01 Мамыр, 2010

ҮШ СОҒЫСТЫҢ ЖАУЫНГЕРІ

682 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ұлы Отан соғысының Жеңіс күні жақындағанда ең алдымен сол жеңісті әкелген азаматтар еске түседі. Солардың арасында үш соғысқа қатысып, Отан үшін нағыз сұрапыл шайқастарды басынан өткерген Дәулетияр Қадыржанов та бар еді. Ол 1939 жылы Кеңес армиясы қатарына алынып, №630-ші атқыштар полкі құрамында алдымен Фин соғысына қатысады. Одан кейін іле-шала 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Бұл кезде ол Қызыл Тулы Кутузов орденді бригаданың құрамында болған жалғыз қазақ көрінеді. Сонан ол сұрапыл соғыс аяқтала берген шақта 1945 жылы Жапон империалистеріне қарсы күреске аттанады. Соғыс жылдарында үнемі алғы шепте саперлік міндет ат­қарып, үзілген байланысты жалғау­мен және “тіл” әкелумен айналыс­қан ол 1946 жылы елге аман-сау, абыроймен оралады. Сөйтіп, үш сұрапыл соғыстың қанды майданын көрген Дәукең елге келіп, еңбек майданына араласады. Атырау облысының Мақат ауданында мұнай өндірісінде оператор, кейін учаске шебері болып 1971 жылы құрметті зейнет­керлікке шығады. Екі мәрте Қызыл Жұлдыз, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, “Жауынгер­лік ерлігі үшін” және т.б. медальдармен марапатталған. Дәукең Жандай зайыбымен 45 жыл тату-тәтті өмір кешті, он баланы өмірге әкелді. Әлі де тындырары көп еді, соғыс салған жарақат ерте алып кетті. Бірақ бүгінгідей Жеңіс күндері үш соғыс майданының куәгері, ардагер Дәулетияр Қадыржановтың ерлігі ұмытылмай, қайта рухтары асқақ­тай түсетіні анық. Мариям ДӘУЛЕТИЯР, АСТАНА.