Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы және «Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы №957 Жарлығына толықтыру енгізу туралы
Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы және «Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы №957 Жарлығына толықтыру енгізу туралы
Қазақстанның қазіргі заманғы көлік инфрақұрылымын қалыптастыру, сондай-ақ оның әлемдік көлік жүйесіне ықпалдасуын қамтамасыз ету және транзиттік әлеуетін іске асыру мақсатында қаулы етемін:
1. Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін;
2) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің одан әрі жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 4 наурыздағы №931 Жарлығымен айқындалатын мерзімде және тәртіппен Бағдарламаның іске асырылу мониторингінің нәтижелерін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ұсынсын.
3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
4. «Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы №957 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 25-26, 185-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік бағдарламалар тізбесі мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 9-жолмен толықтырылсын:
«
| 9. | «Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» | Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі | 2013 жылғы 1 қарашаға дейін | 2014 – 2020 жылдар | 2013 жылғы 1 желтоқсанға дейін |
».
5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ.
Астана, Ақорда, 2014 жылғы 13 қаңтар. №725
-----------------------------------------------
Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына
ТҮСІНДІРМЕ
Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы міндеттердің бірі – көлік жүйесінің инфрақұрылымдық орталықтарын, озыңқы инфрақұрылымын дамыту бағдарламасын және Жаһандық инфрақұрылымдық интеграция бағдарламасын әзірлеу болатын.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 13 қаңтардағы №725 Жарлығымен Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.
Мемлекеттік бағдарлама Дүниежүзілік банк сарапшыларының қолдауымен әзірленді. Мемлекеттік бағдарламаның стратегиялық мақсаты Қазақстанның заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыру, сондай-ақ оның әлемдік көлік жүйесіне ықпалдасуын қамтамасыз етіп, транзиттік әлеуетін іске асыру болып табылады.
Бағдарламаның негізгі міндеттері мыналар:
Қазақстан аумағында ел ішінде жоғары және тиімді көлік байланысын, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүк ағындарын ұлғайтуды және жерүсті, теңіз және әуе көлігінің барлық түрлерінің жұмысын үйлестіруді қамтамасыз ететін заманауи көлік-логистика жүйесін құру;
өңірлерде жергілікті көлік инфрақұрылымын дамыту;
Қазақстанның көлік инфрақұрылымының әлемдік көлік жүйесіне ықпалдасуын қамтамасыз ету.
Осы Бағдарламаны іске асыру 30 мың км автомобиль жолдарын және 8,2 мың км теміржол желілерін реконструкциялау мен жөндеуге мүмкіндік береді.
Жолаушыларға сапалы қызмет көрсетудегі қажеттілікті өтеу үшін теміржол вокзалдары, автовокзалдар және автостанциялар белгіленген стандарттарға сәйкестендіріледі. Тұрғындарының саны 100 адамнан асатын барлық елді мекендер тұрақты автобус маршруттарымен қамтылатын болады.
Барлық негізгі әуежайлар халықаралық ИКАО талаптарына сәйкес келтіріледі.
Теңіз порттарының қуаты 2020 жылға қарай 20,5 млн. тоннаға жетіп, 40%-ға ұлғаяды.
Аталған көрсеткіштерге қол жеткізу жүк айналымын 1,6 есеге, жолаушылар тасымалы айналымын 1,5 есеге, ал транзит жүктерінің көлемін 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте Қазақстан LPI логистикалық тиімділік индексінде 86-орыннан 40-орынға көтерілетін болады.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің
Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі.