...Әбе, дейді қазекем, Әбеке, дейтін қазекем. Інілері алдындағы атпалдай ағаларының атын толық атамай, иман көрген, ізетті келіндей, Шераға, Сераға, Қалаға... деп сыйлайды. Сыйлай отырып, өздері де сол ағаларының алдында еркелейді. Ал жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің Алматыда өткен “Әбе достарын шақырады” атты шығармашылық кездесуінде әдебиетте жазушының ізінен ерген інілерінің шынайы ілтипатын көрдік. Ұлттық әдебиеттегі жұлдызды шоғыр Әбеңді осылай еркелетті, еркеледі де.
Үлкенге деген осындай ізетті бұрылуды басқа халықтан кездестіру мүмкін емес. Сол қазақтың Әбесі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің бейсенбі күні Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында шығармашылық кездесуі өткен.
– Әбе, Әбеке, бұл мерейтой емес, бұл той емес, Сіздің оқырмандарыңызбен кездесуіңіз, – дейді інісі, досы, сырласы Дулат Исабеков ешқашан мерейтойын өткізіп көрмеген ағасына.
Ақиқаты солай, осыдан біраз уақыт бұрын ҚР ҰҒА академигі Шора Сарыбаевтан сұхбаттасып отырып, ол кісі Қаныш Сәтбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов сынды бір туар тұлғалы азаматтардың ешқашан мерейтойларын атап өтпегенін айтқаны бар еді. Өмірінде мерейтойын атап өтпек түгілі, туған күнін де білмеген жазушыны айналасындағы етжақын достары оқырмандарымен бір дидарласуға жыл бойы әзер көндірген екен. Ортамызда қашанғы жүре берсін деген болулары керек...
“Әбеке, мерейтойыңызды өткізбесеңіз өткізбеңіз. Бірақ, жұртпен бір дидарлассаңызшы. Мына халық Сіздің түріңізді де ұмытып қалды ғой. Тірі Әбдіжәміл Нұрпейісовті көрсін де...” деп әрең көндірдік дейтін Дулат Исабеков әзіл сөз айтып тұрмағандығы анық. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов те “абайлап шығып”, Елбасының құттықтауын оқып беріп, басқа ешнәрсені қосып-шатпай сахнадан сырғып шығып кетті.
Жазушының жұртшылықпен жүздесуі күнделікті өмір көріністерінен, толғаулы ойларынан құралған “Әбе” деген деректі фильмнің үзіндісімен басталды. Туған жердің екпіндеп соққан самалы самайындағы селдір тартқан ақ шашын Аралдың толқындарындай тербетіп барады. Желге қарсы желбіреп кетіп бара жатқан жазушы... Уақыттың да ызғарына осылай көлденең жүріп келе жатқан фильмдегі кескіннен толайым тағдырлы таланттың бүкіл болмысын көресің. Бұл фильмді деректі туындылар жасаудың майталманы – режиссер Сергей Әзімов жасағанын қолтаңбасынан-ақ жазбай таныдық.
Демін ішіне тартып, бір құбылысты күткен зиялы елдің түйсігі алдамаған екен. Кештің бір жұтым балдай татымды, тағылымды өтуіне бар өнерлерін салған және осыны адами парыздары санаған жандар сайдың тасындай сахнаға шықты.
– Әншейінде мұндайда сахнаға бір әртіс шыға келіп, қолындағы қағазын сылдыратып оқи жөнелуші еді. Мына үш сабаз саудырлап неге сахнаға шыға келді? Оның да себебі бар. Өйткені, Әбең сегіз қырлы тұлға, тоғыз қырлы қаламгер. Бүгінгі 1,5 сағаттық кездесуде осының бәрін қамту мүмкін емес екен. Сондықтан да оның үш қырын қамтығымыз келді. Біріншіден, мына сөйлеп тұрған азаматқа – “Әбекең жазушы. Талант құпиясы” деген тақырып жүктелген. Дүкең – Дулат Исабековке “Әй, ол кісі пайғамбар да болса, пенде ғой” деген, Нұрлан Ерімбетовке “Қара сөзбен күрескен қаламгер” дейтін, Әбекеңнің дүниеге келгеннен бүгінгісіне дейінгісін толғау аманатталған, – деп бастады кешті жазушы Смағұл Елубай.
