Маңғыстау облысы әкімдігі берген ақпаратқа сүйенсек, республикалық бюджеттің доноры ретінде «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, Астана бюджеттері арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 29 қарашадағы №24-VІ Заңына сәйкес Маңғыстау облысына 2017-2019 жылдарға келесідей көлемде бюджеттік алып қоюлар белгіленген, мысалы 2017 жылға – 28 977 170 мың теңге; 2018 жылға – 31 316 423 мың теңге; 2019 жылға – 35 365 489 мың теңге.
Сонымен қатар 2020-2022 жылдарға Маңғыстау облысына республикалық бюджетке «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 4 желтоқсандағы №275-VІ Заңына сәйкес төмендегідей көлемдерде бюджеттік алып қоюлар белгіленген 2020 жылға – 8 213 586 мың теңге; 2021 жылға – 13 416 746 мың теңге; 2022 жылға – 19 493 443 мың теңге.
Көріп отырғанымыздай, «алып қоюлар» жағынан Маңғыстауды ұмыт қалдырмаған республикалық бюджет Маңғыстаудың қажетіне келгенде неге шөміштен қағып келеді? «Алаған қолым – береген» деген бар, алайда Маңғыстау көп жағдайда «тоқалдан туғанның» кебін киіп жүр. Zertteu.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, республикалық бюджеттен ең көп қаржы алатын облыстар – Түркістан (838 млрд теңге), Алматы (623 млрд теңге), Қостанай (314,7 млрд теңге), ал ең аз алатындар – Алматы қаласы (142,7 млрд теңге), Нұр-Сұлтан қаласы (130,8 млрд теңге) және Маңғыстау облысы (109 млрд теңге). Бергенінен алғаны көп болып көрінгенмен, жеме-жемге келгенде жоғарыдан қаржыландырылатын жобалардан бас тарту, қаржы бөлінбей қалу, бөлінген қаржының кері қайтарылуы сынды әрекеттер жиі кездеседі.
Бір ғана мысал және маңғыстаулықтар үшін ең маңызды, жанды және жылдар бойы жыр болған сүр тақырып – Қошқар ата улы көлі мәселесі.
Радиациялық қаупі бар болғандықтан, оның адам денсаулығына төндіретін қатері дәлелденгендіктен маңызды болмағанда қайтсін?! Қошқар ата көліне 2003-2007 жылдары «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы», 2006 жылы «Экосервис» ЖШС ғылыми-зерттеу және мониторинг жұмыстарын жүргізген. Осы зерттеулер нәтижесіне сай жылда жабылып, тұмшаланатын, залалсыздандырылатын болып жататын улы көлдің мәселесі жыл сайын жартыкеш күйінде қалып келеді. Іске білек сыбанып келіп, құйрығын бұлғаңдатып кететін Үкімет маңғыстаулықтардың алдында әбден ұятқа қалып бітті. Ұят ұят-ау, сетіней тарқатылып, қақси сарқылып біткен елдің құзырлы орындарға деген сенімін айтсаңызшы...
Қошқар ата улы көлі тақырыбында «Egemen Qazaqstan» газеті бетінде бірнеше рет мәселе көтерген болатынбыз, «баяғы жартас – бір жартас». Бірақ біздікі айту, сондықтан тағы айтуға мәжбүрміз. Соңғы рет 2021 жылғы 18 наурызда «Улы көлдің «жыры» аяқтала ма?» деп Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметінен Қошқар ата қалдық қоймасын қалпына келтіру жұмыстарының бірінші кезеңі басталды деген жылымық хабарға аса қуана алмай, керісінше секемшіл дүдәмал оймен, әбден қалыптасып қалған сенімсіздік тұрғысында тіл қатқан едік. Биыл жыл басында Үкіметтен қолдау тауып, республикалық бюджеттен 3 жылға 15,5 млрд теңге қарастырылған жұмысқа сол кезде-ақ «қолға алынған биылғы «бірінші кезең» де дабырамен басталғанымен соңы нәтижесіз бұрынғы бастамалардың, «кезеңдердің» қатарын толықтырып тұрып алмаса деп тілейміз» деп аяқтаппыз мақаланы. Әулиелігіміз жоқ, әйтсе де күдік-күмәніміз дәл келді. Өткен жылы улы көлді залалсыздандыру жұмысы қайта қолға алынып, республикалық бюджеттен 100 млн теңге көлеміндегі қаражат бөлініп, мердігер ұйыммен 15,5 млрд теңгеге келісімшарт жасалып, биыл наурыз айында өз қаражаты есебінен рекультивациялау жұмыстарын бастаған мердігер бүгінге дейін 100 га аумақты 300 000 текше метр топырақпен көмген екен. Алайда, «жобаның мемлекеттік сараптама қорытындысы қайта қарауға ұсынылуына байланысты» бөлінген 100 млн теңге кері қайтарылып, басталған жұмыс тоқтатылған. Қазір маңғыстаулықтар арасында қалдықтар қоймасына қатысты жұмыстардың тоқтағаны қызу талқыға түсіп, заңды алаңдаушылықты туындатып отыр. Заңды болатыны – жылдар бойы бастала бере тасталып, қосалқы қаржы көріне бере ғайып болып көзді алдаған улы көл жағдайы бұлай ойынға, ойыншыққа айналдыратын мәселе емес, мыңдаған адамның тағдырына, тұтас ауылдардың тірлігіне әсері бар мәселе.
