Экология • 02 Қыркүйек, 2021

"Жаңа әлем жүйесі" үшін тартыс

1169 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

 
 
 
 

Адамзат тарихында мемлекет болу процесіндегі ең басты екі мәселе өз маңызын ешқашан жоғалтқан емес. Бұлар – қауіпсіздік және азық-түлік мәселесі. Соның ішінде азық-түлік мәселесі қазіргі терминологиямен айтар болсақ, «азық-түлік қауіпсіздігі» тұрғысынан да адамзат баласының өмір сүру және өмір үшін күресінің ажырамас бір бөлшегі ретінде қабылданады. Бұған уақыт өте келе өнеркәсіп төңкерісі ықпал еткен қарқынды даму нәтижесінде туындаған «энергетикалық қауіпсіздік» мәселесі де қосылды. Бұл тұрғыда ХХ ғасыр мұнай секілді ресурстар мен олар тасымалданатын бағыттарды бақылауда ұстауға ұмтылған күрес алаңына айналды деуге болады.

"Жаңа әлем жүйесі" үшін тартыс

ХХ ғасырды өткеріп, ХХІ ғасырға аяқ басқанда қырғи қабақ соғыстан кейінгі «жаңа әлем жүйесін» құруға ұмтылыстардың негізінде де осы екі мәселенің жатқанын айқын көруге болады. Бұл ресурстар мен бағыттарға би­лік ететін мемлекет немесе мемлекеттер «жаңа әлем жүйесінің» атауын айқындап, сол жер­дегі өз орнын алады. Халықаралық жүйе қазіргі таңда дәл ХІХ ғасырдың соңындағыдай ресурстарды бөлісіп, ба­қы­лауда ұстауға ұмтылған билік күресі мен бейберекет хаос кезеңінің аз-ақ ал­дында тұр. Сондықтан қазіргі ке­зеңді екі соғыс арасындағы өлара кезең деп көр­сетуге тырысқанмен, негізінде бұл жер­дегі басты мәселе «аяқталмай қал­ған есеп айырысу», сондай-ақ «жаңа билік орта­лықтары» мен солар жүргізіп отыр­ған «өзара үлес бөлісу күресі» болып табылады.

Тағы бір маңызды мәселе – бұл ХІХ ға­сырға тән әрі мемлекеттер мен адам­дардың еркінен тыс бой көрсеткен «кли­маттық қауіпсіздік» проблемасы. Бұл проб­лема, әлемдік деңгейдегі билік күре­сінің маңызды бір дәйегі болып қа­на қоймай, сонымен қатар өзгенің ісіне ара­ласушылықтың заңды негізіне айналып келе жатыр. Сондықтан да мемлекеттер­дің алдында «азайған энергия ресурстары», құнарынан айырылған егіс алқаптары­мен қатар, «азық-түлік қауіпсіздігі» және одан да маңызды «тартылып бара жатқан су көздері» проблемасы тұр. Енді бір жа­ғынан бұл «үш проб­леманы» жаңа ди­намикалық «ұлттық билік элементтерін» ескере отырып, дұрыс саясат жүргізе алатын елдер үшін бір мүмкіншілік ретін­де де қарастыруға болады. Бұл тұрғыда Қазақстан – осынау күрделі аймақта «гео­графиялық құрылымы», сондай-ақ шешім табушы «практикалық ақыл-ойы» және «күш­ті көшбасшылық ерік-жігері» арқылы ерек­шеленіп тұратын елдердің бірі. Бұл жолы да кең байтақ қазақ даласын атал­ған аймақ пен бүкіл адамзат келешегіне қа­тыс­ты үлкен жауап­кер­шілік күтіп тұр.

 

Экологиялық апаттың тағы екі түрі: «құрғақшылық» және «су тапшылығы»

Қазақстан мен Орталық Азия аймағы өзіне тән географиялық ерекшеліктері мен климаттық жағдайы арқылы әлемнің өнді­руші орталығы болуға үміткер. Кеңес ке­зе­ңінде жүргізілген солақай саясат бір­­қатар экологиялық проблемаларға се­­беп болса да, нәтижеде аймақтың өз әлеуе­тін арттыру ізденісіне жол ашты. Бұл тұр­ғыда аталған тәжірибеге сүйене отырып дұрыс қадам жасалар болса, аймақ ма­ңызды күш орталығына айнала алады. Бірақ бұл үшін ұжымдық ерік-жігер, өз­ара ықпалдастық аса маңызды. Өйткені аймақ­тағы экологиялық апаттармен бір ғана мемлекеттің жеке күрес жүргізуі мүмкін емес.

