Жақында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Жолдау 2021: іске асыру жолдары» дөңгелек үстелі барысында да аталған мәселелер сөз болды. Тарата айтар болсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Қазақстан халқына Жолдауында міндеттердің басым бөлігін белгілеуден бұрын мемлекеттің қаржылық тұрақтылығы туралы мәселе көтерді. Жыл соңына дейін мемлекеттік қаржыны басқарудың жеке тұжырымдамасын дайындау міндеті тұр. Оның қажеттілігі неде және бюджеттік ережелер іс жүзінде қалай жүзеге асырылады? Бұл жөнінде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Рашит Ахметов баяндады. «Мемлекеттік қаржымен жұмыс істеуде бірыңғай тәсілді, бірыңғай тұжырымдаманы жүйелендіру және әзірлеу қажеттілігі туындап отыр. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы бюджет саясатын, мемлекеттік және квазимемлекеттік борыштарды бірыңғай форматта (бұрын олар бытыраңқы пайдаланылған) басқаруға, сондай-ақ Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру мен пайдалануға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында осыған қатысты тапсырмалар берді», деді спикер.
Халық қатысатын бюджет тәжірибесі. Бұл қаншалықты тиімді тетік? Ол қарапайым қазақстандықтарға не береді? Бұл сұрақтарға Экономикалық зерттеулер институты өңірлік зерттеулер орталығының директоры Қайсар Нығметов жауап берді. «2020 жылы үш ірі қалада жалпы қаржыландыру көлемі 2,3 млрд теңгені құрайтын 81 жоба іске асырылды. Бұл тұрғындардың өздері ұсынған, дауыс берген жобалар. Келесі жылдан бастап 55-57 қала мен аудан халқы бюджетке қатысады деп жоспарланған. Енді тұрғындар қандай жобаларды жүзеге асыру керектігін өздері шешеді. Президент өз Жолдауында көтерген маңызды мәселелердің бірі – өңірлердің дербестігін арттыру, олардың орталықтан ресурстар күту позициясында болмауы. Біртіндеп орталықсыздандыру жүріп жатыр. Бұл – салықтық әлеует біртіндеп республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке аударылады дегеннің белгісі. Айталық, 2019 жылы жергілікті жерлерде ШОБ-тан КТС (корпоративтік табыс салығы) берілді, тіпті 2020 жыл карантин жағдайында болғанына қарамастан, бүкіл ел бойынша түсімдер 25%-ға өсті. 2022 жылдан бастап салықтардың тағы төрт түрін, 2024 жылдан бастап тағы үш түрін республикалық бюджеттен жергілікті деңгейге беру жоспарланып отыр. Бұл өңірлерге жергілікті жерлердегі мәселелерді шешу үшін өкілеттіктер ғана емес, сондай-ақ қаржы ресурстары да берілетінінің белгісі», деді сарапшы.
Президенттің бастамасы – жергілікті әкімдерді белсенді іс-қимылға ынталандыру. Салық неғұрлым көп болса, ауылдағы өмір анағұрлым жақсы болады. Жақында қабылданған Жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде тек ауылдық жерлерде ғана емес, қалаларда да жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту көзделген.
Президенттің тапсырмасымен Қазақстанда ауыл әкімдерін сайлау өткізілді. Оған халық белсенді қатысты. Жыл сайын әкімдерінің қызмет мерзімі аяқталған ауылдарда сайлау өтеді. Осы орайда Мәжіліс депутаты, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Берік Әбдіғали:«Халық өз әкімін сайлап, жауапкершілікті алып жатыр. Енді өздері сайлаған әкіммен бірге жұмыс істеп, оған көмектеседі. Бұл жақсы бастама. Әрине, ауыл, аудан, қала әкімінің жұмысын бағалағанда, әлеуметтік сауалдама нәтижесінде халықтың 30%-ы көңілі толмаса, бұл әкімдердің қызметіне сай екенін қайта қарау керек деп Президентіміз атап өтті. Өйткені әкімдер халықтың көңілінен шығу үшін жұмыс істеу керек», деді. Б.Әбдіғали ауыл әкімдерінің жұмысын бағалаудың басты критерийлеріне тоқталды. «Әкім ауыл тұрғындарының мүддесін аудан әкімінің, аудандық мәслихат алдында қорғай білуі керек. Ауылда орын алған дау-дамайды да, жанжалды да шеше алатын, тұрғындарды ұйыстыра білетін көшбасшысы болуға тиіс. Сонымен қатар бюджеттен және бюджеттен тыс инвестиция тарта білуге тиіс. Қай ауылға көп қаржы құйылып жатса, онда сол ауылдың әкімі белсенді деген сөз. Сол әкімнің жұмысын жақсы деп бағалауға болады», деді депутат.
Оның пікірінше, ауыл әкімдерін сайлау азаматтық қоғамды жандандырды, келесі қадам – аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау – жергілікті жерлердегі билік пен халықты тікелей жақындатуға тиіс.
