Сондай-ақ олар өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасты. Тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға бейілділігін растады. Бейбітшілік кеңесін құру жөніндегі американдық бастамаға және осы форматқа Қазақстанның құрылтайшы ел ретінде қатысуына ерекше назар аударылды. Бұған қоса осы жылы желтоқсанда Майами қаласында өтетін G20 саммитіне Қазақстанның қатысуына дайындық мәселелері сөз болды.
Министр елдің энергия ресурстары мен аса маңызды минералдардың жаһандық жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі стратегиялық рөлін атап өтіп, бұл саладағы ынтымақтастықты АҚШ-пен өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі ретінде көрсетті.
Өз кезегінде, АҚШ дипломаты Қазақстанды Орталық Азиядағы және халықаралық аренадағы сенімді серіктес ретінде атап өтіп, алдағы байланыстар екіжақты қатынастар мен практикалық ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.
Келіссөздер барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға сапары мен «С5+1» саммитінің қорытындысы бойынша шамамен 17 млрд АҚШ долларын құрайтын бұрын қол жеткізілген келісімдер мен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Кездесу қорытындысында тараптар қолданыстағы ынтымақтастық форматтары аясында, сондай-ақ жаңа тетіктер мен бастамаларды іске қосу арқылы екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға уағдаласты.
Бұған қоса Сыртқы істер министрі АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың шақыруымен алғашқы маңызды минералдар жөніндегі конференцияға қатысты.
50-ден астам елдің өкілдері мен қазақстандық тау-кен компанияларының басшылары қатысқан іс-шарада АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс сөз сөйледі.
Іс-шара барысында маңызды пайдалы қазбалардың жаһандық жеткізу тізбектерін әртараптандыру және нығайту, сондай-ақ оларды өндіру, өңдеу және логистика салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.
Отырыстың шеңберінде Е.Көшербаев қатысушыларды маңызды минералдар саласындағы Қазақстанның әлеуеті және елдің сенімді әрі тұрақты жаһандық жеткізу тізбектерін қалыптастыруға практикалық үлес қосуға дайындығы туралы айтты. Ол Қазақстанның минералдық-шикізаттық ресурстарының ауқымды қорына, оларды өңдеу бойынша дамыған өнеркәсіптік базасына, заманауи инфрақұрылымына, тұрақты саяси жүйесіне және болжамды реттеуші ортаға ие екенін тілге тиек етті.
Қазақстан Геологиялық қызметінің (USGS) тізбесіне енгізілген 60 маңызды минералдың 20-сы бойынша дайын өнім түрінде жеткізілімдерді қамтамасыз етуге қабілетті екені аталып өтті. Бұл өнімдер әлемдік экономиканың стратегиялық салаларында жоғары сұранысқа ие.
Қазақстан мен АҚШ арасында маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыруға ерекше назар аударылды. Аталған құжат Мемлекет басшысының 2025 жылғы қарашада Вашингтонға жасаған сапарының қорытындысы бойынша қол қойылған және Орталық Азиядағы осындай форматтағы алғашқы келісім саналады. Меморандум Қазақстан аумағында өңдеу қуаттарын дамыту, технологиялар трансферті және қазақстандық өнімнің АҚШ нарығына қолжетімділігін кеңейтуді көздейді.
Конференцияға G7 елдері мен Pax Silica бастамасына қатысушы мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволары мен салалық құрылымдарының 30-дан астам басшысы, сондай-ақ жетекші халықаралық компаниялардың өкілдері қатысты.