Жолдауда көкейдегі көптеген түйткілді мәселелердің түйіні тарқады. Әсіресе, Қызылордадан Маңғыстауға дейін жұт дендеп, мал жайылымы қиындаған тұста ауыл-аймақтағы жұртқа үлкен жігер, үміт сыйлады. Бұл – ұлттың қай уақытта да ұйыса білуінің дәлелі.
Ел Президенті өз Жолдауында мемлекеттік тілдің мәртебесіне тоқталып, қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналып жатқанын айтты. «Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Біздің заңнамаға сәйкес, оның қолданылуын шектеуге болмайды. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады», деді Президент.
Тағы бір елеулі жаңалық, мәдениет қызметкерлері мен мұрағатшылар, кітапханашылардың еңбекақысын жүйелі түрде көбейтуді тапсырды. Бұл бастама өңірлердегі мәдениет саласының мамандары үшін үлкен жаңалық болды деп ойлаймын. Әр Жолдаудың өзіндік тақырыбы мен мағынасы бар десек, күні кеше жарияланған Жолдау, негізінен халықтың әлеуметтік ахуалын көтеруге арналып отыр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ұлттық идеологияның ішінде өзіміздің ұлттық саясатымызды ұстану керектігін айтты. Одан бөлек мемлекеттік бюджет есебінен мәдениет пен руханият саласына бөлінетін қаржының белгілі бір мәдениет қайраткерлерінің жобаларына жұмсалып отырғанына да тоқталды. «Жас әрі дарынды мүсіншілер, суретшілер, театр қызметкерлері, музыканттар, қаламгерлер жаңа жанр түрлерін игеріп, ұдайы ізденіс үстінде жүреді. Сөйте тұра, олар елеусіз қалып, меценаттардың көмегімен ғана күн көреді. Шын мәнінде, Қазақстан мәдениеті сол жас дарындардың арқасында жаһандық деңгейде танылып жүрген жоқ па?!» деп, жыл соңына дейін жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты жобалар жоспарын ұсынуды тапсырды.
Жаңа Жолдау – кешегі Жамбыл өңіріндегі жарылыстан соң әрі жаз бойы ауыл-аймақтағы қуаңшылықтан кейінгі елге үлкен моральдық көмек деп білемін. Қоғамға да тың серпін алып келді. Мемлекеттің әр саласына өзгеріс енгізген бұл Жолдау Қасым-Жомарт Кемелұлының ел тізгінін ұстауға лайық тұлға екенін көрсетті.
Талғат ТЕМЕНОВ,
режиссер, Қазақстанның халық әртісі