Ашық түрде нақты айтар болсақ, Орта­лық Азия елдері үшін құрғақшылық проблемасының ауылы алыс емес. Шы­нында да осы проблемаға байланысты аймақ­та шөлейттену, топырақ эрозиясы дең­гейі артуда, ал шаңды дауылдар ауа­ны лас­тап, лас ауаның кең аймаққа жайы­луына, сондай-ақ су тапшылығына се­беп болуда. Ал бұл өз кезегінде егін және мал шаруа­шылығына үлкен соққы болып отыр.

Орталық Азияда жыл өткен сайын ауа райы ысып келеді. Мәселен, 2021 жылғы маусым айының алғашқы аптасында Ташкентте +42,60 С, Душанбе мен Ашхабадта +450 С ыстық болған. Бұл тұрғыда Қырғызстанға да қауіп төніп келеді. 2021 жылдың наурыз айында елдің электр энергиясы қажеттілігінің 40%-ын қамтамасыз ететін Тоқтағұл су қоймасындағы су көлемі 8,7 миллиард тек­ше метрге төмендеген, ал негізінде 19,5 миллиард текше метр болуы тиіс еді. Дү­ниежүзілік банктің есебі бойынша, Қазақ­станда ауа райы 2090 жылға қа­рай 5,3 дәреже көтеріліп, Азияның өзге елде­рімен салыстырғанда қатты ыси түседі.

Орталық Азиядағы құрғақшылық Қа­зақ­станға жағымсыз әсер етуде. Ақтөбе, Қостанай және Қызылорда секілді кейбір облыстарда құрғақшылық болады деп күтілуде. Қазақстанда жауын-шашынның азаюы салдарынан су деңгейі түсіп, күріш алқаптары азайтылды, ал елдің батыс жә­не оңтүстік өңірлерінде құрғақшылық болып, жүздеген мал қырылды. Сондай-ақ ел­дегі азық-түлік және көкөніс бағалары ша­рықтап кетті. Арал теңізінің жағдайы да бар­ған сайын нашарлап, аймақтағы эко­ло­гиялық проблемаларға климат­тық өзге­рістер де барынша жағымсыз әсер етуде. Сон­дықтан да жеке алғанда Қазақстан, ал жал­пы алғанда бүкіл Ор­талық Азия ел­дері үшін жаңа аграрлық 

саясат қажет. Аймақ­тың әлеуметтік-экономикалық құрылымы мен одан туындауы мүмкін бірқатар саяси факторлар да осыны талап етеді.

 

Жаңа аграрлық саясат

Қазақстан халқының үштен бірі­нен астамы ауыл шаруашылығына тә­уел­ді. Егістік алқаптардың шамамен 75%-ы жайылымдық жер ретінде қолда­ны­ла­ды. 2019 жылдың мәліметтері бо­йынша ауыл шаруашылығы сала­сы ел эко­номи­касының 4,5%-ын құрайды. Алай­да ха­лықтың 45%-ы ауылдық жерлерде тұ­рады және 30%-ы ауыл шаруашылығы ар­қы­лы күнелтіп отыр. Өнім экспорт­таушы ел болуына қарамастан (әсіресе, бидай маңызды экспорттық өнім болып табылады. Қазақстан 70-тен астам елге өнім экспорттайтын әрі әлемдегі астық экспорт­таушы ең ірі он елдің бірі), импорттық азық-түлік өнімдеріне сұраныстың арта түсуі 2004 жылдан бастап Қазақстанды ауыл шаруашылығы өнімдерін импорт­таушы елге айналдырды.

Қазақстан 2021 жылы ауыл шаруа­шы­лығы саласында импортты алмастыру­ға бағытталған саясат жүргізе бастады. Атап айтқанда, өндірісті субсидия­лау тиім­ді жүргізіліп, фермерлерге несие бе­ру жұмыстары ашық, жария түр­де жү­зеге асырылды. Сонымен қа­тар ауыл ша­руашылығы өндірісін қол­дау мақсатында кейбір құрылымдық өзге­рістер енгізілді. Ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру және өндірістің заманауи әдіс-тәсілдерін дамыту мақсатында машиналар мен жабдықтарды жаңартуға, жаңа ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын құруға және импортты алмастыру арқылы экспорт көлемін арттыруға басты көңіл бө­лінді. Атап айтқанда, аграрлық секторды модернизациялау, әлемдік стандарттарға сай сапалы өнім өсіру және топырақты өнім өндіруге қолайлы ету көзделіп отыр.