Інілері сөздерінде тұрды. “Мақтай берсеңдер, тұрамын да, кетіп қаламын” деген ағаның қатаң талабына көніп, ығымен жүре отырып, артық мадақтамады. Таланттарға ғана тән балалығын да, даналығын да күлдіре отырып, шынды сөйледі. Болғанды айтты. Әйтпесе, бір өмірінің өзі том-том кітап болатын, “Курляндиядан” бастап, “Қан мен тер” трилогиясы, “Соңғы парызы” қазақ оқырмандарын ғана мойындатып қоймай, сан тілге аударылған қаламгер туралы айтатын сөз құрып қалып па?!
– Әбекең биыл сексеннің сеңгіріне шықты, 86-ға қадам басты. Әлі тың. Оның құпиясын өзі былай түсіндіріп беріп еді. Сөйтсек, оның айтуынша, әр жыл біткенде Жаратқан Ие періштелерінен кімнің қанша өмір сүргені мен әлі қанша жасағысы келетіні жөнінде есеп алады екен. Сонда өзге жазушылар 5-6 жылдан ғұмыр сұрап жатқанда, Әбең бір-ақ жыл сұрайды да, қанағатшылдың тілегі орындалған ғой, келесі жылға осылай аман-есен жетіп алады екен. Әбеке, осылай әр жылы бір жылдан сұрай беріп, арамыздан алыстамаңыз, – дейтін Дулат Исабековтің әзіл сияқты әңгімесінің астары терең.
Әбеңді ғана емес, әдебиеттің де “азабы” мен “мазағын” бір кісідей білетін Дулат ағамыз кеште жазушының қызықты әдеттері мен әңгімелерін күлдіре отырып, баяндады. Баяндай отырып, мінезін ашты.
“Әбдіжәміл Нұрпейісов жұмбақ тұлға. Оның жұмбақ болатыны – Жаратқан Иенің ол кісіге дарытқан жұмбақ дарынында. Талант – қашан да тылсым. Өйткені, ол – Тәңір сыйы. Алланың адамға тапсырған аманаты, адамзатқа қызмет етсін деп түсірген аяны. Әр ұлы талант сол ұлы аманатқа адал болуға ұмтылады. Сол аманат жолында күллі ғұмырын сарп етеді. Сол жолда өле-өлгенше тыным таппайды. Өйткені, ол сөз киесін сезеді. Бұл сөзді тек өзі жаза алатынын сезеді. Әбе – сондай Жаратушының назары түскен пенде”, – дейді інілері.
Айтқандай, бұл сөз табадан жаңа шыққан ыстық нандай болып, сол күні, сол кеште оқырмандар қолына тиген “Әбе” атты кітаптың алғысөзінде жазылған. Кеште Мәскеу қаласында 15-ші рет жаңа редакциямен басылып шыққан жазушының әйгілі “Қан мен тер” трилогиясының, “Әбе” деген деректі фильм мен осы аттас жаңа кітаптың тұсаукесері де білінбей өте шықты.
Қаламгер інілердің шығармашылық кеште классик жазушыға жасаған тағы бір сыйы – осы. Ал жазушы бір жыл бойы баспада өзі жайлы жазылған мазмұнды қалың кітаптың әзірленіп жатқанынан беймағлұм болған. “Білсе, шығартпауы да мүмкін деп, сыйымызды жасырын дайындай бердік”, дейді інісі Смағұл Елубай. Ол кітапта француз Луи Арагон, ресейлік Юрий Казаков, Сергей Баруздин, Анатолий Ким, Николай Афанасьев, Лев Аннинский, Леонид Теракопян, Валентин Оскоцкий, испандық Август Видаль, қырғыз Шыңғыс Айтматов, башқұр Мұстай Кәрім, немістер Лео Кошут, Ральф Шредер, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхаметжан Қаратаев, Тахауи Ахтанов, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Шерияздан Елеукенов, Герольд Бельгер, Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбек, Дулат Исабеков сынды сөзінің салмағы бар басқа да қаламгерлер тебірене жазған.
