Түркістан ауданындағы Иқан ауылының әкімі, Түркістан аймақтық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Даныш МАННАТОВПЕН әңгімеде бүгінгі өзбек бауырлардың шат-шадыман тыныс-тіршілігі жөнінде сөз болады.
– Даныш ака, сіздің Иқан ауылының әкімі, Түркістандағы өзбек мәдени орталығының төрағасы ретінде атқарып жүрген азаматтық істеріңізді сырттай естіп жатамыз. Журналист ретінде өзіңізбен әңгімелессек деген ой бар еді. Соның реті бүгін түскен сияқты.
– Иқан ауылы ежелден-ақ егіншілікпен, бау-бақша, мақта өсірумен айналысатын құтты мекен ғой. Қай жерде болса да диқандарды толғандыратын өзекті проблемалар, шешуін күтетін қат-қабат шаруалар аз болмайды. Осындай мәселелер ауылымызда да кездесіп отырады. Бұрыннан маза бермей жүрген ұсыныс-пікірлерімізбен Ауыл шаруашылығы вице-министрінің қабылдауында болдым. Шаруаның ығын жақсы түсінетін, жаны жомарт, кеңпейіл азамат екен. Жылы қабылдай отырып, ұсыныстарыма көңіл бөлді. Барлық мәселелерімізді бас-аяғы жиырма минөтте шешіп берді. Ол кісінің осыншалықты ілтипат-ықыласына риза болдым. Алғысымды айтып, шығуға оқталғанымда мені тоқтатты.
“Даныш аға, – деді министрдің орынбасары, – сіз – шаруа адамысыз. Бай тәжірибеңіз бар. Бірер мәселе жөнінде өзіңізбен ақылдассақ деп едік”.
Осыдан кейін көмекшісіне бөлім меңгерушілерін кабинетіне тез арада жинауға тапсырма берді. Сонымен, министр орынбасарының кабинетіндегі бұл басқосу бір сағаттан астам уақытқа созылды. Бастапқыда әңгіменің негізі егіс алқаптарын тамшылатып суару мәселесі жөнінде болды. Қазір министрлік тарапынан бұл проблемаға баса назар аударылып отырғаны баршамызға белгілі. Мамандар диқан ретіндегі менің пікір-ұсынысымды сұрады, бүкпесіз ашық айтуды өтінді.
Сондай-ақ осы басқосуда бау-бақша өсірушілерге мемлекет тарапынан субсидия беру, көпжылдық жеміс-жидек дақылдары мен жүзімдіктер өсіруді жүзеге асыру, оны бюджеттік бағдарлама бойынша қаржыландыру мәселелері де кеңінен сөз болды. Осы тұрғыда мен де өз ұсыныс-ойларымды айттым. Бау-бақша өсірушілерге субсидия беруде қойылатын талап баршамыздың көкейімізден шығып отыр. Мұның көлемі бау-бақшаның аумағына байланысты болмақ, яғни ол шаруашылықтарда он гектардан кем болмауы тиіс.
Ал енді өзімізге келетін болсақ, иқандықтар тек соңғы үш жылдың өзінде 1500 гектарға бау-бақша өсірді. Мұның негізі жеміс ағаштары, жүзімдік алқаптар. Біз өзіміз үш ағайындымыз. Соңғы жылдары бау-бағымыздың көлемі 450 гектарға жетті. Үкімет тарапынан біздерге жасалып отырған қамқорлық жөнінде айтар болсақ, жүрегіміз қуаныш-шаттыққа бөленеді.
– Өткен жылы күзде Түркістан аймағындағы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы болып сайланғаныңызды білеміз. Аталмыш бірлестіктің алдында тұрған міндеттер тұрғысында таратып айтудың реті келіп тұрған сияқты.
