Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2021

Қоғамды дамытуға қызмет етеді

205 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауы әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа қадамдарына жол ашпақ. Жолдауда Президент ауыл шаруашылығы, цифрландыру, әскери сала, денсаулық пен білім, спорт, өңірлердің дамуы, газдандыру, ауыз сумен қамтуға қатысты бірқатар мәселелерді ашып жеткізіп, бұл салалардағы мақсат-міндеттерді іске асыруда бірқатар тапсырма берді.

Қоғамды дамытуға қызмет етеді

Сонымен қатар энергияның жаңа көз­дері, еңбек қатынастары, көші-қон мен де­мократияландыру, құқық қорғау сала­сын да назардан тыс қалдырмай, ал­да­ғы мін­деттерді атап өтті. Қоғам арасын­да тал­қыға түскен мемлекеттік тіл мәсе­ле­сін де күн тәртібінен қалдырмай, қазақ тілін білу отаншылдықтың белгісі еке­нін жеткізді. Сонымен қатар қоғам ара­сын­да белең алып бара жат­қан әлеу­мет­­тік желі­лердегі бір күндік атақ­құмар­­­­лық, вак­цинаға қарсы елді үгіт­теу сын­­ды өзекті мәселелер қауіпті құбы­­лыс екен­ін және зия­­­лы қауым тара­пы­нан осын­дай мәселелер ұдайы назар­да болу қажет­тігін атап өтті. Жолдау­дағы қуан­тар­­лық жаңалық – ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін өсетіні. Аталған тапсырма 2022 жылдың 1 қаң­тарынан бастап іске аспақ. Мә­де­ниет саласы, кітапханашы, мұра­ғат­­шы, техникалық қызметкерлердің материал­дық жағдайы назардан қалмай, алдағы 5 жылда жалақыны жыл сайын 20 пайызға өсіру туралы тапсырма – еліміздегі 600 мың­нан аса қызметкерге қолдау болмақ. Жол­дауды іске асыру ха­лық қалау­лы­лары­ның да жіті наза­рын­да. Біздің тарапымыздан, яғни өңірі­­міздің 300-ден аса де­пу­таты Жол­дау­ды бір кісідей жүзеге асы­рып, ірі қала­лардан шалғай ауыл тұр­ғын­дарына дейін маңызды құжатты насихат­тау – жұмы­сымыздың бір бағыты бол­мақ. Бұл үшін мәслихат депутаттары ақпа­ра­т­тық-наси­хаттық топ құрамына енгізілмек.

Жалпы, VII шақырылымдағы Алматы облыстық мәслихатында 360 халық қалаулысы ел дамуы жолында еңбек етіп келеді. Оның ішінде облыстық мәслихаттың 45 депутаты бар. Жыл басынан бері облыстық мәслихаттың 7 сессиясы өтіп, өңірдің дамуы жолындағы маңызды мәселелер қаралып, аса жауапты шешімдер қабылданды. Әлеуметтік-экономикалық даму бағытында 46 шешім, оның ішінде 3 нормативті-құқықтық қаулы бекітілді. Қаралған мәселелердің ішінен өңірдің даму бағдарламасы, мемлекет-жекешелік әріптестік жобалары, туризм инфрақұрылымының дамуы, тексеру комиссияларының қызметі, автомобиль жолдары, жастар саясатының іске асуы, денсаулық сақтау саласының жағдайы және өзге де өзекті мәселелер бар. Атап айтсақ, биылғы 1-жартыжылдықтың қорытындысы бойынша түскен кірістер көлемі 114,7 пайызға орындалғанын ескере отырып және шұғыл шешімді талап ететін шығындарды қаржыландыру мақсатында салықтық түсімдер болжамын 30 млрд теңгеге арттыру туралы ұсыныс облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан енгізіліп, мәслихат сессиясында бекітілді.

Мәслихат қызметіндегі бағыттар­дың бірі – тұрақты комиссиялардың жұ­мысы. Жыл басынан бері 23 отырыс ұйым­дастырылып, әр сала бойынша 39 мәселе қаралды. Олардың қатарында, жолдарды жөндеу, білім, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, жұмыспен қамтудың жол картасы, денсаулық сақтау, құрылыс, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым­ды дамыту, электроэнергетика, экология, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, жер қатынастары және жол көлік саласы сынды аса маңызды бағыттардың нәтижесі талқыланды. Мысалға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мүшелері Алматы облысында «Мүліктің меншік иелері бірлестігін немесе жай серіктестік» институтын енгізу жөніндегі реформаны жүзеге асыру аясында 48 түсіндірме жұмысын, 16 селекторлық жиын, тұрғындардың қатысуымен 1013 жиналыс өткізді.

