Экономика • 08 Қыркүйек, 2021

Зейін ШАМАРОВ: «Зауыт – менің екінші үйім»

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін іскер, өз жұмысының хас шебері,  Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкері Зейін Сабитұлы Шамаров туралы әңгіме өрбітпекпіз.

Зейін ШАМАРОВ:  «Зауыт – менің екінші үйім»

Зейін Шамаров 1969 жылы Гурьев қаласында мұғалім мен балық комбинатында еңбек еткен жұмысшы отбасында дүниеге келген. Бала кезінен сабаққа алғыр, зерек болған ол өзінің атына заты сай атанып еңбекке құштар болып өседі. Ер жетіп, ауыл шаруашылық техникумының механик мамандығын тәмамдап, әскери борышын өтеп келеді. 1990 жылдары еңбекке белсене араласады. Алғашқы еңбек жолын «Солтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясында» моторист болып қызмет ете отырып, Атырау мұнай-газ институтының инженер-технолог мамандығын тәмамдайды. 1995 жылдың 25 қаңтарында Атырау мұнай өңдеу зауытының 4-ші цехына эстакада операторы болып орналасады. Бір орында тапжылмай 13 жыл еңбек етіп, жұмыстың ащысы мен тұщысына төтеп беріп еңбекқорлықтың нәтижесінде оператор, аға оператор, эстакада механигі, эстакада басшысы лауазымдарында еңбек етеді. Қазіргі таңда мұнай өнімдерін өндіру және тасымалдау өндірісінің резервуарлық паркінің басшысы міндетін атқаруда.

Ол ұжымда жұмыс барысын алдыңғы орынға қойып, жұмысшылардан жұмысқа деген жауап­кершілікті, ұқыптылықты, тәртіпті талап етеді. Себебі резервуар паркі тікелей зауыттың технологиялық қон­дырғыларын мұнаймен қамтамасыз ету жұмыс­тарын атқарады.

– Негізінде мен сызуды өте жақсы көремін. Бұрын­дары осы сызуға қатысты қызмет атқарамын деп ойлайтынмын. Оқуды аяқтар алдындағы диплом қорғау кезінде қазақ тілінде «беске» тапсырған студенттің бірі болдым. Тәуелсіздік алған жылдары барлығы орыс тілінде болғандықтан, қазақ тілінде тапсырып, барлығын таңғалдырған едім. Соның арқасында зауытқа қызметке тұрып, бүгінгідей дәрежеге жетіп отырмын. Зауыт менің екінші үйіме айналды. Менің осы зауытта белгілі маман болып қалыптасуыма күш салып, көп көмегін тигізген жандар бар. Олар – Орақ Оразмұхамбетов, Фатима Кенжеғалиева, Нұрбек Қонысов, Валерий Тарабрин, Марат Каримов, Қосыман Каримов сынды өз ісінің мамандары. Сол сияқты мен де кейінгі жастарға үлгі болуға тырысып, білгенімді үйретудемін, дейді Зейін Сабитұлы.

 Осы 26 жыл еңбек жолында Зейін Шамаров «Кәсіби қызметте жеткен жоғары нәтижелері мен мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Атырау мұнай өңдеу зауытына – 70 жыл», «Атырау мұнай өңдеу зауытына – 75 жыл», «Қазақстан мұнайына – 120 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ұзақ жылғы мінсіз еңбегі үшін «Байырғы қызметкер» атағына ие болды.

Зейін Шамаров – отбасында бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отағасы.