Опера театры сияқты бекзат ғимаратта кеш өткізіп, деректі фильм мен екі бірдей сүбелі, сапалы кітапты жарыққа шығаруға да ағаға берілген адал қажырлылық қана емес, қаражат та керек. “Атамекен” қаржылық-өндірістік холдингінің президенті Ұзақбай Айтжанов сынды Аралдың суы мен құмын бірге кешкен інісі осы абыройды өз мойнына алуды парыз санаған.
Жазушы өмірі туралы театрландырылған көріністерден, деректі фильмнен ғұмырына саяхат жасап, бірде баладай күліп, бірде данадай көз жасын төгіп отырғанын көрдік. Сахнадан жазушының ең әйгілі, жаратылысы мүлде бір-біріне қарама-қарсы кейіпкерлері – Судырахмет мен Халел жазушыға сәлем берді. Әрқайсысы өзіне тән мінезбен өздерін толғатып тапқан қаламгерді құттықтады.
Мектепті тәмамдасымен әскер қатарына шақырылған, Оңтүстік және Балтық жағалаулары майданындағы Әбдіжәміл Нұрпейісов, қаламы қолында, тәуелсіздік таланымызға жазылмай тұрып, кеңестік жүйеге қарсы жүрген Әбдіжәміл Нұрпейісов, егемендіктің елең-алаңында елдің сойылын соғып, тоталитарлық жүйеге қарсы тұрған Әбдіжәміл Нұрпейісов...
– Әбдіжәміл Нұрпейісовті қазақ қауымына ғана емес, бұрынғы бүкіл кеңестік кеңістікке, қала берді, дүние жүзі оқырмандарына таныстырып жатудың қажеті жоқ. Шығармаларының құндылығы мен танымалдылығы жағынан ұлы Мұхтар Әуезовтен кейін қазақ әдебиетінің мерейін көтеріп келе жатқан ірі қалам қайраткері. Қаламгердің романдары – адам жанының қырық қатпарын бар болмысымен ашып көрсетуге арналған. Олардың қоршаған ортасы, тауқыметі, болмысы, географиясы, аты-жөндері қазақ, бірақ, арқалаған жүгі мен арпалысы, алға қойған өмірлік кредолары жалпыға ортақ. Өзіміз әбден айтып үйренген әдебиеттің жалпыадамдық, дүнияуи құндылығы деген – осы, – дейді Дулат Исабеков
– Әбдіжәмілдің романдары – кеңестік режімге айтылған қап-қара қарғыс, оппозициялық шығармалар дер едік. Сол режім алайда жазушы талантын лажсыз мойындап, жазушыға ең жоғарғы әдеби сыйлық берді. Талай рет Жоғарғы Кеңесіне депутат етті. Бірақ, күрескер жазушы ондай шен-шекпенге сатылмапты. Алданбапты. Айдың-күннің аманында, бір жағында атом апаты, бір жағында Арал апаты, ортасында ғарыш айлағы, озон апатына киліккен сормаңдай Даланың қызғыш құсы бола біліпті. “Соңғы парыз” – сол режім, сол эксперименттерге қарсы атылған оқтай ең қаһарлы үкімсөз бола біліпті... Бұл не? Бұл – сөз жоқ, суреткерлік ерлік еді... – деп тебіренеді енді бір інісі Смағұл Елубай.
Көзі тірісінде көрін қазып қойған кім бар? Беларан деген жердегі анда-санда адам аяғы баратын, тікұшақ болмаса көлікпен жете алмайтын жерде жазушының бос қабірі жатыр...
Жұрттың бәрі атақ-даңққа ұмтылып, дәреже мен мәртебе үшін ғұмырының көп бөлігін тәрк етіп жатқанда Ұлы Отан соғысы кезінде алған екі, кейін шығармашылық, қайраткерлігі үшін алған үш ордені мен партбилетін ортасынан қақ бөліп, қоқысқа апарып, тастай салған кім бар? Бұл да жазушы Нұрпейісовтің өз құпиясы.
Мұның бәрін бір кеште, болмаса бір мақаланың аясында түсіндіру қиын. Алайда, інілері Әбеңе берген серттерінде тұрды. Телегей-теңіз мақтаулар, марапаттар болған жоқ.
Айнаш ЕСАЛИ, АЛМАТЫ.
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.