– Өзбек этномәдени бірлестігі атқаруға тиіс жұмыс ауқымы аса кең. Түркістан қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендерде, өзіміздің Иқан ауылында тұратын өзбектердің ата-бабалары бұл аймақтарға ежелден қоныстанған байырғы тұрғындардан саналады. Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр сабақтастығы қай этностың болса да ең басты құндылықтары болып есептеледі ғой. Бірлестіктің негізгі ұстанымдарының қатарына атадан балаға мирас болып келе жатқан осы сабақтастықты өркен жайдыра түсу сияқты жәйттер бар. Бұған туған елімізде мол мүмкіндіктер жасалып отырғанын ризашылық сезіммен қолымызды жүрегімізге қойып тұрып мақтанышпен айтамыз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен он сегіз жыл ішінде еліміз қол жеткізген ауыз толтырып айтатындай жетістіктерді тілге тиек еткенде өткен жылдарды еске түсірмей тұра алмайсың. Елбасының сындарлы да салиқалы саясатының арқасында елімізде тыныштық пен татулық орнап отыр. Тәуелсіз Қазақстанды бүкіл әлем танып, мойындауда, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі соның жарқын дәлелі болса керек. Дәл осындай елде тұрып, үрім-бұтағымызды өркен жайдырып отырған біздер, өзбектер бақыттымыз. Президенттің ішкі-сыртқы саясатын мақұлдап қана қоймай, ынтымақпен соңынан ерген Қазақстан халқының алдыңғы сапында жүргенімізді әрдайым мақтан етеміз. Бұған толық құқығымыз бар. Қазір біздің ұстанып отырған темірқазығымыз – “Ел бірлігі доктринасы”. Онда “Қазақ тілін мектепке дейінгі мекемелерде, мектептер мен жоғары оқу орындарында оқыту сапасын жақсарту” керегі, сондай-ақ “Қазақстан этностарының мәдениетін әрі қарай өзара байыту” мәселесі баса айтылған. Қалай десек те бұл құжат Қазақстанда тұратын қазақ халқы мен өзге этностардың өзара қандай негіздерді басшылыққа алу арқылы тату тұруы тиіс екенін жан-жақты қарастырған. Дәл сондықтан да доктринада алға қойылған міндеттерді күнделікті ісімізде басшылыққа алып отыру біздің басты парызымыз болып табылады.
– Даныш ака, енді этномәдени бірлестіктің тіл мәселесі төңірегінде қолға алып отырған шаралары жөнінде хабардар ете кетсеңіз.
– Біздің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруіміз қазақ халқының кең пейілі мен қонақжайлылығының, дарқан жүрегінің арқасында екенін халқымыз жақсы түсінеді. Еліміз тәуелсіздік алғалы атқарылған тындырымды тірліктер нәтижесінде көптеген жергілікті ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшынысы арта түскен. Қазақ тілін жете меңгерген ата-аналар балаларының да бұл тілді терең үйренулеріне барынша ден қоюда. Жоғарыда айтқанымдай, жалпы Түркістан аймағында, өз ауылымызда қазақ тілінде сөйлей алмайтындар жоқтың қасы десем, сірә да қателесе қоймаспын. Иә, Иқан ауылының тұрғындары мемлекеттік тілдің мерейін сөзімен емес, нақты ісімен асқақтатуға бар ынта-жігерлерін жұмсауда. Біздің бастамамызбен осыдан төрт жарым жыл бұрын “Иқан” өзбек орта мектебінде алғашқы қазақ сыныбы ашылған болатын. Содан бергі уақытта жыл сайын бір сыныпты қазақша оқыту дәстүрге айналып келеді. Алғашқы сыныптағы балалардың жетістігіне көздері жеткен ата-аналар бұған өздері-ақ құлшыныс танытуда. Соның айқын дәлелі сыныптардағы оқушылар санының арта түсуі болып отыр.