 

Суарылмайтын органикалық егіншілік орталығы

Аталған проблемаларға орай, әлемге егін және мал шаруашылығы мәселесінде жаңа орталықтар қажет екені айқын. Климаттық дағдарыс та бой көрсетіп жат­қан осындай күрделі кезеңде Қазақ­стан мен Орталық Азия елдері әлемнің маңызды азық-түлік орталығына айна­ла ала­ды. Аймақтың климаттық ерек­ше­лік­тері де, географиялық құрылымы да Орта­лық Азия елдеріне осындай мүм­кін­дік береді. Атап айтқанда, Қазақ­стан­ның да­ла­лық аймақтарында жүр­гі­зілетін зерт­теу жұмыстары нәти­жесінде аталған аймақ­ты «суарылмайтын егіншілік» әді­сі ар­қылы әлемнің органикалық егін­ші­лік орта­­лықтарының біріне айнал­ды­ру­­ға болады. Сонымен қатар ел ішін­де ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің артуы экономикалық тұрғыда қазақ хал­қының әл-ауқатының артып, өмір сүру деңгейінің жоғарылауына сеп болады, сондай-ақ елдің азық-түлік қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді.

Қазақстан ауылшаруашылық өн­дірі­сі арқылы аймақтағы елдердің азық-тү­лік қауіпсіздігі мәселесінде ба­сым­дық­қа ие болып, тату көршілік негіз­де ор­нат­қан байланыстары арқылы ма­ңыз­ды ойыншыға айналады. Бүгінгі таң­да азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіп­сіздік­пен тығыз байланысты мә­селе болып отыр. Осы орайда Қазақстан бас­қа ел­дер­дің ұлттық қауіпсіздігіне де өз үле­­сін қоса алады. Қазақстанның мұндай сая­­сат­ты жүзеге асыруы аймақтың бола­шақ тағ­­дырына әсер етіп қана қой­май, аймақ­тағы ынтымақтастықты да тереңдете түседі.

 

Жаңғырмалы энергия көздері

Ауыл шаруашылығы, экология және энергетика секторлары негізінен алған­да бір-бірінен оқшау, өзара байланыссыз салалар емес. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экологиялық таза ортада өсіруге болады. Ал қайта жаңартылатын энергия көздері қоршаған ортаның тазалығы үшін ең маңызды факторлардың бірі. Сондықтан бұл жүйе адам денсаулығы мен қоғам үшін аса маңызды. Оның үстіне органикалық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс та күннен күнге артып келеді.

Көріп отырғанымыздай, алдағы онжыл­дықтарда ресурстар үшін бола­тын соғыстың негізгі бағыты қазба отын түр­лерінен азық-түлікке, құнарлы топырақ пен таза су көздеріне қарай ойысады. Әсіресе, халық санының артуы азық-тү­лік пен суға деген сұранысты арттыра түседі. Орталық Азияда органикалық ауыл шаруашылығы өнімдері мен мал азы­ғы өндірісінің артуы азық-түлік баға­сының төмендеуіне себеп болады. 2015 жылғы мәліметтер бойынша, Орталық Азия аймағында 70 миллион адам өмір сүрсе, ал 2050 жылы аймақтағы халық саны 100 миллионға жетеді.

Бұл жағдайда мұнай және газ құбыры же­лілерімен қатар, сауда жолдарының да маңызы арта түседі. Тіпті қазіргі таңда «Бір белдеу – бір жол» жобасы төңі­регіндегі билік үшін күрес те аймақты қандай болашақ күтіп тұрғаны жөнінде біраз нәрсені аңғартады. Бұл жоба аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауда инфрақұрылымдық инвес­тицияларға баса көңіл бөлінеді. Әсіресе, органикалық өнімдерді сақтау, жедел жеткізу және тасымалдау кезеңінде қолданылатын көлік құралдары бола­шақта үлкен маңызға ие болады. Бұл жайт жаңа салалардың пайда болуына сеп болып, жаңа инвестицияларға жол ашады.

