Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің өкілдері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс жүргізуде. Бас штаб бастығының орынбасары – тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаевтың айтуынша, қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына және емдеу орындарында жатқан әскери қызметшілерге көмек көрсету мақсатында мобильді топтар құрылып, әлеуметтік, психологиялық және материалдық көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылған. Қаза тапқан әскери қызметшілердің және Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің отбасыларына ерікті қаржылай көмек көрсету үшін қор құрылған. Сондай-ақ Серік Борамбаев Қарулы Күштердің жеке құрамы бір күндік жалақыны қорға аудару туралы шешім қабылдап, Қорғаныс министрлігі балаларды өз қамқорлығына алғанын, бұл жұмыс одан әрі үнемі жүргізілетінін жеткізді. Сонымен қатар Қарулы Күштер кәсіподағының қызметкерлері марқұм Оразбек Дәлібаевтың отбасына қаржылай көмек көрсеткен.
Бүгінде Байзақ ауданында орын алған оқиғаға байланысты құрылған облыстық жедел штабтың да жұмысы жалғасуда. Штаб мүшелері ғылыми-зерттеу қызметкерлерімен бірге аталған ауданға қарасты 3 елді мекендегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды түгелдей зерттеген. Қазіргі таңда жөндеуді қажет ететін 118 жылжымайтын мүлік анықталған. Оның ішінде 106 тұрғын үй болса, 12-сі – коммерциялық нысан.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев анықталған 106 тұрғын үйдің 35-і күрделі жөндеуден өтетінін, қалған 71 үйдің қалпына келтірілетінін айтты. Барлық жұмысқа Үкімет тарапынан бөлінетін қаржы және жергілікті бюджет пен өңірдегі демеушілердің қаражаты жұмсалады. Екі айдың ішінде барлық үй қалпына келтірілетін болады.
«Әлеуметтік нысандарға тоқталсақ, 3 мектепке зақым келген. Әсіресе, қатты зардап шеккені – Жібек Жолы ауылындағы білім ошағы. 118 бала оқитын білім мекемесінің іргесі 1956 жылы қаланған. Ескі мектептің орнына жаңа ғимарат салуға шешім қабылданды. Ауыл халқы санының өсімі ескеріліп, Үкіметке 150 орындық жаңа мектептің құрылысы бойынша ұсыныс жолдаймыз. Салынатын жер белгіленді, құжаттары барынша қысқа уақытта дайындалады. Жеңіл зақымданған Үшбұлақ пен Базарбай ауылдарындағы мектептер демеушілер есебінен қалыпқа келтірілуде. Олар 1 қыркүйекке дейін дайын болады. Дәл сондай бір медициналық пункт те бір апта ішінде толығымен жөнделеді», деді Бердібек Сапарбаев.
Бүгінде өңірдегі темір жолдар, автожолдар қалыпты режімге көшкен. Тұрғындардың барлығы үйлеріне оралған. Ал үйлері күрделі жөндеуден өтетін Қайнар ауылының тұрғындары уақытша баспанамен, азық-түлікпен қамтамасыз етілуде.
Өкінішке қарай, осы күнге дейін Жамбыл облысында орын алған жарылыс салдарынан қаза болғандар саны 15-ке жетті. Түр-түсі тануға келмейтін 3 мәйіттің сынама үлгілері Шымкент қаласындағы зертханада талданып, қорытындысы сейсенбі күні таңертең туыстарына айтылды. Сонымен қатар қазіргі таңда Тараз қалалық орталық ауруханасында 28 науқас ем алуда. Оның ішінде 4 азаматтың жағдайы орташа ауыр. Оларға барлық медициналық көмек көрсетілуде. Дәрі-дәрмекпен, басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етілген.
Жалпы, түрлі деңгейде жарақат алған 98 адамның ішінде қарапайым тұрғындар жоқ. Олардың барлығы да әскерилер мен төтенше жағдай саласының қызметкерлері. Қазіргі таңда өзге де хабарсыз кеткендер іздестірілуде. Жоғалғандарды іздеу жұмыстарына әскерилер, төтенше жағдай департаментінің мамандары, кинологтар, қызметтік иттер мен атты адамдар жұмылдырылған. Арнайы дрон құрылғысының мүмкіндігі де барынша пайдаланылуда. Қазіргі таңда 180 адам мен 40 шақты техника жұмыс атқаруда.
Жамбыл облысы