«Замана ағысында ұлт көшбасшысы болған тұлға есімінің университетімізге берілуінің тарихи негізі бар. Бұл сонымен қатар университет құрылтайшылары мен білім алушыларының ел мен Семей қаласы тарихына және ұлттық мүддені ту етіп көтерген Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің тарихи қызметіне көрсеткен құрмет», деді университет ректоры Шынар Құрманбаева.
Әлихан Бөкейханның есімін республика көлеміндегі беделді университетке беру жөніндегі ұсыныстар 2011 жылдардан бастап, жиі айтылып келеді. Әлиханға арналған әртүрлі ғылыми шаралар мен конференциялардың қорытынды қарарларында осы мәселе бірнеше мәрте көтерілген болатын.
Алаш көсемінің туғанына 155 жыл толуына орай Семей қаласында «Әлиханның Семейге оралуы» атты ғылыми конференция өткенін де айта кетейік.