Президент • 07 Қыркүйек, 2021

Жолдау іске асырыла бастады

112 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобы Президент Жолдауын іске асыруға кірісті, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Жолдау іске асырыла бастады

Құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының отырысы барысында Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қа­зақстан халқына Жолдауында айтылған тап­сырмаларын іске асыру механизмі талқыланды.
Жиынға Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Қар­жы мониторингі агенттігінің, Ішкі істер министрлігінің басшылары, қоғам өкілдері мен жетекші құқықтанушылар, атап айтқанда, Қайырбек Сүлейменов, Игорь Рогов, Ерғали Мерзадинов, Марат Қоғамов, Исидор Борчашвили, Талғат Нәрікбаев және т.б. қатысты.
Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы – Жұмыс тобының жетекшісі Әсет Исекешев отырыс­та құ­қық қорғау қызметін дә­йекті жаң­ғыр­ту жөніндегі стратегиялық ба­ғытты жал­ғас­тыру қажеттігін атап өтті.
«Басты міндеттердің бірі – адам құқығын қорғау. Бұл ретте қылмыстық про­цестің үш буынды моделін енгізу нәти­жесінде болған оң өзгерістер атап өтіл­ді, сондай-ақ құқық қорғау жүйесін орта мерзімді кезеңде реформалаудың ба­ғыттары белгіленді. Сонымен қатар жуық арада шешуді қажет ететін нақты мін­деттер жүктелді», деді Әсет Исекешев.
Атап айтқанда, құқық қорғау органдары есірткінің заңсыз айналымына және алаяқтыққа қарсы күреске, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық си­пат­тағы қылмыстардың алдын алуға ерекше назар аударуы қажет.
Отырыс барысында мейлінше сәтті өткен халықаралық тәжірибелерден мы­сал­дар келтірілді. Олар отандық жағдай­ларда қолданылуы мүмкін.
Қылмыстық заңнаманы өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактідегі Екінші факультативтік хаттаманың ере­желерімен үйлестіру мәселелері жеке қа­­ралды.
Бұдан бөлек Жұмыс тобы қылмыстық процестің отандық моделін үздік ха­лық­аралық стандарттарға сәйкестендіру үшін одан әрі атқарылатын жұмыстарды пы­сық­тауда.
Атап айтқанда, айыптау актілерін да­йындау сапасын арттыруға бағытталған заң­намалық түзетулер әзірленді. Сондай-ақ полиция жұмысының сервистік мо­де­лін енгізу туралы тапсырманы іске асыру жұмыстары жалғасуда.
Отырысқа қатысушылар құқық қор­ғау жүйесін реформалау тетіктерін же­тіл­діру жөнінде нақты ұсыныстар айтты. Құқық қорғау органдарының өкілдері Жолдауда белгіленген бағыттар бойынша қабылданатын шаралар туралы баяндады.
Талқылау қорытындысы бойынша Жұ­мыс тобының жетекшісі салалық ве­дом­стволарға Мемлекет басшысының тап­сырмаларын іске асыру тәртібін ай­қын­дайтын нақты тапсырмалар берді.
Жиын соңында Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы жұртшылық өкілдерін атқары­лып жатқан жұмыстарға белсенді атса­лы­суға шақырды.
Құқық қорғау органдарының Жол­дауда қамтылған тапсырмаларды әзір­лен­ген тәсілдерге сәйкес орындауын Қа­уіп­сіздік Кеңесінің аппараты бақы­лайтын болады.