Онлайн сауда биыл да қарқынды жалғасады. Індет жойылды деген күннің өзінде жаңашыл сауда бағытының мәңгілікке қаларына күмәнданбаймыз. Осы орайда отандық дүкен, компания, супермаркеттердің пандемия жағдайында жұмысты қалай өрістетіп жатқаны маңызды болып тұр. Мақаланы келесідей ретпен ұсыну өзімізге де қолайлы, оқырманға да оңтайлы
болар:
- Пандемия басталғалы экономикалық ахуал қалай өзгерді?
- Қатаң шектеулерге дайын ба?
- Онлайн-сөре қаншалықты бай?
- Нарықтағы бәсекелестік деңгейі қандай?
Пандемия басталғалы экономикалық
ахуал қалай өзгерді?
Тамақ жеткізумен айналысатын Chocofood сервисі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ай сайынғы табыс өсімі 20 пайызды құрайды.
«2020 жылы көктемгі локдаун салдарынан өсімді болжау өте қиын соқты. Бірақ қазір тұрақты жоспарланған табыстарға қол жеткізіп жатырмыз. Жұмысшылар мен курьерлерге жалақы төлеу тұрғысынан қиындық жоқ. Ал байланыс пен логистика шығындары компанияның кеңеюімен қатар өсіп келеді. Айлық тапсырыс өсімі – 19-25 пайыз аралығында. Карантин шектеулері кезінде тапсырыстың көбейгені рас. Дегенмен қазір де өзіміздің жоспарлы цифрларымызға жақындап келеміз», дейді сервис өкілі.
Magnum компаниясының коммерциялық директоры Александр Муравьевтің айтуынша, компаниядағы электронды коммерцияның үлесі айтарлықтай көп емес.
«Былтыр 70 филиалымыз болса, биыл олардың саны 100-ге жетті. Қаржы айналымы да еселеп артты. Алайда пандемияға байланысты азаматтардың табысы және сатып алу қабілеті төмендеді, бұл біздің компания табысының да төмендеуіне алып келді. Пандемия кезінде сатылым күрт төмендеді. Айналым әлі күнге қалпына келу процесін өткеруде. Онлайн сауда бағытын 2019 жылдан бастап шындап қолға алдық. Ол кезде небәрі 20-30 пайыз қазақстандық қана тамақ өнімдерін онлайн сатып алуға дайын еді, қазір көрсеткіш 60-70 пайызға дейін жетті», дейді.
Оның айтуынша, еңбекақы және курьерлерге (жанар-жағармай) өтемақы төлеу орташа 30 пайызға дейін өскен.
«Тапсырыс көлемі бір жылда 10 есе өсім көрсетті. Орташа чек 10 пайызға артты. Онлайн тапсырыстарға арналған Magnum Go онлайн қосымшасын шығардық. Оны қазір бірнеше ірі қаланың тұрғындары қолданып отыр. Іске қосылған кезден бастап онлайн сатылым өсімі 1000 пайыздан асып кетті. Қазір Magnum – Қазақстанның электронды коммерция нарығындағы лидер компаниялардың біріне айналды. Біздің барлық бөлшек сауда желілеріндегі жалпы тауар айналымына қатысты онлайн-сатылым ай сайын шамамен 0,5 пайызға өсуде. Компанияның жыл сайынғы айналымы 300 млрд теңгеден асатынын ескерсек, бұл маңызды цифр. Компанияның ел бойынша онлайн сататын тауар саны – 15 пен 17 мың аралығында», дейді ол.
Бауыржан Жампейісов басшылық ететін Dyken.kz онлайн-маркеті 2018 жылдан бастап жұмыс істейді. Жұмыс бағыты негізінен тамақ өнімдері мен тұрмыстық химияға арналған.
«2020 жылдың басында төтенше жағдай жарияланған кезде облыс әкімінің қолдауымен зейнеткерлер мен мүгедектерге өнімдер жеткізіп берумен айналыстық. Nur Otan партиясымен біріге отырып 70-тен астам ерікті тартылды және өнімдерді сатып алушыларға дейін жеткізіп берумен айналысатын 10-нан астам пункт (дүкен-супермаркеттер) жұмыс істеді. Көптеген бизнес пандемия салдарынан шығынға батты. Ал біз пандемияны пайдаланып танылып үлгердік, табысымыз 40 пайызға дейін өсті», дейді Бауыржан.
Дегенмен соған сай шығын да артқан. Бауыржанның айтуынша, маркетингтік шығындардың көбеюі, бензин бағасының қымбаттауы жалпы шығынның 15-20 пайызға өсуіне алып келген. Шамамен күніне түсетін табыс 30-дан кем емес көрінеді. Бір қуантарлығы – онлайн сатып алушылар да, онлайн қызмет ұсынушылар да күн санап өсіп келеді дейді.
