Экономика • 07 Қыркүйек, 2021

Мораторий мерзімінен бұрын аяқтала ма?

414 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда 2020 жылдан бастап шағын және микро­кә­сіпкерлік субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий жарияланғаны белгілі. Бұл бизнесті мемлекеттік ор­гандардың олардың қызметіне араласуынан қорғайтын пәр­менді шара болды. Алайда аталған мораторий мерзімінен бұ­рын аяқталуы да мүмкін.

Мораторий мерзімінен бұрын аяқтала ма?

Қазақстан кәсіпкерлерінің құ­қықтарын қорғау жөніндегі уә­кіл Рустам Жүрсінов осылай деп дабыл қағуда. Оның ай­туын­­ша,­ мемлекеттік органдар та­­ра­пынан Президент Жар­лы­ғы­­­нан алып тастауға жататын ер­ек­шеліктер тізбесін ке­ңейту әре­­кеттері тоқтар емес. Ол мем­лекеттік органдардың мұн­дай ұсынысы ақылға сый­май­­тынын және Мемлекет бас­­шы­сының тапсырмасына қай­­шы келетінін алға тартуда.

– Атап айтқанда, ілгеріде Қаржы министрлігі салықтық тексерулерге қатысты бастама жасады. Бұл кәсіпкерлік субъектілеріне түсетін жүкте­ме­нің айтарлықтай артуына алып келуі мүмкін. Осы орайда салық органдары үшін онсыз да біршама ерек­ше­лік­тер қарастырылған болатын.
2 қыркүйекте Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев касса тәр­ті­бінің төмендеуіне және мем­лекеттік бюджет кіріс­те­рі­нің ұлғаюын қамта­ма­сыз ету қа­жет­тілігіне сілтеме жасай оты­­­рып, мораторийді жою тура­­­лы ұсыныс айтты, – дейді Р.Жүрсінов.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қор­ғау жөніндегі уәкіл тө­тен­­ше жағдай режімінің жариялануы­на және коронавирус ин­фек­циясының таралуына байла­ныс­ты карантиндік шара­лар енгізілгендіктен, көп­те­ген кә­сіп­керлер жұмысын тоқ­та­туға мәжбүр болғанын жет­кіз­ді.

– Олардың қызметі уақыт бойынша да, келушілер саны бойынша да шектеулі болды. Сонымен қатар олар каран­тин­дік шараларды сақтау үшін де қосымша шығын шығарды. Кәсіпкерлердің бір бөлігі әлі күнге дейін өз жұмысын қайта бастай алмай отыр. Ал табыстың төмендеуі халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуімен байланысты. Кәсіпкерлер табысын жасырып отырған жоқ. Кірістің төмендеуіне осындай жағдайлар себеп болып отыр. Мемлекеттік бюджетке түсетін кірістер түсімінің қысқаруын пандемия кезінде кәсіп­кер­лер­дің кассалық тәртібі­нің тө­мендігімен байланыстыру дұ­рыс емес, – дейді Р.Жүрсінов.

Уәкілдің пікірінше, шағын бизнес тарапынан мемлекеттік бюд­жетті толықтыру мәселесі тіп­ті көңілге қонбайды.

– Шағын бизнес онсыз да «шықпа жаным, шықпа» деп отырған жоқ па?! Ресми статис­ти­ка бойынша, елімізде 1,3 млн-нан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Олардың 99,8 пайызын шағын кәсіпкерлік субъектілері құрайды. Мұндай субъ­ек­ті­лер­де аз ғана адам жұ­мыс атқа­ра­тынын ескерер бол­сақ, кез келген айыппұл санкциялары олар үшін үлкен ауырт­палық тудырары сөзсіз. Сондай-ақ бұл қыз­мет­кер­лер­дің қысқаруына, жала­қы­ның төмендеуіне әкелуі мүмкін. Айналып келгенде «көлеңкелі экономиканың» артуына жол береміз. Қазіргі жағ­дай­да әлеуметтік шиеленісті күшейтетін және шағын кәсіп­кер­лік секторларының жабылуына қауіп төндіретін қадам­дар­ға жол беруге болмайды, – деп нақтылады Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.

Р.Жүрсінов мораторий бизнес пен экономиканы қолдау шарасы ретінде қабылданғанын алға тартты. Ал жаңа ерекше­лік­тер кәсіпкерлер үшін бір­ша­ма ауыртпалық тудырады.

– Мораторий жөніндегі Жар­­лықтың қолданылу ке­зе­ңін­­де мемлекеттік орган­дар­ға мораторийді жою немесе бақылау жүзеге асырылатын белгілі бір салаларды Жарлық қолданысынан шығару туралы ұсыныстарға бастамашылық ету практикасын тоқтатуды тап­сырған дұрыс. Осыған орай мен Премьер-Министрге ұсы­ныс енгіздім, – деп жазды Р.Жүрсінов Facebook-тегі жеке парақшасына.