Президент • 03 Қыркүйек, 2021

Ғылым – ұлттың ұстыны

280 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет мықты болуы үшін ең алдымен халықтың бірлігі мығым болуы керек. Ал халықтың бірлігі мықты болуы үшін оның әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайы жақсы болуы тиіс. Ол үшін тиісті реформалар кезең-кезеңімен, уақытында жүріп отыр­уы қажет. Осындай іргелі қадамдардың барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айқын көрініс тауып отыр.

Ғылым –  ұлттың ұстыны

Жолдауда Мемлекет басшысы еліміздегі ғылым, білім салаларын дамыту мәселелеріне де айрықша тоқталды. Ел Президентінің өзі де ға­лым адам. Қ.Тоқаев – саяси ғылымдар докторы, профессор, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қаты­настар институтының түлегі. Бұл институтты жақсы білемін. Себебі өзім де Д.Менделеев атын­дағы Мәскеу химия-технологиялық институтында білім алған едім. Сондықтан Мемлекет басшысын терең білімді адам деп түсінемін. Бұл ретте Президентіміз білім мен ғылымға өте жақсы көңіл бөліп келе жатыр.

Ел тізгінін ұстағалы бергі жылдарда Прези­дент мемлекетіміздегі жоғары білім беретін уни­вер­ситеттердің қызметін ретке келтірді. Ендігі мәсе­ле, еліміздегі ғылым саласын дамыту болып отыр. Осы уақытқа дейін Қазақстандағы білім орда­ла­рының санын қысқартумен келдік. Бұдан былай қалыптасқан үрдісті тоқтатып, жақсы университеттер ашу мәселесін алға қойған жөн болар еді. Мәселен, өзімізге көршілес Өзбекстан мемлекеті 4 жылда жаңадан 33 университет, 12 ғылыми-зерттеу институтын ашты. Мінекей, бізге де осы жолға түсу қажет.

Біздің кейбір зерттеулеріміз 1-2 жылдық, әрі кетсе 3 жылдық болды. Ғылымда үш жыл көле­мін­де ауқымды мәселелер шешілмейді. Бұл – тым аз уақыт. Мәселен, Кеңес өкіметі кезеңінде зерттеу­лерге 5 жыл берілетін еді. Анығында осылай болуы керек. Өкініштісі сол, осы үрдістен ажы­рап қал­ған бо­ла­тынбыз. Президент соны қайта қал­пы­­на кел­­тіріп, зерттеу мәселесін жүйелі жолға қой­ды. Бас­­тал­ған дүние соңына дейін жеткізілуі тиіс. Осы­­лай­ша, ғалымдардың жемісі тәжірибеге енгізілуі
керек.

Сонымен қатар Президент «Ең алдымен, же­тек­ші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбе­гіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек», дей отырып, жетекші ғалымдарды да назардан тыс қалдырған жоқ. Жетекші ғалым дегеніңіз – әрбір ғылыми мектептің иесі. Ондай ғалымдардың орны ерекше. Ғылымның тұрақты күші де осы жетекші ғалымдар. Ойымды түйіндейтін болсам, Жолдауда назарға алынған нақ осындай қадамдар ғана еліміздің ғылым саласын алға бастыратыны анық.

 

Мұрат ЖҰРЫНОВ,

Ұлттық ғылым академиясының президенті

 

Соңғы жаңалықтар