«2019 жылға дейін азық-түлік тауарларымызды қоймадан алып сатып келдік. Осыдан кейін дүкен және супермаркеттермен жұмыс істеуге көштік және қоғамдық тамақтандыру орындарынан серіктестікке өтініштер түсе бастады. Қазір өз алаңқайымызға серіктестер тартуды жалғастырып жатырмыз, тек қана дайын тамақ және тамақ өнімдерімен шектеліп қалғымыз келмейді. Алда қатаң шектеулер басталса клиенттеріміздің алдында жақсы дүкендер мен мейрамханалар тұрғысынан таңдау болуы үшін бар күшімізді саламыз. Қашықтан жұмыс істеу арқылы онлайн форматтың қыр-сырын меңгере түстік және толықтай онлайн қызмет көрсетуге ауыстық», дейді Dyken.kz жетекшісі.
«Астықжан» интернет-дүкені ай сайын 2-3 мың онлайн тапсырыс қабылдайды екен. Пандемия кезінде тапсырыс саны 2-3 есе өсіпті.
«Онлайн саудадан түскен табысымыз 30 пайызға көбейді. Байланыс пен логистикаға кеткен шығын 15-20 пайызға артты. Жарнамаға да біраз қаржы жұмсалды. Маркетинг, іздеу жүйесі, әлеуметтік желіге қатысты жұмыстарды дамыта түсу үшін бюджеттен біраз қаржы бөлінді. Пандемия басталған кезде курьерлер штатын көбейттік. Сөйтіп, жұмысшы тапшылығының алдын алдық», дейді «Астықжан» интернет-дүкені маркетинг бөлімінің меңгерушісі Әлібек Рысбаев.
Қатаң шектеу – онлайн сауданың тынысын ашады
«Адамдарда сенім пайда болды, олар қазір онлайн төлем жасаудың қауіпсіз екенін түсінді», дейді Chocofood өкілі.
«Біз мейлінше мейрамхана бизнесіне көмектесуге тырысамыз, біздің қосымшамен интеграциялауға көмектесеміз, комиссияларды коррекциялаймыз, логистика және жеткізу бойынша мәселелерді өзіміз шешеміз, мейрамханаларды алға жылжыту үшін түрлі акция мен жеңілдіктер ұйымдастырамыз. Иә, карантин шектеулерінің күшеюі біз сияқты агрегатор үшін тамаша мүмкіндік, бірақ мейрамханалар туралы ұмытуға болмайды. Дәл қазіргі міндетіміз – пандемия жағдайында өсу ғана емес, осындай қиын-қыстау кезеңде серіктестерді де қолдай алу болып тұр», делінген Chocofood баспасөз қызметінің жауабында.
Сервисті жақсарту бойынша үздіксіз жұмыс істеудеміз дейді Александр Муравьев. Компания өздерінің Magnum Go жобасын ең бір перспективті бағыт ретінде сипаттап отыр.
«Карантин кезінде тұтынушылардың табысы қысқарды, сатып алу жиілігі төмендеді, сол кезде орташа чек айтарлықтай өсті. Яғни адамдар әдеттегідей офлайн дүкенге тұрақты түрде жиі келе алмай, сауданы онлайн жасауға мәжбүр болды. Тұтынушылық себеттің де құрамы өзгерді. Мәселен, жеке өндіріс өнімдеріне (дайын тамақтар, салат, т.б.) деген сұраныс жоғары болмады. Өйткені көптеген клиенттер тамақты үйден дайындап ішуге көшті.
Азаматтар табысының өзгеруі компания табысының да төмендеуіне әкеліп соқты. Сондай-ақ бізде тауарларды қаптау, қызметкерлерді жеке қорғаныс құралдарымен қамту, оларға локдаун кезінде көмек көрсету бойынша қосымша шығындар туындады. Бұл факторлар шығындарды қайта қарауға мәжбүр етеді. Шығындарды оңтайландырудың бірден бір жолы – өнімділікті арттыру. Қазір басқарушылар бизнес-процестерді автоматтандыруды қолға алып жатыр. Соған орай қаржының басым бөлігі цифрлы трансформацияға, инновациялық өнімдерді енгізуге жұмсалуда» деді.