Мемлекет басшысы аудан әкімдерін сайлауды енгізу жоспарланып отырғанын тағы да растады. Бұл сайлау бойынша пилоттық жобаны қайда өткізу керек? Бұл мәселе бойынша болжамдар қандай? Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеевтің пікірінше, әкімдерді сайлау пилоттық жобасын барлық өңірде қолға алу қажет. Бұл азаматтардың сайлау белсенділігі, сайлау процестерін ұйымдастыру тұрғысынан жағдайдың қандай екенін түсінуге мүмкіндік береді. «Қазіргі кезде мемлекеттік аппарат пен өңірлік билік жұмысында екі жүйелі проблема бар: бақылау және жауапкершілік жүйесінің деформациясы. Оларды бәсекеге қабілетті және саламатты таңдау ортасын құру арқылы ғана шешуге болады. Екіншіден, тікелей сайлау басқару кадрларын сапалы іріктеу жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесінің негізгі буындары. Осы орындар үшін бәсекелестік деңгейі өте жоғары болады деп күтілуде. Табанды күрес болады. Бүгінде басқару элитасында, азаматтарда билік азаматтарға барынша тәуелді болып, билік әрқашан қоғамдық қысымда болуы керек, әйтпесе ол қалыпты жұмыс істемейді деген түсінік қалыптасуға тиіс», дейді саясаттанушы.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында мыңдаған жаңа мектеп салу туралы айтты. Бұл жеткілікті ме? Бұл мектептерді кім салады? Бұл жөнінде «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ президенті Мәдина Тыныбаева қазақстандықтардың адами капиталын арттыру, білім беруді дамыту – әрдайым Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларының маңызды бөлігін құрайтынын, бұл жолы да барлық сала үшін кадрлық әлеуетті дамыту жөнінде нақты міндет қойылғанын, білім беру жүйесі жайлы Жолдауда нақты айтылғанын сөз ете келіп: «Президенттің алға қойған міндеттерін, философиясын түсіну өте маңызды. Білім беру – тек білім алу ғана емес, бұл балаларды әлеуметтендірудің өте маңызды құрамдас бөлігі. Адами капиталды құру, қазақстандықтардың кадрлық әлеуетін даярлау мәселесінде балаларды оқыту, білім беру және әлеуметтену жағдайларын қамтамасыз ету өте маңызды. Мектеп тапшылығы бар екені рас. Білім және ғылым министрлігі біраз уақыттан бері оқушы орындарының мониторингін жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда тапшы болып тұрған 225 мың оқушы орны сөз болып отыр. 2025 жылға қарай шамамен миллионға жуық болады деп болжануда. Сондықтан Мемлекет басшысы салынатын мектеп санын 800-ден 1000-ға жеткізуді тапсырды. Биылдың өзінде 200 жаңа мектеп іске қосылады деп жоспарланған. Бұл орайда Мемлекет басшысы жеке сектормен де, жергілікті атқарушы органдармен де жұмыс жүргізілуге тиіс екенін атап өтті, сондықтан БҒМ жаңа мектептер салудың 3 тетігін жоспарлап отыр: жергілікті бюджеттерден нысаналы құрылыс, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және жеке мектептерді ашу үшін жеке инвесторларды тарту. Жаңа мектептерді іске қосу үш ауысымды мектептер, апатты мектептер сияқты мәселелерді шешу орайында жүргізілетін болады», дейді сарапшы.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірнеше жылдан бері жоғары оқу орындары мен колледждермен бірлесіп білім беру бағдарламаларын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Тіпті «Оқу орындарының білім беру бағдарламаларының рейтингі» де жасалды. Бұл процеске жұмыс берушілер тартылды. Шартты түрде, 2018 жылы олардың білім беру бағдарламаларының сапасына қанағаттануы 33%-ды құрады, ал бүгінгі күні 52%-ға дейін өсті. Жұмыс берушілер белсенді қатысуға, бағдарламаларды өзектендіруге, оқу орындарына қандай мамандар, қандай білім, дағдылар қажет екенін айтуға тиіс. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов осы мәселе жөнінде: «Экономиканың өзі динамикалық түрде өзгеріп жатқанын түсінеміз. Бір мамандық 3-5 жылдан кейін ескіруі мүмкін және жаңа дағдылар қажет. Мемлекет басшысы Жолдауда кәсіби біліктілік туралы жеке заң қабылдау қажеттігі туралы нақты міндет қойды», деді. Мәселен, өз бетінше оқып, өзін қайта даярлаған маманның біліктілігін кім растайды? Міне, осы тұста жаңа заң сертификаттау жүйесін реттейтін болады. «Ол сертификаттау орталығына барып, біліктілігін растап, жұмысқа кірісе алады, сәйкесінше жұмыс беруші жоғары жалақы төлейді. Дәл осы заң жұмыс берушілердің маманға қоятын талаптарын реттейді. Бұл кәсіби стандарттар болады. Бізде 580-нен астам кәсіби стандарт бекітілді, бірақ бұл барлық кәсіптің 30%-ы ғана. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Кәсіби стандарттардың 70%-ын әзірлеу қажет. Осы «Кәсіби біліктілік туралы» заң жобасы аясында барлық жұмысты үйлестіретін жеке орган құрылады деген үміт бар. Әрбір сала бойынша кәсіби стандарт болғаны, сертификаттау орталықтары құрылғаны және жалпы білім беру жүйесінің нарықта қандай мамандар, дағдылар мен машықтар қажет екенін «түсінгені» өте маңызды», деді сарапшы.
Басқа да сарапшылар Президенттің жаңа Жолдауы мемлекеттің халықтың әл-ауқатын жақсарта түсу бойынша іс-қимыл жоспары екенін, бұл құжатта қамтылған міндеттердің барлығын оңтайлы еңсеруге елімізде мүмкіндік бар екенін жеткізді.