Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2021

Урбанизация. Қазақстанда ауылдар азайып барады

783 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаменті 2050 жылға қарай Қазақстанда урбанизация деңгейі 69,1 пайызға жетеді деп болжап отыр, деп жазады Egemen.kz.

Урбанизация. Қазақстанда ауылдар азайып барады

Energyprom жазуынша, Қазақстанда даму қарқыны халықтың өсу қарқынынан бірнеше есе жоғары. Мәселен, осы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша қазірдің өзінде 7,7 миллион шаршы метр пайдалануға берілді. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 10,3% көп. Бұл ретте жалпы көлемнің төрттен үш бөлігі қалада пайдалануға берілді. Биыл елімізде 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жоспар орындалса, жаңа рекордтық көрсеткіш болады. Салыстыру үшін: 2020 жылы 15,3 миллион шаршы метр тапсырылды. 

Бұл ретте Қазақстандағы халық санының өсімі жыл сайын шамамен 1,3% құрайды. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасында 19 миллион адам бар. Қала халқының өсімі 2% құрап,  11,3 млн адамға жетті. Бұл ел тұрғындарының 59,2%-ын құрайды. 

Мемлекеттік бағдарлама аясындағы қолжетімді ипотекалық несие тұрғын үй құрылысы саласындағы қарқынды өсімге себеп болды. Жыл басынан бері 7 айда «Отбасы» банкі жаңа баспана сатып алу үшін 183,9 млрд теңгеге 14,4 мың несие берді.

БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаменті 2050 жылға қарай Қазақстанда урбанизация деңгейі 69,1 пайызға жетеді деп болжап отыр. Яғни, еліміздің 10 тұрғынының 7-еуі қалада тұратын болады.