Бұл ретте Муравьев онлайн-сатылым, экспресс-жеткізу сияқты цифрлы сервистерді дамытудың
үлкен әлеуетін көретінін жасырмайды. Өйткені карантиннің қылышынан қан тамғанда клиент біткен «үй жанындағы дүкенге» барумен шектелген. Осындай кезде мол аудиториясынан ажырап қалмас үшін Magnum инвестициялық жоспарын қайта қарап, қаржының басым бөлігін e-commerce-ке жұмсауға тәуекел еткен.
«Астықжан» өкілі Әлібек Рысбаев кадрлық резерв бар, сондықтан кез келген уақытта адам санын арттыра аламыз деді.
«Қатаң шектеу кезінде тапсырыс күрт көбейсе, оны да орындауға даярмыз. 25 мыңдай тауар сатамыз. Ассортиментті жүйелі түрде жаңартып тұруға тырысамыз. Оның тең жартысы отандық өнімдер. Негізгі жұмысымыз офлайн дүкенімізбен байланысты болғандықтан, оған бөлінетін назар да жоғары. Офлайн дүкеніміздің жұмысы былтырғы локдаун кезінде де тоқтаған жоқ. Күзде онлайн сауда үлесі тағы да өсе ме деп отырмыз. Күн суығандықтан адамдар үйде отырып тапсырыс бергенді жөн санайды», деп жорамалдайды Ә.Рысбаев.
Онлайн-сөре
қаншалықты бай?
Қазір Magnum ассортиментінде 35 мыңға жуық атаулы өнім бар. Пандемия кезінде ассортиментті қалыптастыру тәсілдерін қайта қарастырдық дейді компания өкілі. Және оны былай тарқатады:
«Біріншіден, сатып алушы таңдауына сәйкес эконом сегменттегі тауарлар қатарын кеңейттік; Екіншіден, пайдалы өнімдерді және эко, био тауарлар сегментін дамытудамыз; Үшіншіден, жергілікті өндірушілерді көбейттік: мысалы, клиент дүкеннің бір бөлігінде фермерлік өнімдер ассортиментін (сыр, сүт өнімдері) тұтына алады; Төртіншіден, әлеуметтік маңызды тауарларға көңіл бөлеміз, Бесіншіден, өнім сапасымен жұмыс істейміз: пандемияға дейін біз серіктестерімізбен сервистерді жетілдіруге кіріскен едік» дейді. Айтуынша, тұрғындар көп жағдайда көкөніс пен жеміс-жидек, сусын, бакалеяға (макарон өнімдері, қант, шай, кофе, т.б.) тапсырыс береді екен.
Chocofood ассортиментіндегі өнім саны 10 мыңнан асады, орташа чек 3700-4800 теңгені құрайды.
«Ассортиментті байыту ісі тоқтаусыз жалғаса береді. Клиенттеріміздің өмірін жеңілдетіп, олардың қалауын тауып беру үшін жұмыстар істеп жатырмыз. Балаларға арналған дайын тамақтарды бұрыннан сатып келеміз. Бұл – жұмыста жүрген әйел азаматтарға тиімді – тамақ істеуге уақыт жұмсамайды. Сондай-ақ тұтынушылар экологиялық таза тағамдарға көбірек тапсырыс берсе екен дейміз. Мақсатымыз – клиенттеріміз үшін барынша кең көлемді, дәмді және әр алуан тамақтар тізбегін ұсыну. Олар күн сайын денсаулыққа залалы жоқ тамақтардан нәр алуы тиіс» делінген баспасөз қызметінің жауабында.
Бізге ұсынған дерекке сүйенсек, Chocofood клиенттері негізінен пицца, суши және бургерге көбірек тапсырыс береді. Алайда пандемияға байланысты адамдар үйлеріне асылған ет, өзге де ұлттық тамақтарды көбірек алдырта бастапты. Сондай-ақ бүкіл отбасына арналған тамақтарға тапсырыс та күрт артты дейді.
Қазір өз алаңқайымызға серіктестер тартуды жалғастырып жатырмыз оның үстіне тек қана дайын тамақ және тамақ өнімдерімен шектеліп қалғымыз келмейді, дейді Бауыржан Жампейісов.
«Қатаң шектеулер басталар болса клиенттеріміздің алдында жақсы дүкендер мен мейрамханалар тұрғысынан таңдау болуы үшін бар күшімізді саламыз. Біздің алаңқайда 15-тен астам серіктес бар, соған сай ассортименттің де аясы кеңейіп келеді. Әр серіктесіміз күніне орта есеппен 10 тапсырыс орындайды. Клиенттер негізінен сүт өнімдері, ет, бакалея, дайын және ыстық тамақ, фаст-фуд өнімдеріне тапсырыс беріп жатады», дейді Dyken.kz жетекшісі.