Облыстық мәслихаттың жанындағы қоғамдық кеңестің 4 отырысы өтті. Кеңес мүшелері облыстың 2021 жылғы бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, өңірдің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен 2021 жылғы міндеттері, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, сұрыптау, жою және көму мәселелері, мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу нәтижелері сынды мәселелерді қарап, тиісті ұсыныс-ескертпелер берді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы және өкілді органдардың нормативті-құқық­тық актілердің 20 жобасын талқылады. Алматы облысының мәслихаты мен тексеру комиссиясы арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі өзара іс-қимыл туралы меморандумды іске асыру шеңберінде Облыстық тексеру комиссиясымен 2 бірлескен отырыс өткізілді.

Nur Otan партиясы «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының іске асыруын бақылау мақсатында облыстық мәслихат депутаттары, тұрақты комиссия мүшелері 2021 жылдың 3-10 маусым аралығында аудандар мен қалаларда әлеуметтік сала бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан 9 мәдениет үйі және 34 мектептің құрылыс нысандарына мониторинг жүргізді. Бағдарлама аясында облыс бойынша жаңадан 7 өндіріс орны ашылды. Сонымен қатар 506,3 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы жоспарлануда, оның ішінде бюджет есебінен биыл 2 603 пәтерлі 521 тұрғын үй салынбақ. Алғашқы жартыжылдықта 245 отбасы, оның ішінде 15 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Бұдан бөлек, 3 дәрігерлік амбулатория, 89 балабақша, 2 спорт-сауықтыру кешені, 106,5 шақырым сумен қамту нысандары, 509 шақырым газбен қамту нысандары салынып, 41,9 шақырым автомобиль жолдары жөнделді.

Депутаттардың сайлауалды бағдар­ла­масындағы миссияның бірі – азамат­тар­дың мәселелерін шешу және құзырлы органдар арасында алтын көпір болу. Осы орайда депутаттар жыл басынан азаматтармен кері байланыс орнатуда саяси партиялардың қоғамдық қабылдау алаңдарында тұрғындардың мәселелерін қарап, нәтижелі жұмыс атқарды. Халық қалаулылары 738 қабылдау өткізіп, 1 005 адамды қабылдады. Қабылдаулардың нәтижесінде 646 өтініш немесе бар мәселенің 64,2 пайызы оң шешім тапты. Қалған 359 мәселе бақылауда. Халық қалаулылары карантин талаптарының күшеюіне орай, әлеуметтік желілердің мүм­кін­дігін кеңінен пайдаланып, қоғам­дық қабылдауларды онлайн өткізуде. Мәселен, саяси партиялармен бірлесе өткізілген «Депутатқа сауал қой» акция­сы аясында Instagram, Facebook желі­лері арқылы 360-тан астам тікелей эфир жүр­гізіліп, оған 50 мыңнан астам халық қатысты. Депутаттар желілердегі тікелей эфирді одан әрі жалғастыруды жос­пар­лап отыр. Мәслихат депутаттарының жұ­мысын жүйелендіру, бұқаралық ақпа­рат құрал­дарымен жұмыс, халықпен кері тығыз байланысты орнату, заман тала­бына сай жаңа заңдардың іске асыры­луы, қазіргі таңда нормативті-құқық­тық актілермен, заңдарға енгізілген өзге­ріс­­тер­дің бағыттарымен таныстыру мақ­сатын­да облыстық мәслихаттың депутат­тары­мен және аудандық қалалық мәслихат аппараты қызметкерлерінің қатысуы­мен жергілікті жерлерде кездесулер өткізілді.

Халқымызда «Қайыр қылсаң – бүтін қыл» деген мақал бар. Осы орайда ха­лық қалаулыларының қайырымдылық бағы­тындағы істері көпке үлгі. Атап айт­сақ, жыл басынан бері 5 мыңнан астам жетісулық азаматқа жалпы сомасы 90 578 500 теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетіліп, мұқтаж жандардың қажеттілігі өтелді. Сонымен қатар «Мектепке жол» акциясы аясында өңір депутаттары жалпы 25 832 600 теңге көлеміндегі қаражат­қа 1 107 баланы қажетті мектеп құрал­дары, киім-кешектермен қамтамасыз етті. Биылғы құрғақшылық еліміздің кейбір өңірлеріндегі жем-шөптің жетіспеушілігін тудырды. Соған орай халық қалаулылары Маңғыстау облысындағы мал азығының жетіспеушілігіне бірден назар аударып, қолдау көрсетті. Барлық депутаттар осындай игілікті істердің ұйытқысы болудан тартынған емес және бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра бермек.

 

Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ,

Алматы облыстық мәслихатының хатшысы