 

Нұр-Сұлтанның мақсаты: таза энергия – жасыл технологиялар

Аймақтағы елдердің, әсіресе Қазақ­стан­ның жаңартылатын энергия көз­дері саласындағы әлеуеті маңызды артықшы­лықтарының бірі. Қазақстанның ұшы-қиырсыз кең даласына күн батареялары мен жел энергиясы қондырғылары орнатылар болса, әлемде артып келе жатқан энергия сұранысының едәуір бөлігін та­биғатқа зиян келтірмей қамтамасыз етуге болады. Сонымен қатар Қазақстан­ның Орталық Азиядағы жаңартылатын энер­гетика секторында жетекші рөл ойнай­тыны да анық. Қазақстан көп уақыт­тан бері қазба отыннан энергия өндіру саласын қоршаған ортаны ластамай­тын таза деңгейге көшіруге бағытталған жұмыстар атқарып келеді. 2020 жылы энергия өнді­рісінде 3% жаңартылатын энергия көз­дерін пайдалану межесіне қол жеткізді. Бұл көр­сеткішті 2030 жылы 15%-ға, 2050 жы­лы 50%-ға жеткізуді көз­деп отыр. Осы­лайша қоршаған ортаны ластамайтын таза энер­гиясы, суарылмайтын егіншілік са­ласы арқылы жасыл экономикаға қол жет­кізеді. Сонымен қа­тар Қазақстан жа­ңар­тылатын энергия көз­дерін ішкі тұ­тыну үшін пайдаланып, ал жер асты қаз­ба­ларын экспорттап, өз экономикасына қо­сымша та­быс түсіретін болады әрі ауаның лас­тану деңгейін азай­тады. Қазақстан жаңартылатын таза энер­гия көздеріне инвестиция салу ар­қылы қазба отын қорлары түгесілген кезде энергетика саласында жетекші ойын­шылардың біріне айналады.

Қазба отындар мәселесінде ескері­ле­тін тағы бір жайт – осы салада қолданы­ла­тын технологиялар. Бұл технология­лар уақыт өте келе ескіріп, елді шет ел­дерге тәуелді етуде. Сонымен қатар ескір­ген көмір электр стансалары мен басқа да энер­гия өндіру орталықтарының қор­шаған ортаға тигізетін зияны артып, тіпті бақылаудан шығып кетті. Ал бұл жайт Орталық Азия елдерінде түрлі аурулар мен мезгілсіз өлім оқиғаларына себеп болуда. Денсаулыққа қатысты проблемалардың көбеюі – медицина саласында басқа елдерге тәуелді болу деген сөз. Бұл сондай-ақ ел экономикасына қосымша ауыртпалық салып, өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеліп соғады. Дені сау адам – дені сау қоғамның іргетасы дейтін болсақ, таза органикалық азық-түлік пен жаңартылатын энергия көздерінің маңызы барған сайын арта түсері анық. Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев пен Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың таза энергия мен жасыл технологияларды құптап, қолдау көрсетуі де ерекше маңызды.

 

Орталық Азиядағы агроэнергетикалық одақ

Қазақстан мен Орталық Азия елде­рінің таза экология мен органикалық ауыл шаруашылығына қол жеткізу, сон­дай-ақ климаттық дағдарыстың алдын алу жолындағы күресі аймақ елдері бірлесе отырып, ортақ саясат жүргізгенде ғана жүзеге аспақ. Нұр-Сұлтан органика­лық егіншілік пен жаңартылатын энергия көздері мәселесінде айтарлықтай артықшылыққа ие. Ал аймақ елдері арасындағы өзара ынтымақтастық Орта­лық Азияның маңызын арттырып, Азия құрлығының дамып-өркендеген кезеңінде ауыл шаруашылығы мен энергетиканың маңызды орталығына айналуы мүмкін. Нұр-Сұлтан қаласы органикалық егін шаруашылығы мен жаңартылатын энергетика саласындағы жетістіктері арқы­лы аталған секторларды Орталық Азия айма­ғының ортақ құндылығына айнал­дыра алады. Әрине, мұның жүзеге асуы үшін мықты ерік-жігер қажет. Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың даналығы мен Мемл­е­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесін ескерер болсақ, мұның негізі қаланды деуге әб­ден болады. 

Сол секілді Қырғызстан пре­зиденті Садыр Жапаров, «Жаңа Өз­бекстан қозғалысының» көшбасшы­сы, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстанның тәжірибелі пре­зиденті Эмомали Рахмон және Тү­рікменстан президенті Гурбангулы Бер­дімұхаме­дов өзара мүдделер мен тату көршілік байланыстар аясында бұл бағыттағы бастамаларды қолдайды деп жорамалдауға негіз бар.