Маңғыстаулықтарға мұң болған Қошқар ата көлі өңірде уран өндірісінің ашылуына байланысты Ақтаудағы кен байыту комбинатының ағынды радиоактивті суларынан пайда болған. 200 мыңнан астам тұрғыны бар Ақтау қаласынан 3 шақырым, 70 мыңға жуық халқы бар Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылынан 7 шақырым қашықтықтағы жалпы ауданы 66 шаршы шақырымды құрайтын радиоактивті қалдықтар қоймасына кезінде 105,1 млн тонна радиоактивті, соның ішінде белсенділігі 11,240 мың кюри болатын 51,8 млн тонна уран рудасының радиоактивтік қалдықтары құйылған дейді деректер. Уран өндірісінің зардабы маңғыстаулықтар үшін күні бүгінге дейін аса маңызды, қорқынышты тақырып болып келеді, бірақ оған Үкіметтің құлақ түрмейтіні қызық... Мысалы, тұрғындардың айтуынша, «Ұйқылы» кен орнындағы ашық әдіспен жүргізілген уран өндірісінің апандары әлі күнге дейін ашық күйінде жатса, осы уранды байытып-өңдеумен шұғылданған тау-кен зауытының (ХГМЗ) қирандысы ауаға аса жоғары радиация таратуда.
– Кезінде радиация фоны өте жоғары локалды жерлер бетондалған болатын, ал қалған жерлер фосфогипстің астында қалған (олардың радиациялық фоны нормадан 203 есе). Бірақ эрозия әсерінен қалдықтар қоймасының беткі қатты қабығы бұзылып, радиоактивті қалдықтардың желмен ұшып, ауаға таралу қаупі туды. Осыған орай ойпаттағы радиоактивті қалдықтарды қандай технология пайдаланып залалсыздандырамыз деген сұрақ туды. Радиоактивті қалдықтарды өңдеу, қорғасынмен жабу, баритпен жабу, теңіз суымен толтыру, топырақпен көму сынды бірнеше нұсқа қарастырылды. Қазақстанда қолданып жүрген радиоактивті қалдықтарды өңдеу технологиясы жоқ екені белгілі. Жапонияға хабар салдық, әлі күнге шейін хабар жоқ. Себебін біле алмай отырмыз. Анықтама үшін: жапондықтар инвестиция салатын мемлекетті, жобаны өте мұқият зерттейді. Егер жемқорлық жайлаған ел болса сөйлеспейді және бастарын сұқпайды. Екінші, үшінші, төртінші нұсқалар топырақпен көмуге қарағанда өте қымбат. Ойпаттың жалпы ауданы 77 шаршы шақырым, ал рекультивация жасалынатын аудан жобамен 40-45 шаршы шақырым. Аумақ өте ауқымды, триллиондаған қаржы керек. Топырақпен жабуға тоқтағаны сондықтан. Ол да арзанға түсіп отырған жоқ – 15,5 млрд теңге.
Біз қалдықтар қоймасын залалсыздандыру жұмыстарымен таныстық, жұмыс тоқтап қалған. Неге?
Конкурс өтті, Мәжіліс депутаттары болып көктем айында осы жылға 1 млрд теңге қаржыны республикалық бюджеттен бөлдірттік. Жұмыс басталып, мердігер компания 500 млн теңгенің жұмысын жасаған, бірақ бөлінген қаржы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің есепшотында облысқа аударылмай әлі тұр. Министрлік «ЖСҚ қайта қарауымыз керек, қазіргі технология қауіпсіздікті қамтамасыз ете ме?» деген мәселе көтеріп отыр. Олар ұйқыдан бүгін оянды ма? Кезінде бұл жоба барлық инстанциялардан, оның ішінде экологиялық сараптамадан өткен жоқ па? Мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алған жоқ па? Енді басталып кеткен жұмысты қалай тоқтатады? – деп жазды мәселеге орай желідегі жеке парақшасында Парламент Мәжілісінің депутаты Е.Жаңбыршин.
Құзырлы орындардың істі тоқтатудағы желеуі көптен бері «қазіргі технологияға» «күдіктену» болып келеді. Топырақпен жабу күдік тудырса, бірден Е.Жаңбыршин жазбасында көрсетілген құны триллиондарды құрайтын радиоактивті қалдықтарды өңдеу, қорғасынмен немесе баритпен жабу сынды озық тәсілдерді неге қолданбайды? Орынсыз жерлерге жұмсалып жатқан қаражаттың елде есебі жоқ, сол қаржыны қажетті орынға бұрған болса Қошқар ата қалдықтар қоймасы бұлай жыр болмас еді...
Депутат Е.Жаңбыршин жазғандай, «бөлінген қаржының Экология, геология және табиғи ресурстар есепшотында облысқа аударылмай әлі тұруын» радиоактивті қалдықтармен демалып, тірлік кешіп, әр күнін үреймен өткізіп отырған маңғыстаулықтарды шөміштен қағу деп есептемеске амал жоқ, әлде «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген осы ма?! Қошқар ата улы көл қалдықтар қоймасын заманауи технологиялармен залалсыздандыратын уақыт жетті.
Маңғыстау облысы