Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2021

Білімді жас, болашаққа қадам бас!

589 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылының оффлайн басталуы аймақ оқушыларын шат­тыққа бөлесе, бірқатар ауыл­да жаңа мектептер ашылып, бала­лар мен ата-аналардың қуанышын еселей түсті. Жалпы, биыл Алматы облы­сында бар­лығы 33 мектептің құ­ры­лысы жүр­гізілуде. Оның ішін­де 10 мектеп жыл соңына дейін пай­далануға беріледі деп жоспарлануда. Ал басталған жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 47 мыңға жуық бала барды. Аймақтағы оқушылардың жалпы саны 438 мыңға жетті.

Білімді жас, болашаққа қадам бас!

Алматы облысында білім күні мерекесінде 6 жаңа мектеп есі­гін айқара ашты. Оның төр­теуі тұр­ғындары тығыз орна­лас­­қан Іле, Қарасай аудандарын­да қол­дануға берілсе, екеуі Пан­филов және Ескелді аудандарында пайдалануға берілді. Алматы сияқ­ты алып мегаполиске іргелес жат­қан Іле ауданындағы урбаниза­ция үрдісінің тоқтаусыз жүруі адам­дардың әлеуметтік қа­жеттілі­гін өтеуге деген сұра­нысты да арттырып отыр. Оның ішінде балаларды мектеппен қамту мәселесі өткір тұр. Аймақтағы үш ауысым­ды мектептердің дені осы ауданға тиесілі. Ал атқарушы билік аталған проблеманы шешуге жұмылып-ақ жатыр. Жақында Іле ауданында бірден 900, 600 және 300 орынды 3 мектептің ашылуы бұған дәлел болса керек. Жаңа мектептер аудан­ның Қараой, Қосөзен және Борал­дай ауылдарында ашылды. Жаңадан қолданысқа берілген үш жаңа мектепте енді 1 600 бала білім алып, 147 педагог жұмыс істейді. Оқу үшін барлық жағдай жасалған. Мектептерде модификациялық кабинет, акт және спорт залдары, лингафон және әдістемелік кабинеттері, компьютерлік сынып, шеберхана мен асхана, оқу залы мен кітапхана бар.

Сондай-ақ білім күнінде 450 орынға арналған тағы бір мектеп Қарасай ауданына қарасты Батан ауылында пайдалануға беріл­ді. Биыл бұл аудандағы оқу­шы саны 72 мың баладан асқан. Яғни былтырға қарағанда оқушы саны 6 мыңға көбейіп отыр екен.

– Аудан халқы тығыз орналас­қан­дықтан, мектеп құрылысының үш ауысымды оқытуды жоюға ба­ғыт­талған үлкен әлеуметтік ма­ңызы бар. Қазір Қарасай ауданында 4 100 орынға арналған 3 мектеп, оның ішінде «Асыл арман» ша­ғын ауданында да салынып жатыр. Сондай-ақ 1800 орындық мек­теп­терге 3 қосымша құрылыс ныса­ны салынуда. Сонымен қатар тағы 3 жаңа мектептің құрылысы үшін жобалық-сметалық құжат­та­ма да­­йын­далуда, – дейді Қара­сай ауда­ны­ның әкімі Жандарбек Далабаев.

Сондай-ақ Ескелді ауданына қарасты Абай ауылында да 180 орынды және 25 балаға арналған шағын орталығы бар жаңа мектеп қолданысқа берілді. Оның құрылысына жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді. Құрылыс жұмыстарын «Талас-Құрылыс» ЖШС мердігер компаниясы жүргізді. Жалпы, Ескелді ауданы үшін өткен оқу жылы өте сәтті өтті. ҰБТ тапсыр­ған 360 түлектің 190-ы отандық же­текші жоғары оқу орындарында грант иегері атанса, тағы сегізі облыс әкімінің грантына ие болды. Ал 35 студент шетелде тегін оқиды. Жалпы ауданда өткен жыл­дың қорытындысы бойынша үл­герім деңгейі 61 пайыздан асты.

Тағы бір заманауи білім ошағы Панфилов ауданына қарасты Аққұдық ауылында ашылған болатын. 120 орынға арналған жаңа ғи­ма­рат құрылысын «Нұр-Шапағат Құрылыс» ЖШС жүргізді. 2 жылға кепілдікпен салынған білім ошағы барлық материалдық-техникалық жабдықпен қамтылған. Жалпы ауданы 2 736,84 шаршы метрді құрайтын ғимаратта 126 оқушыға 28 мұғалім сабақ береді. Панфилов ауданында шалғай мекендердегі мектептер де жаңалануда. Қазіргі уақытта екі нысанда жөндеу жұ­мыс­тары басталып кетті. Яғни Бас­құншы ауылындағы 300 орынды және Қорғас ауылындағы орта мектептерге күрделі жөндеу жұ­мыстары іске асуда. Сондай-ақ облыс бюджетінен Кіші шы­ған ауылындағы мектептің жөн­деу жұмыстарының жобалық-сме­та­лық құжаттамасына қаражат бөлініп, конкурс жарияланды. Келесі жылы екі мектеп күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Аудан мектептерінде 27 100 оқушы білім алады.