Бауыржан келешекте қолжетімді бағамен жылдам әрі ыңғайлы онлайн сатып алу жүйесін қалыптастырып, дүкен мен мейрамханалардан бөлек жергілікті тамақ, кондитерлік өнім, май және колбаса өнімдерін өндірушілерді де өзінің онлайн алаңында біріктіргісі келеді. «Қазір адамдардың тапқан табысының басым бөлігі азық-түлік алуға кетеді. Супермаркеттердегі баға 30-40 пайызға қымбат. Біздің жоспар іске асса тұтынушылар өнімді төмен бағамен үйіне дейін жеткізіп алдырушы еді. Яғни қоймадан тікелей жеткізіледі», дейді онлайн-маркет басшысы.
Нарықтағы бәсекелестік деңгейі қандай?
«Бәсеке деңгейі жоғары. Ірі желілердің барлығы онлайн сауданы дамытуға күш салды. Сондықтан біз әрдайым сервис сапасын жетілдіріп тұрамыз. Жеке сайт және мобилді қосымшамыз бар. Сондай-ақ маркетплейстермен серіктестік орнату арқылы да сауда деңгейін өсіріп отырмыз. Меніңше, жоғары деңгейдегі бәсекелестікке төтеп беру – әрбір компанияның ішкі проблемасы шығар. Сондай-ақ логистикаға кеткен шығындарды оптимизациялау – басты проблема» дейді «Астықжан» интернет-дүкені маркетинг бөлімінің меңгерушісі Әлібек Рысбаев.
Dyken.kz жетекшісі Бауыржан бәсекелестік біздің дамуымызға, дұрыс бағытта жүруімізге мүмкіндік береді дейді.
«Онлайн сату нарығында бәсекелестік өсіп келеді. Жұмысты бастаған кезде бізден өзге ешкім онлайн сатумен айналыспайтын және бұл қызықсыз еді. Бәсекелестік шеберлікті шыңдай түседі. Қазіргі қиындық та – экономикалық дамудың бір бөлігі. Ең қиыны, осының бәрі өнімнің сатып алу бағасына әсер етеді, логистикада проблемалар туындатады, адаптация толық өткенше баға өсе бермек», дейді.
Бұл орайда Бауыржанның ұсынысы бар. Ол зейнеткерлер мен мүгедектерге, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік жеткізіп беру бойынша мемлекет бізге көмектессе дұрыс болар еді дейді.
«Олар өнімдерді дистрибьютор қоймасынан төмен бағамен тікелей сатып ала алатындай істей алсақ, ең үлкен көмегіміз сол болар еді. Біз IT компания болғандықтан сатып алушылар үшін ғана емес, серіктестер мен курьерлер үшін де ыңғайлы бағдарламалық өнім ұсынуымыз қажет.
Қаржылық көмек бізге көптік етпейді. IT өнімдерді құрастыру бойынша грантқа қатысқымыз келеді. Бірақ үнемі қандай да бір критерий бойынша сай болмай қала береміз» деген базынасын айтады Бауыржан.
Бәсекелестік мәселесінде Chocofood сервисі өзін біршама сенімді сезінеді.
«Біз онлайн-супермаркет емес, дайын тамақты жеткізу агрегаторымыз. Нарықта біз сияқты ірі ойыншылардан бөлек кішігірім желілер сипатындағы ұсақ ойыншылар да көптеп пайда болып жатыр. Бұл – тамаша тенденция. Ойыншылардың көбеюі сервисті жақсарта түсуге, клиенттер базасын кеңейтуге деген ынтамызды арттыра түседі. Оның үстіне кішкентай мейрамханалардың негативті тәжірибесі оларда «ірі агрегаторлармен ынтымақтастық орнату – мейрамхананы артық операциялық шығындардан арылтады және тек қана дәмді тамақ әзірлеуге мүмкіндік береді» деген түсінік қалыптастырады. Біз қазақстандық компаниямыз және өзіміздің IT мамандарымыз бар. Әлемдік ойыншылармен бәсекелесе алатын өнімдер шығарып жатырмыз. Біздің маркетплейс мейрамханаларды пайдаланушылармен және курьерлермен байланыстырады. Сондықтан курьерлермен арада еңбек қатынасы жоқ. Ойыншылар арасындағы қарым-қатынасты нарық өзі реттейді деген ұстанымға сүйенеміз» деп жауап жазды Chocofood баспасөз қызметі.
Magnum компаниясының коммерциялық директоры Александр Муравьев: «Елдегі онлайн-сатылым нарығы енді ғана күш алып келе жатқандықтан бәсекелестік туралы ауыз толтырып айтуға әлі ерте» деп қысқа қайырды.
Абай АЙМАҒАМБЕТ