Еліміздегі үш тұғырлы тіл саясатына байланысты бірқатар өзбек мектептерінде үш тілде оқыту жүйесін жандандыра түсу мәселесі қолға алынуда. Айталық, Түркістандағы Хамза атындағы өзбек орта мектебінде қазақ, орыс, ағылшын тілдерін тереңдетіп оқыту жүйесі жұмыс істеуде. Бесінші, алтыншы сыныптардан бастап қосымша сабақтар жүйелі түрде жүргізілуде. Мұғалімдерге 15-20 пайыз үстеме ақы төленді. Мұндай материалдық ынталандыру мұғалімдердің жігерін жанып, олар осынау игілікті істердің кең өріс алуына бар қажыр-қайраттары мен жан жылуларын жұмсауда.
– Этномәдени бірлестіктің ауқымы кең екендігіне көзіміз жетіп отыр. Бірқатар шараларды атқару барысында мәселенің қаржыға тірелері анық. Ал енді осы қаржыны қайдан, қалай табасыздар?
– Орынды сұрақ. Бізге бюджеттен қаржы бөлінбейді. Оның көзін өзіміз табуымыз керек. Жасыратыны жоқ, бірқатар дәулетті кісілер, ата-аналар бар. Олар ел игілігі жолындағы ортақ іске көздері жетіп отырғандықтан, аянып қалмайды. Сөз реті келгенде айта кетейін, осы өзіміз туып-өскен Иқанда ертеректе Сайтмұрат деген бабамыз өткен. Өзі ел билеген, болыс болған. Имандылығымен аты шыққан. Жетім-жесірлерге, кәріп, мүсәпірлерге, мүгедек, жарымжандарға қамқорлық-көмегін еш аямаған. Әкесі мен өзінің бар байлығын халықтың игілігіне жаратумен даңқы асқақтаған. Қолында байлығы барлардан осындай имандылықты талап еткен, байлығын жасырып, көмек беруден қашқақтағандарды кінәларын мойнына қойып, халық алдында жазалаған, тіпті ағашқа байлап қойған, дүре соқтырған. Қазір Иқан ауылында Сайтмұрат бабамызға орнатылған ескерткіш бар. Осы баба ескерткіші кім-кімді болса да тәубесіне келтіріп тұрғандай. Мұны халқымыз жақсы түсінеді... Сондай-ақ, ауылымызда барлық сән-салтанатымен үлкен мешіт бой көтерді. Оны еліміздің бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі арнайы келіп, ашып берді.
Өткен жылдың желтоқсан айында Түркістандағы өзбек этномәдени бірлестігін көркейтуге бағытталған акция өткіздік. Оған іске жаны ашитын азаматтар көп келді. Жақсы-жақсы тілектер айтылды, жүрекжарды ой-пікірлер ортаға салынды. Қолма-қол 2 200 000 теңге қаржы жиналды. Қала әкімі Қайрат Молдасейітов 100 000 теңге, облыстық мәслихаттың депутаты, ауыл ақсақалы Жақан Шалбаев 100 000 теңге ұсынды. Осындай жаны жайсаң, жомарт жандар аз болған жоқ.
Қаржы мәселесінде осындай әрекеттеріміз бар. Ол өз нәтижесін беруде.
– Әр халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, өздеріне тән ұлттық құндылықтары болады. Ұлттық ар-намыстың өлшеуіші іспеттес осынау құндылықтардың бәрінен де жоғары тұратынымен ешкім де дауласа алмайды. Қазақстанның ежелгі тұрғындарының бірінен саналатын өзбек бауырларымыздың осы тұрғыдағы жай-күйінен хабардар ете кетсеңіз.
– Қазақстандық өзбектер ұлттық салт-дәстүрді барынша гүлдендіре түсу жолында зор ұйымшылдық көрсетуде. Айталық, бұрнағы жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында өткен өзбектердің республикалық құрылтайында бұл маңызды мәселеге айрықша көңіл бөлінді. Осы басқосуға еліміздің 10 облысынан 215 делегат қатысты. Құрылтайда “Дустлик” республикалық ассоциациясының президенті, Парламент Мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұрадов баяндама жасап, Қазақ еліндегі өзбек этносының қол жеткізген жетістіктері мен атқарып отырған сан-салалы игілікті істеріне жан-жақты тоқталды. Ұлттық салт-дәстүрді берік ұстана отырып, кең өрге бастырудың жарқын көкжиектері нақтылана түсті, осы орайда алға жаңа міндеттер қойылды.
