Қоғам • 03 Қыркүйек, 2021

Балалар үйіне барлық жағдай жасалған

415 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысындағы ЛА-155/4 әйелдер коло­ния­сы – еліміздегі 3 жас­қа дейінгі балаларды анасымен бірге ұстауға мүм­кіндік беретін балалар үйі бар жалғыз мекеме. Оның мектепке дейінгі аза­мат­тық мекемелерден еш айыр­машылығы жоқ.

Балалар үйіне барлық  жағдай жасалған

Таяуда қылмыстық-атқару жүйесі органдарын реформалауды іске асыру аясында Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, Орталық Азия­дағы PRI өкілдігінің жетек­шісі Жанна Назарова, «Адам құқық­тары үшін хартиясы» қоғамдық қорының директоры Жеміс Тұрмағамбетова Алматы облысындағы ЛА-155/4 әйелдер колониясына барды.

Жұмыс сапары барысында сотталғандарды ұстау, мекеме жанында орналасқан «Бала­лар үйіндегі» сотталған әйел­дер мен олардың балаларын меди­циналық қамтамасыз ету, сондай-ақ колония аумағындағы өндіріс жұмысы таныстырылды.

Қазіргі уақытта «Балалар үйінде» 31 бала тәрбиеленуде, олардың 11-і осы жылы дүние­ге келген. Мұнда бөбектер үшін жасалған жағдайдың мектеп­ке дейінгі азаматтық мекеме­лердегіден еш айырмашылығы жоқ. Сәбилер мен олардың аналары үшін медициналық қыз­меткерлердің жеке штаты жұмыс істейді. Бұдан басқа, бірқатар үкіметтік емес ұйым, оның ішінде Орталық Азиядағы PRI өкілдігі мекеменің техникалық және материалдық жабдықталуына көмек көрсетіп отырады.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, сотталған әйелдер үшін оң жаңалықтардың бірі – 3 жасқа толғаннан кейін балалардың анасымен бірге болу мерзімінің ұзартылуы. Бұл шара Еуропа елдерінің озық тәжірибесі саналады. Осылайша, бұл ана мен баланың эмоциялық жағдайына жағымды әсер етеді.

ІІМ басшысының орынбасары мекемеде қолайлы жағдай жасауда сотталғандар үшін жұмыс орындарын көбейту маңызды рөл атқаратынын атап өтті.  

Жұмыс сапарына қатысу­шылар «Еңбек-Жауғашты» РМК филиалының және мекеме аумағында қызмет ететін жеке кәсіпкерлердің өндіріс орын­дарына барды. Колонияда жал­пы сотталғандардың 64%-ы жұ­мысқа орналасқан. Жұмыс­тың негізгі бөлігі тігін өндірісіне ба­ғыт­талған, онда сотталғандар жы­лына орта есеппен 230 мың өнім шығарады.

«Қазір сотталғандар, оның ішінде әйелдер колониялары үшін арнайы нысанды өзгер­ту туралы ұсыныс қаралуда. Жаңа киім өндірісі мекемелер аумағындағы тігін цехтарына тапсырылатын болады», деді М.Баймұқашев.

Сотталғандарды ұстау жағ­дайымен танысқан өкілдер жеке мәселелер бойынша қабылдау өткізді. Әйелдер қойған сұрақ­тар­дың басым бөлігі алдағы қа­был­данатын рақымшылыққа, кешірім жасау мүмкіндігіне, сон­дай-ақ мекемеде қосымша жұ­мыс орындарын құруға қа­тысты болды.

«Ұстау жағдайларына бізде шағым жоқ. Мұнда балалары­мызға да қамқорлық жасайды. Біздің әкімшілік сотталған әйел­дермен жұмыс істеудің қыр-сырын түсінеді», дейді соттал­ғандардың бірі.

Қазір мекемеде түрлі қыл­мыстары үшін 500-ден аса әйел жазасын өтеп жатыр. Жұмыс сапарының қорытындысы бо­йынша М.Баймұқашев облыс­тық ведомство басшылығына сот­тал­ғандардың құқықтарының және жазаларды орындау сала­сындағы заңнаманың мүлтік­сіз сақталуын бақылау бағы­тындағы жұмысты жалғас­тыру­ды тапсырды.