Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Экспозиция Қазақстан туралы, оның ішінде тәуелсіздіктің 30 жылдығында қол жеткізген жетістіктері, әлемдік аренадағы рөлі мен мәртебесі, мәдениеті, көркем табиғаты мен заманауи сәулеті бар бас қала жөнінде мағлұмат береді.
Сонымен қатар іс-шараға қатысушыларға тұрақты дамуды, ұлтаралық пен конфессияаралық келісімді қамтамасыз етуге, қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған халықаралық ірі іс-шаралар, мемлекеттің сыртқы саясаты мен құқықтық жүйесі туралы фото-материалдар көрсетілді. Қазақстан Елшісі Жалғас Әділбаев тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің тарихындағы маңызды оқиғалар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті құрудағы тарихи рөлі, әділетті қоғам құру мен халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастаған реформалары туралы қысқаша айтып өтті.
Көрмеге мәдениет саласының өкілдері, кітапхананың оқырмандары мен қызметкерлері, сондай-ақ Моңғолия астанасының қалың жұртшылығы қатысып, іс-шараға қызығушылық танытты.