­рақ туындайты­ны сөзсіз. Бірақ мұн­дай тал­қы­лауды жүргізу ма­ңызды бол­ға­ны­мен, қазір бір ғана нәрсе өзек­ті. Мүмкіндігінше көп адам­ның өмірін құтқару үшін бір­лесіп әрекет ету. Біз барлық демократиялық елдердің, Сол­түс­тік Атлантикалық альянс­­тың ортақ құндылықтарын сақ­­тауы­мыз керек. Бұл бізге сенген­дік­тен, қазір өміріне қауіп төніп тұр­ған адамдардан бас тартпауды білдіреді.

Бірнеше күн бұрын НАТО мүшелері Ауғанстан халқы­ның не­гізгі қолдаушысы еді. Біз жиыр­ма жыл бойы талпынған бос­­тандық пен демократияның уә­де­сін, принциптерін және ке­ле­шегін ұмытып, көлеңке секілді шегіне алмаймыз.

Осындай мақсаттарды мұрат етіп, күш пен мысалдың күші­мен қорқыту үшін құрылған әлем­дегі ең қуатты әскери одақ ауған халқының, сондай-ақ еркін, әділ өмір сүргісі келетін басқа да миллиондаған адам мен демократиялық қоғам алдында қуыршаққа айнала алмайды.

Бәріміз – халықаралық қоғам­дас­тық бізге сенген, біз үшін жұ­мыс істеген және біз ұсынған бо­ла­­шақтың уәдесі үшін күрес­кен­дердің барлығына үміт, бас­пана және жаңа өмір сыйлауымыз керек.

Біз ауған босқындарын пана­лату­ға келіскенде, мұны одақтас­тар алдындағы міндеттеме­лері­мізге байыппен қарағандықтан жасадық. Бірақ ең бастысы, біз мұны халықтың болмысының арқасында жасадық. Небәрі 30 жыл бұрын біз Адриатика жаға­лауындағы ауғандықтар едік.

Тиранадағы «Қызыл Тали­бан­нан» қашып құтылуға тырыстық. Косово соғысы кезін­де Сербия басшысы Слободан Мило­шевичтің этностық қыр­ғы­ны­нан қашқан жарты миллион босқынға пана ұсынып, есігімізді аштық.

Біз қатыгез режімнің қолын­да қалған кезде де, басқа елдерде босқын ретінде жаңа өмірге ұмтыл­ған кезде де тирандар­дың бүкіл қырын жақсы мең­гердік. Мұндай бастан өткен тәжі­ри­белер бізге қорқынышты тудыратын қауіп емес, қауіпті тудыратын қорқыныш екенін үйретті.

Албания үлкен де, бай да емес. Еліміз Еуропадағы күрде­лі шындықтан, соның ішінде иммиграция салдарынан туын­дайтын ауыртпалықтан қаш­пай­ды. Біз бөтен адамдардың сауалдамаға, сайлауға және би­лікке жетуге ұмтылған партия­лар мен саясаткерлердің мін­дет­те­ме­леріне әсер ететінін білеміз. Сон­дай-ақ барлық басқа елдің қиын таңдауын құрметтейміз. Бі­рақ көмек көрсетуге міндетті адам­­­­дарға қатысты мәселеде, өмір мен өлімнің бірін таңдау ке­рек бо­лғанда, біздің жолымыз айқын.

Дәл қазір әрекет етпеу – өз тарихы­мыздан жеріну, өткен ға­сыр­дағы қайғылы оқиға­лар­дан үйренгенімізді ұмыту. Қаза тапқан көптеген жауын­гердің есімдерін елемеу және ұрыс да­ласында ұзақ жылдар бойы жасалған сансыз құрбан­дық­ты өшіру. «Талибан» мен олар­дың қатыгездіктері адам­зат­қа зұлымдықтың ешқашан өл­мей­тінін тағы бір мәрте еске салады.

Албания НАТО-ның барлық елі бірге көтеруге тиіс жүктің өз үлесін мойнына алуға да­йын. Бірақ мені мына сұрақ мазалайды. Егер Альянстың ең ке­дей мүшесі Албания өзіне жүк­­­телген міндетті абыроймен орын­­­дай алса, НАТО-ға мүше бас­­­қа мемлекеттердің қайсы­сы оған қол жеткізе алмайды? Енде­ше, адам­зат алдындағы негізгі мін­­­де­ті­мізді орындамауға себеп бо­­ла­­тын қандай саяси ақталу бар?

Саусақпен көрсететіндер көп, қол көтеру де жеткіліксіз. НАТО құрылғандағы басты прин­цип мынау: бір адамға жасал­ған шабуыл – адамзатқа шабуыл. Сонымен қатар НАТО Ауған­станда қалдырып бара жатқан гуманитарлық қиындықты бар­лығы қабылдауы керек.

 

Эди РАМА,

Албанияның премьер-министрі

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org