Жалпы алғанда Орталық Азия елде­рінің өзара ынтымақтастық құ­ру мәсе­лесінде ортақ ұстанымда еке­ні байқала­ды. Сондай-ақ осы ынты­мақтастықты неғұр­лым институционалды құрылым­ға айналдыру әрекеттері жалғасуда. Бұл тұрғыда Қазақстан жаңартылатын энергия көздері, құрғақшылықпен күрес, экологиялық проблемаларды шешу және ауыл шаруашылығы бағыттарындағы бастамалары арқылы жетекші ойыншы бола алады. Ол үшін аймақ елдері өзара құқықтық келісімге келуі тиіс. Әсі­ресе, жоғарыда аталған мәселелерде ин­вестициялар тарту айрықша ма­ңызды. Егер аймақ мемлекеттері осы мәсе­лелерде өзара ынтымақтастықты күшейтпейтін болса, онда арадағы қа­рым-қатынастардың бұзылуы әбден мүмкін. Су деңгейінің төмендеуі, құр­ғақ­шылықтың артуы, топырақтың құ­нар­сыздануы, ауаның ластануы мен азық-түлік дағдарысы аймақтағы елдер арасындағы ынтымақтастыққа нұқ­сан келтіріп, бәсекелестікке себеп болады. Аймақ елдері ынтымақтастыққа қол жеткізбеген жағдайда аталған мем­лекеттердің нағыз мүмкіндіктері ашылмай қалып, әлеуеті арта алмайды. Ал бұл өз кезегінде өркендеп келе жатқан Орта­лық Азияны тоқыратып, аймақтағы елдердің сыртқа тәуелділігін арттырады.

Ұлы дала: дағдарысты мүмкіншілікке айналдыру

Қазақстан суарылмайтын органикалық ауыл шаруашылығы мен жаңартылатын энергия көздерінің өндірістік орталығына айналар болса, оның Азия құрлығындағы геосаяси және геоэкономикалық маңызы да арта түспек. Әсіресе Азия құрлығында халық санының көбеюі Қазақстандағы жердің бағасын да арттыра түседі. Бұл аймақта жүзеге асатын өндірістер тек Қазақстанды ғана емес, жалпы Орталық Азияны да маңызды бір орталыққа айналдырады.

Орталық Азияның айналасындағы елдермен қарым-қатынастары аймақты азық-түлік пен энергетика орталығына айналдыруы әбден мүмкін. Бұл тұрғыда болашақта жаңартылатын энергияны тарату үшін салынатын желілер мен өн­дірілген органикалық өнімдерді экспорт­тайтын сауда жолдарының бас­ты торабы болу жолында Қазақстанның жүзеге асырып жатқан табысты жобалары аймақтың келешегі тұрғысынан да үлкен маңызға ие. Осының арқасында жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын ел өзінің нақты өндірістік әлеуетін геосаяси маңыздылығымен де ұштастыра отырып, Орталық Азияның геоэкономикалық тұрғыдан өзіне лайық деңгейге жетуінде тарихи рөл ойнайтын болады.

Ойымызды қорытындылар болсақ, әлемде азық-түлік, сондай-ақ климаттық және энергетикалық дағдарыстар белең алып келеді. Орталық Азия елдері де осы қауіппен бетпе-бет тұр. Ал енді бір жағынан алғанда, бұл дағдарысты Орталық Азия мемлекеттерін ортақ мүд­делерде жақындастыратын мүмкіндікке айналдыруға болады. Сондықтан аймақ­тағы елдердің қазір басты назарда ұстап тұрған ынтымақтастығын суарылмайтын органикалық егіншілік, экологиялық проблемалар және жаңартылатын энергия көздерін де қамтитындай деңгейде кеңейте түсу керек. Аймақтың барлық әлеуеті тек бір жерге топтастырылып, ақылмен, ерік-жігермен басқарылған жағдайда ғана үлкен күш-қуатқа айнала алады. Олай болмаған жағдайда, аймақта тапшылық пен шөлейттену деңгейінің артуы, әсіресе су проблемасы аймақтың тағдырын мүлде басқа арнаға ойыстыруы мүмкін. Ал негізінде жоғарыда да айтып өткеніміздей, халық саны артқан сайын айқын сезіле бастайтын азық-түлік тапшылығы ХХІ ғасырда Орталық Азияны маңызды өн­діріс орталығына айналдыра алады. Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түр­ікменстанмен ор­на­тылған мығым бай­ланыстар арқы­лы «Орта­лық Азия агро­энергетика­лық ода­ғының» негізін қа­лауға болады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық тә­жі­рибесінің арқасында Қазақстан бұл мә­селеде де жетекші рөл ойнары сөзсіз. Аймақтың «Ұлы Дала рухы» да осыны талап етеді.

 

Мехмет Сейфеттин ЭРОЛ,

профессор,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін