Президент инфляцияны 4-6 пайыз деңгейіне қайтару керек деген тапсырма берді. Шығандап кеткен баға өсімінің беті қайта қоя ма? Тап қазір жылдық инфляция тамыздың қорытындысы бойынша 8,7 пайыз болып тұр. Шілдемен салыстырғанда азық-түлік тауарының бағасы – 0,1, азық-түлік емес тауарлар – 0,6, ал ақылы қызметтер 0,8 пайызға қымбаттаған.
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, Ұлттық банкте инфляцияны тежейтін құралдар жоқтың қасы. Сондықтан қайткен күнде де Үкіметпен тізе қосып қимылдауы керек.
– Үкіметте өндірісті дамыту, өңірлік кәсіпорындарды республикалық деңгейге дейін көтеру және өңірлер арасында логистиканы дамыту сияқты ұзақ мерзімді құралдар бар. Инфляция – аса күрделі, көп компонентті құбылыс және оны күштеп жеңу қиын. Бұл жаман әдеттен туындайтын жүйелік ауру. Сол себепті инфляцияға себеп болатын жағдайларды жою – ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан түйін. Инфляция көптеген компоненттен тұрады, сондықтан мемлекет оның деңгейін төмендетуді азық-түлік инфляциясынан бастайтын шығар. Үкімет тым құрығанда азық-түлік бағасын бақылап отыру үшін астық өндірісін дамытуы тиіс, – дейді қаржыгер.
EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарев Президент тапсырмасы егер әлемдік ахуал өз кіндігінен ауытқып кетпесе, бәлкім келер жылдың ортасында орындалады деген ой айтады.
– Инфляцияның қазіргі деңгейі 8,7 пайыз болып отыр. Ал базалық ставка – 9,25 пайыз. Яғни айырмасы 1 пайыздан аз. Осыған байланысты Ұлттық банк алдағы уақытта базалық ставканы көтеруі мүмкін. Әрине, жыл соңына дейін инфляция дәлізін 4-6 пайыз деңгейіне оралту қиын. Егер әлемде жаңадан ештеңе пайда болмаса, онда бұл межеге келер жылдың ортасында жетуіміз мүмкін, – деді А.Чеботарев.
Әлемдік инфляцияның ерекше қарқынмен өсіп жатқанын ескерер болсақ, тіпті біздің жағдайымызды тәуір деп бағалауға болады.
– Ресей дағдарысқа 2 пайыздан сәл жоғары инфляция деңгейімен кірді, қазіргі деңгейі – 6,68, АҚШ 2 пайыздан төмен болып кірді, қазіргісі 6 пайыздан асады, біз инфляцияның шамамен 6 пайыз шекарасында кіріп, қазір 8 пайыздан асырып отырмыз. Иә, біз тырысамыз, күресеміз, бірақ біз де әлемдік экономиканың бір бөлігі екенімізді ұмытпауымыз керек, – деді ол.
Tengenomika каналының жазуынша, елдегі инфляцияның өсуіне карантин шектеулеріне байланысты халықаралық жеткізу қызметінің бұзылуы, әлемнің ірі экономикаларындағы үлкен сұранысқа байланысты шикізат пен азық-түліктің күрт қымбаттауы сияқты сыртқы факторлар әсер етіп отыр. Тиісінше, әсер етуші ішкі факторлар да бар, бұл – бюджет шығыстарының теңгерімсіз өсуі, импорттың қымбаттауы кесірінен өндіруші шығындарының көбеюі және халықтың инфляциялық күтулерінің артуы.
Жолдауда Мемлекет басшысы елдегі минималды жалақы мөлшері 42 500-ден 60 мың теңгеге артатынын айтты. Бұл көпшілікке жағымды жаңалық болғанымен, баға өсімі тұрғысынан аса пайдалы бола қоймауы ықтимал.
– Кірістің тең жағдайда артуы инфляцияның өсуіне жол ашады. Сондықтан мұны инфляция деңгейін түсіруге кедергі болатын фактор десек те болады. Бағаны тежеуге келер болсақ, әлемде ешкім бағаның алдына кесе-көлденең тұра алмайды, біздің де тұра қоюымыз екіталай. Мамыр мен маусымда өсімді сәл де болса тоқтатқандай болдық. Бірақ кейін қайтадан ырықтан шығып кетті. Біздің экономика импортқа тәуелді. Азық-түліктің басым бөлігі шеттен әкелінеді, тиісінше баға да өндірушілер мен жеткізушілерге байланысты қымбат бола түседі, – дейді А.Чеботарев.
Әрине, дәл осы жерде азық-түлікті сақтау мәселесі алға шығады. Бұл енді өте әлсіз тұсымыз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, ел аумағында көкөніс сақтау қоймаларының тапшылығы 70 пайыз шамасында, кей өңірлерде бұл теріс көрсеткіш 90 пайызға таяйды. Сақтайтын орынның жоқтығы өнім шығынына соқтырады. Содан нарықта қатты тапшылық орнап, баға аспандап шыға келеді. Осы күрмеулі мәселе де Президент назарынан тыс қалған жоқ.
«Мен бұған дейін көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет орындалып жатыр. Осы орталықтардың шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде, жеке қосалқы шаруашылықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл нарықтың монополиялануына жол беруге болмайды», деді Президент.
Сауда министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, қазір 7 көтерме-тарату орталығы бойынша келісімшарт жасалып, жұмыс басталған. Ведомство инвесторлармен 2022 жылғы егінге үлгеруге тырысып бағады.
– Біз барлық қажеттілікті жаппаймыз. 24 көтерме-тарату орталығының 15-і – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру орындарында ашылатын агрологиялық орталықтар, олар да барлық қажеттілікті өтей алмайды. Біз зәкір жүйесін жасаймыз. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында тапсырғанындай, бизнес осындай көкөніс қоймаларын құру бойынша белсенді жұмыс істеуі үшін жұмыс жүргізіледі. Олардың барлығы зәкірлі жоба айналасында бірыңғай жүйеге құрылады, – деді министр.
EXANTE сарапшысы да Үкімет дәл осылай әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге көңіл аударуы керек деп санайды.
«Әлемде кеңінен қалыптасқан тәсіл бойынша мұндай тауар өндірушілерге субсидия, арнайы несие беріп, тұрақтандыру қорларын дұрыс пайдалануы керек. Мұндай қордың жалпы моделі тиімді болғанымен, қорды басқару механизмі тиімсіз болып отыр. Соған баса назар аударған жөн. Меніңше, импортқа тәуелділіктен арылып, азық-түлікті өзіміз өндіретін күнге жеткенше, жан-жақты дамыған логистикалық транспорттық жүйе құрып, азық-түлікті сақтай алатын қоймалар жұмысын толық жолға қойғанша осы іспетті шараларды жалғастыру керек», дейді сарапшы.
Қазір әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының тізімі 19 өнімнен тұрады: ұн, нан, кеспе, жұмыртқа, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс және өсімдік майы, еттің кейбір түрі (сиыр, тауық еті), сүт өнімдері (сүт, айран, сүзбе), көкөніс (картоп, сәбіз, пияз, орамжапырақ) және тұз. Басқасын былай қойып, тек осы тауарлар бойынша бағаны түсірудің өзі үлкен жетістік болмақ. Қаржыгер Жалғасбек Ақболат мемлекеттің бағаны бақылауын «нарыққа араласу» деп бағалауға болмайтынын жеткізді.
– Ұлттық банк 2025 жылы инфляцияны 4 пайыздан төмендетеміз деген үлкен мақсат қойып отыр. Бірақ оған бір өзінің шамасы жетпейді, Үкімет қатысуы керек. Үкімет өнім өндіру, тауар айналымын реттеу бойынша жұмыс істейді. Бұл жерде мемлекет экономикаға араласып отырған жоқ, тек өзінің бақылаушылық функциясын орындайды. Нарықтағы сұраныс пен ұсыныс заңы жұмыс істейді. Бірақ Үкімет осы сұраныс пен ұсыныс арасында болып жататын әділетсіздікті әшкерелеуі тиіс. Мәселен, былтыр дәрі бағасы қымбаттап кеткен кезде Үкімет араласты. Бізде әлеуметтік маңызды тауар саны – 19. Себетке кіретін осыншама тауар бағасы ұшқан кезде Үкіметтің оған араласуы, бақылауға алуы маңызды және қажетті, – дейді Ж.Ақболат.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Президент айтқан 4-6 пайызға оралу үшін барын салатынын айтқан екен. Ол биыл 8 айдың қорытындысы бойынша жекелеген нарықтардағы тұрақты теңгерімсіздік нәтижесінде азық-түлік инфляциясының өсуі 11,4 пайызды құрағанын, бұған жаздағы картоп пен сәбіз бағасының айрықша өсімі негізгі үлес қосқанын айтуды да ұмытпады.
«Үкімет пен әкімдердің негізгі күш-жігерін тауар өндірісінің, экспорт пен импорт балансын ескере отырып, ішкі нарықты жан-жақты толықтыруға жұмсау керек», дейді.
Жаһандағы небір өнертабысты кедейшілік тудырған деген тәмсіл бар. Сол сияқты инфляциядан аяусыз зардап шеккен Қазақстан сонымен күресемін деп жүріп мықты инфрақұрылым, мінсіз логистика құрып, импорт тәуелділігінен арыла алса игі еді. Әйтпесе, біздің шенділердің ондай «ұсақ-түйекке» мойын бұрар ниеті байқалмайды...