Дөңгелек үстелді ашқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов биылғы жылдың еліміздің тарихындағы айрықша жыл екенін айтып, оның Тәуелсіздікті 30 жылдық белеске шығарғанына назар аударып, осы жылдардағы қол жеткен табыстарды атап өтті. «Осы жылдарда Қазақстан Елбасы Н.Назарбаевтың бастауымен мемлекеттік құрылыстың қазақстандық үлгісін берік қалады. Қазақстан халқының патриоттық сезімдері қалай берік орнаса, этносаралық және конфессияаралық қатынастар өзара құрмет пен төзімділікке негізделді. Қазақстан әлемнің саяси картасында сенімді, болжалды мемлекет болып танылды. Президент Қ.Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтып өткеніндей «Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады». Осы 30 жылда Қазақстанның әлемге танылуына оның бейбітсүйгіш сыртқы саясатының әсері мол болды. Қазақстан өзінің аумағында КСРО-дан қалған әлемдегі төртінші орындағы ядролық қару арсеналынан бас тартып қана қойған жоқ, оны таратпау, адамзатты қырып-жойғыш қаруларды қолданбау бағытында дүниежүзілік маңызы бар бастамалар көтерді. Экономикада нарықтық қатынастар орнады. Сарыарқаның төсіне бүкіл әлемге танылған жаңа астана тұрғызылды, еліміздің шекарасы шегенделіп, ешқандай мемлекетпен территориялық таласы жоқ аз мемлекеттердің қатарына қосылдық. Бүгін осындай табыстарымызды еске алып, олар туралы толғамдарымызды ортаға саламыз», дей келіп Кемел Оспанов сөзді баяндамашыларға берді.
Баяндама жасағандар арасында М.Қозыбаев атындағы СҚУ проректоры, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраева жоғары білім саласындағы жетістіктер, №18 мектептің директоры Күлімкөз Ысмайылова білім беру саласының қол жеткен табыстары, ҚХА облыстық филиалының және Urpaq қазақ мәдени-ағарту орталығының төрағасы Гүлбақша Мұсабаева қазақстандық туыстық, төзімділік үлгісі, «Азаматтық альянс» ассоциациясының» төрағасы Жанат Мұхамеджанов азаматтық қоғам институттарының жетілдірілу жолдары жайлы баяндап, қатысушыларға толымды ақпараттар берді. Басқа баяндамашылардың да сөздері тәуелсіздіктің жан-жақты табыстарын қамтыды.
Пікірталасқа қатысқандардың бәрі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы биылғы жылдың ең басты мерекесі екенін бірауыздан айтты. Жиында жаман індеттен сақтану режімін бұзбай Тәуелсіздіктің 30 жылдығын жалпы халық болып атап өтудің маңыздылығы туралы да айтылды.
Петропавл