«Қызыл анар» – зорлық-зомбылықтан аман қалып, әділдік іздеген әйелдің оқиғасына құрылған фильм. Шарипа Оразбаеваның сөзімен айтсақ, «бұл кезекті әлеуметтік драма емес, шынайы оқиғалармен өрілген поэтикалық кино».
Фильм рекордтық уақытта, яғни 12 күнде таспаланып біткен. Түсірілім жұмыстары негізінен Алматы облысында өтті.
Кинофестивальде «Қызыл анардан» бөлек Иран, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан, Вьетнам елдерінен 10 фильм осы аталымда бақ сынасады. Байқау ережесі бойынша қазылар алқасы екі жеңімпазды таңдап, әрқайсысы 30,000 доллар көлемінде жүлдеге ие болады.
Пусан халықаралық кинофестивалі – 1996 жылдан бері Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында жыл сайын өткізілетін Азиядағы ең ірі байқау. Кино додасы биыл 6-15 қазан аралығында өтеді.
Айта кетейік, «Қызыл анар» Шарипа Оразбаеваның толықметражды екінші туындысы. Режиссер алғашқы «Мәриям» атты толықметражды фильмі үшін Лондонда өткен 22-халықаралық Rainbow Film Festival кинофестивалінде «Үздік режиссер әйел» атанған.