Ақмола облысы Есіл ауданының Калачи ауылында белгісіз ауру жұртты әбігерге салды. Бұл туралы «24 kz» хабарлады.
Сырқатқа шалдыққан ауыл тұрғындарының бастары айналып, көздері қарауытып, содан соң мүлде естен айырылып ұйықтап қалады екен. Өткен жылдан бері бұл ауру түрімен 33 азамат жергілікті дәрігерлерге көрініпті. Облыстан арнайы мамандар келіп, суды, ауаны, азық-түлікті тексеріп бәрі қалыпты деген қорытынды жасаған. «Мұндай жағдай облыс төңірегінде бұрын-соңды болған емес. Жалпы, Қазақстан бойынша осы сырқат алғаш рет белең алып отыр десем қателеспеспін. Ауыл тұрғындары белгісіз сырқаттың себебін өңірде осыдан 10 жыл бұрын жабылып қалған уран өндірісімен байланыстырады», - дейді Есіл аудандық ауруханасының бас дәрігері Қабдірашит Әлмағамбетов.
Бір жыл бойы жергілікті тұрғындардың денсаулығын қадағалаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері бүгін тағы кезекті тексеруін бастады. Науқастардың шашы мен тырнағы Астана қаласындағы зертханаға жіберілді. «Екі тәулік белгісіз сырқаттың себебін анықтадық. Ол бойынша диффузиялық ісік белгілері анықталып, токсикалық энцефалопа́тия деген қорытындыға келдік», - деді облыстық балалар ауруханасының невропотолог дәрігері Алтын Қартабаева.
Аурудың аты анықталғанымен, оның неден болатыны беймәлім күйінде қалып отыр. Сондықтан медицина саласының мамандары жан-жақты тексеру жұмысына кірісіп кетті...
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: «24 kz».
Фото: «24 kz».