Бұрнағы жылы Сайрам ауылында өзбек драма театрының дүниеге келуі біздің ұлттық мақтанышымыз болып табылады. Осы ретте айта кетер бір негізгі мәселеміз сол, таяу уақытта Түркістан қаласынан өзбек тілінде газет шығаруға бел байлап отырмыз. Қазір оған әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Оны ұйымдастыру танымал журналист, республикалық “Жанубий Козоғистон” газетінің Түркістан және Кентау қалаларындағы меншікті тілшісі, Түркістан өзбек мәдени бірлестігінің атқарушы директоры Шамырза Мадалимовқа жүктелді. Біздің газет шығару жөніндегі өтініш-тілегімізге Түркістан қалалық әкімдігі түсіністікпен қарап, қолдап отыр.
Жыл сайын қазақстандық өзбектердің өнер шеберлері арасында республикалық конкурстар өткізіп отыру дәстүрге айналып келеді. Бір ғана мысал келтіре кетейік. Бұрнағы жылы Сайрам ауылында өзбектің ежелгі халық юморы – аския бойынша ІІІ халықаралық фестиваль өткен болатын. Бұған еліміздің Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары мен Өзбекстанның аския шеберлері қатысып, сөз сайысында бақ сынасты. Бес команданың арасынан Түркістанның сөз шеберлері үздік шықты. Ал сайрамдық аскияшылар екінші орынды иеленсе, үшінші орынға Жамбыл облысы мен Қарамұрт ауылдық округінің командалары көтерілді.
Мәдени бірлестік үстіміздегі жылы Түркістан қаласында өзбек халық әндерінің “Қасиетті әндерді қадірлейік” атты республикалық байқауы мен өзбек ақындарының республикалық мүшәйрасын өткізуді көздеуде.
– Даныш ака, әңгімеміздің соңында осындағы ұлы қақпа кешені жөнінде айта кетсеңіз.
– Иқан ауылы – қасиетті Түркістанның іргесіндегі елді мекен, жиырма шақты шақырымдай жерде. Киелі шаһарға апаратын күре жол біздің ауылымызды қақ жарып өтеді. Түркістанға қарай бет алған жолаушылар мен қонақтардың, зиярат етушілердің қасиетті қалаға алғашқы қадамдарын ұғындыру мақсатында ұлы қақпа кешенін тұрғызу уақыт талабынан туындаған идея еді. Қаржыны өз қалтамыздан шығардық, халқымыз ниетімізді қоштап, дем беріп отырды. Ұлы қақпа бой көтеріп, зәулім ғимарат салынды. Қызыл кірпіштен өрілген осы сәулетті үйді ұлттар достығының символына айналдыруға күш салдық. Нәтижесінде қазақ, өзбек, қырғыз, түрік, әзірбайжан, түркімен, татар ұлттарына арналған жеті бөлмені жасақтап, ұлттық нақыштарымен сәулеттендірдік. Бұларды безендіру үшін сәулетшілер мен ұлттық шеберлерді сырттан алдырдық.
Бұл ғимаратта ұлттық бөлмелерден өзге ақниет залы, намаз оқитын, бата беретін және неке қиятын арнаулы орындар, дөңгелек үстел өткізетін бөлме бар.
Кезінде осы ұлы қақпа кешенінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ислам Каримов болып, дәм татты. Қос президент ғибратты сөздер айтып, бөлмелерді тамашалады, ризашылықтарын білдірді. Иқан ауылының тұрғындары мұны әрдайым мақтаныш сезімімен еске алып жүреді.
– Даныш ака, жүрекжарды әңгімеңізге рахмет. Иқандық бауырларымызға шат өмір тілейміз.
Әңгімелескен
Сейдулла САДЫҚОВ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Өзбекстандағы республикалық “Нұрлы жол” газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы штаттан тыс тілшісі.
Оңтүстік Қазақстан облысы.