Мазмұнды іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш, белгілі қаламгерлер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Несіпбек Айтұлы мен Әлібек Асқаров, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Задаш Дүкенбаева, құжаттанушы ғалым Мирболат Жақыпов және архив мамандары қатысты.
Айтулы шара барысында Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова жазушының тұлғалық қасиетін әр қырынан тануда – архив құжаттарының маңызы зор екендігіне тоқтала келіп: «Ақселеу әлемі – қазақ әлемі, ондай тұлға сирек туады. Ардақты азаматтың саналы ғұмыры, мақсат-мүддесі ұлтқа қызмет етумен өтті. Ақселеу Сейдімбек – ұлт руханияты мен мәдениетін дамытуға өлшеусіз үлес қосып, тарихта өшпес ізін қалдырды», деді. Одан кейін сөз алған Несіпбек Айтұлы мен Әлібек Асқаров қабырғалы қаламгер туралы қызықты естеліктерімен бөліссе, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі тұғырлы тұлғаның құнды еңбектері жайында парасатты сөз өрбітті.
Ақселеу ағаның алдағы сексен жылдық мерейтойына арнап оқырманға жол тартқан жинаққа сырбаз суреткердің көзі тірісінде өз қолымен тапсырған қолжазбаларының түпнұсқасы, сирек кездесетін жеке құжаттары топтастырылған. Кітап алты бөлімнен тұрады. Мәселен, бірінші бөлімге, талантты тұлғаның «Жеке құжаттары» жинақталса, екінші бөлімге «Хаттары» берілген. Жалпы, дарабоз азаматтың архивіндегі құжат қорында 1961-2009 жылдар аралығындағы 700-ге жуық хаты жинақталған. Соның ішінен кітапқа Ә.Марғұланға, Ш.Мұртазаға, М.Мағауинге, Т.Сағитовке, И.Тасмағамбетовке және қаламдас достарына жазған хаттары іріктеліп алынған. Ондағы суреткердің сөз шеберлігі мен парасатты ойлары кім-кімді де қызықтырады. Ақселеу ағаны халқымыз тамаша жазушы, көрнекті ғалым деп ғана емес, этнограф ретінде де жақсы біледі. Сондықтан жинақтағы үшінші бөлім – «Этнографиялық жазбалар» деп аталады, қолжазба «Салт-дәстүр көріністері», «Ұғым», «Түсінік», «Ырым», «Ас қамы – адам қамы», «Қазақтың ұлттық ойындарына қатысты», «Төрт түлік», «Табиғат – ана» деп қор иесінің өзі топтап, жіктеуі бойынша енгізілген. Төртінші бөлімге автордың Қ.Сәтбаев, Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан, секілді ардақтылар туралы толғаулары мен қаламдас достары туралы жазған дүниелері енсе, бесінші бөлімге 1959-1969 жылдарда газет-журналда жарияланған түрлі тақырыптағы мақалалары мен көркем шығармаларының қолжазбалары берілген. Ал алтыншы бөлімге замандастары мен жақын достарының сағынышпен жазған естеліктері мен жазушының айшықты фотосуреттері жинақталған.
Сонымен қатар рухани жылылыққа толы кеште Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при жүлдегері Досым Мақсұтов асыл ағаның жеке қорындағы нотаға түсірген күйлерді күмбірлетіп, жас ақын Қабиден Қуанышбайұлы қаламгерге арнаған өлеңін оқыды.