Бүгінде Алматы облысының мек­теп­теріндегі оқу үрдісі сани­тар­лық шектеулерді толықтай сақ­тап, «1 сынып – 1 кабинет» жүйе­сі бойынша дәстүрлі форматта өтіп жатыр. Мұнан бөлек білім мекемелері 100 пайыз Ashyq жобасына тіркелген. Оқу жылы басталғанға дейін мұғалімдердің 96 пайызы жұқпалы індетке қарсы вакцина салдырды.

Жалпы, жаңа оқу жылында облыстың білім беру саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 5,5 млрд теңге бөлін­ген екен. Оның ішінде оқу­лы­қ­тар сатып алуға және кітап қорын жаңартуға 3,8 млрд теңге қарас­тырылған. Яғни оқушылар оқу­лықтармен 100 пайыз қамтылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін қосым­ша 109 жаңа модификация кабинеті мен 23 STEM каби­нетін жабдықтау жоспарлануда. Стандартқа сәйкес өңір мек­тептерінде қауіпсіздік жүйе­лерін жаңғырту бойынша жұмыс­­­тар жүргізілуде. Барлық мектеп, бала­бақшалар мен колледждерде бейнебақылау камералары орнатылған. Облыс мектептерін «дабыл түймелерімен» 100 па­йыз қамту мақсатында жұмыс жүргізілуде. Бүгінде облыстық маңызы бар Талдықорған, Текелі және Қапшағай қалаларының 47 мектебінде полиция депар­таменті­­нің жедел басқару орта­лы­ғына тікелей жалғау үшін бейнебақылау жүйелерін жаңартуға конкурс жарияланды. Бұл мектептерде кіруді бақылау жүйесі бар 47 турникет орнатылады. Мектептерді күзетуді мамандандырылған күзет компаниялары жүзеге асырады.

Облыстың орта білім беретін мектептерінде 8 280 спорт секциясы мен үйірмелері жұмыс істейді. Оған 295 мыңнан астам оқушы қатысады. Бұл аймақтағы оқушылардың 69 пайызын құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 73 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ал қазір балалардың аула клубтарында 8 600 шамасында жасөспірім жаттығады. Сондай-ақ облыстағы 44 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінде 38 828 бала білім алып, шынығуда.

– Жалпы, спортпен айналысу­дың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін биылдан бастап спорттық секцияларды қаржыландыруды жан басымен есептеумен жүр­гі­зілетін болды. Оқушылардың сан қырлы қажеттілігін қамтамасыз ету, саламатты өмір салтын насихаттау және денешынықтыру пәні мұғалімінің уақытты тиім­ді пайдалануы үшін мектептер ақысыз спорттық секциялар ұйым­­дастыруға міндетті. Атап айт­­­қанда, мектепке дейінгі ме­ке­­ме­лерде аптасына 2 сағат, мек­­­теп­терде аптасына 3 сағат, те­хни­­ка­лық және кәсіби білім беру меке­мелерінде аптасына 4 сағат спорт­тық секция тегін жұмыс іс­теуі керек, – дейді облыс әкімінің орын­басары Батыржан Байжұманов.

Сондай-ақ жаңа оқу жылында аймақтағы арнаулы білім беретін оқу орындары да білім бәсекесіне ден қойды. Бүгінде Жетісу жерінде 76 колледж жұмыс істейді. Онда бі­лім алатын тәлімгерлер 75 маман­дық және 133 біліктілік бойынша ма­ман­дық алып шықпақ. Биыл кол­­ледж­дердегі 19 мыңнан астам сту­де­нт немесе білім алушылардың 58,4 пайызы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқиды екен. Былтыр 5 колледждің материалды-техникалық базасын жаңарту үшін республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінсе, 2021 жылы 7 колледж үшін тағы 2,0 млрд теңге бө­лініп отыр. Бұл техникалық және кә­сіби білім беру жүйесінің дамуы­на серпін беріп, жоғары білікті жұ­мыс­шы мамандарын дайындау ісін іл­герілете түседі. Сонымен қа­­тар об­лыста студенттер үшін 1 718 орын­дық 9 жатақхананың құ­ры­­лы­сы жоспарлануда. Былтыр Ал­ма­ты облысында 818 орындық 4 жа­тақ­хана пайдалануға берілді. Олар­дың құрылысына жергілікті бюд­жет­тен 4,4 млрд теңге бөлінген болатын.

Айтпақшы, биылғы жаңа оқу жылында облыстағы 3-6 жас ара­лығындағы бүлдіршіндерді бала­бақшамен қамту үлесі  95,4 пайыз­ды құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 99 пайызға дейін жет­кізу жоспарланған. Бүгінде мектеп­ке дейінгі мекеме­лер штаттық ре­жім­де әр топта 20-25 баламен жұ­мыс істеуде. Аймақта балабақша ғи­ма­рат­тарының құрылысы да тоқ­таусыз жүріп жатыр. Мысалы, жа­қын­да Жамбыл ауданы Мың­баев ауы­лында «Айжұлдыз» атты бала­бақ­ша ашылды. Оның құры­лысына жер­гілікті бюджеттен 262 млн тең­ге бөлінген. Екі қабаттан тұра­тын 100 орындық ғимаратта бала­лар үшін барлық жағдай жасалған.