Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2021

Рефрижератор вагондар шығарылады

578 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Петропавл ауыр машина жасау зауыты» деп аталып, бұрын әскери өнімдер ғана өндірген ең ірі кәсіпорынның аумағында 2019 жылдан бері Солтүстік Қазақстанның әлеуметтік экономикалық дамуының кешенді жоспарының аясында Cool Infinity атты ЖШС ашылып, жұмыс істеуде. Бұл кәсіпорын бұрынғы зауыт аумағын түгел қамтымаса да инфрақұрылымдары барынша жетілдірілген өндірістік аймақтың үлкен бөлігін ұстап отыр.

Рефрижератор вагондар шығарылады

Ағылшын тіліндегі бұл сөз­дің өзі «салқын шексіздік» деп ауда­ры­­лады. Серіктестік тер­мосты те­мір жол вагондарын құ­рас­ты­ра­ды. Бұл вагондар тамақ өнім­де­рін бүлдірмей, сал­қын сақтап, 21 күнге дейін оның бұ­зыл­мауын қамтамасыз етіп, алыс қа­лаларға жеткізе алады.

Кәсіпорын іске кіріскен 2019 және 2020 жылдары осындай 60 вагон құрастырылды. Бір ва­гон­ның құны 40 млн теңгенің көлемінде. Демек, сол жылдары кәсіпорын 2,4 млрд теңгенің өні­мін шығарған еді. Тапсырыс беруші – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы. Со­нымен қатар серіктестіктің өнім­дері Ресей, Әзербайжан және Орталық Азия елдерінде де сұранысқа ие.

Cool Infinity ЖШС бас ди­рек­торының орынбасары Ақан Кәрімовтің айтуына қара­ған­да, биыл осындай 80 бірлік вагон құрастырылған. Ал жыл аяғы­на дейін тағы 57 вагон жи­нал­мақ. Биылғы жалпы меже – 140 вагон.

Енді осы кәсіпорын жаңа өнім түрін шығаруды игерді. Бұл – вагон-рефрижераторлар. Қазір оны шығарудың тех­но­ло­гиялық барысы сынамадан өтіп, сертификат алынған. Бұл ва­гондар салқындықты сақ­тай­тын вагондардан да қым­бат. Атал­ған вагондардағы тез бү­лі­­не­тін тамақ өнімдері еш­қан­дай физико-химиялық немесе биогендік факторлардың әсе­ріне ұшырамайды. Өйткені онда тоңазытқыш жүйесі жұмыс іс­тей­ді. Егер термос тек сырттан жылу ен­гізбесе, жаңа өнім­нің өзінен суық ауа шы­ғады. Сон­дықтан оны «изотер­мия­лық ва­гондар» деп те атайды. Кә­сіп­орын жыл соңына де­йін осындай 5 рефрижератор шығармақ.

Жаңа өнімнің тұсаукесер ша­расына қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуына қарағанда, жаңа өнімді игерген кәсіпорын биыл барлығы 5 млрд теңгенің тауарын шығармақ. «Бұрын зауытта 210 адам еңбек ете­тін. Енді, жаңа өнімнің ен­гі­зілуімен жұмыскерлер саны тағы 30 адамға артқалы тұр. Реф­­рижератор-вагондар шығару ТМД аумағында аса көп дамыған жоқ. Сондықтан бұл өнімге деген сұраныс ТМД елдері ғана емес, алыс шетелдерден де түсе­тін шығар деген үміт бар. Сон­дықтан кәсіпорын бұл өні­мінің перспективасы жо­ға­ры», деді өңір басшысы.

 

ПЕТРОПАВЛ