«Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында ауылға аттанған жастардың қатары жыл санап артып келеді. Өйткені, мемлекет тарапынан ауылға барып жұмыс істеуге ниет білдірген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт мамандарын әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Бұл жоба жұмыс іздеген жастарға да, ауылдық жердегі кадр тапшылығын жолға қоюды ойластырған басшылар үшін де тиімді болды.

Мысалы, Мойынқұм ауылына келіп, аудандық орталық ауруханада қызмет ете бастаған жас дәрігерлер Ғабит Исабеков пен Бекболат Кеңесбаев бүгінде аймақ тұрғындарының құрметіне бөленуде. Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетін бітіріп келген Ғ.Исабековтің мамандығы – хирург-дәрігер болса, Б.Кеңесбаев – иммунолог-дәрігер. «Ауылда лақ туса, адырда шөп көгереді» деген, оларға ауылда тиісінше әлеуметтік-материалдық жағдай да жасалған. Білімді жастар ел ішіне келгелі ауыл мәдениеті мен ажары да ашыла түскен.
– Алыстағы ауылға келіп қызмет етіп жатқанымызға өкінбейміз. Мұнда біздің қызмет етуімізге, өмір сүруімізге барлық жағдай жасалған. Енді тек халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп, олардың өмір жастарының ұзақ болуына көмектесуден басқа алаңдайтын мәселе қалған жоқ.
Өткен жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасына өтінішпен келген 126 жас маман бүгінде өңірдің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Олардың 73-і ауылдық елді мекендерге, 53-і қала аймағына жұмысқа орналастырылды. Мысалы, олардың ішінде Жуалы ауданына – 15, Қордай ауданына –13, Шу ауданына – 9, Талас ауданына – 7 және Жамбыл ауданына – 7 жас маман барып, адамдардың жанына шипа сыйлап жүр. Әлеуметтік көмек ретінде 23 маманға республикалық бюджеттен – 2 786 910 теңге, 53 маманға облыстық бюджеттен – 1 610 000 теңге қаржы бөлінген.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.