Аймақтар • 08 Қыркүйек, 2021

«Қошқар Ата» ойпатындағы радиоактивті қалдықтар халықты улап жатыр – депутат

727 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев бүгінгі жалпы отырыста қоршаған ортаны қорғау мәселесін көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қошқар Ата» ойпатындағы радиоактивті қалдықтар халықты улап жатыр – депутат

Депутаттың айтуынша, Кеңес Одағы кезінде Қазақстан аумағы жаңа технологиялар мен әскери қару-жарақтардың сынақ полигонына айналды. Нәтижесінде, атом энергиясын пайдалану мақсатында жасалған жұмыстар ең ауыр зардап әкелді.

«77 шаршы километр аумақты алып жатқан «Қошқар Ата» ойпатында орналасқан әлемдегі ең үлкен радиоактивтік қалдықтар қоймасының экологиялық жағдайы Маңғыстау үшін ең өзекті мәселе болып отыр. Онда жобамен 105 млн тоннадан астам уытты, соның ішінде 52 млн тоннадай әлсіз радиоактивтік қалдықтар орналасқан. Бұл радиоактивті қалдықтар қоймасы Ақтау қаласы, Мұнайлы және Түпқараған аудандарының 400 мыңдай халқының, яғни облыс тұрғындарының 55 пайызының денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр», деп түсіндірді депутат премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында. 

Бүгінгі таңда, тұрғындардың арасында онкологиялық және тағы да басқа аурулардың көрсеткіші өте жоғары. Оған қоса, Қазақстан ғалымдарының «Қошқар Ата» қоймасының айналасындағы жануарлар мен өсімдіктерді зерттеу нәтижелері оларда мутациялық процесстердің бар екенін көрсетті.

«Кезінде Елбасы Н. Назарбаев және Президентіміз Қ. Тоқаев бұл қойманы рекультивация жасау жөнінде тапсырма берген. Қалдықтар қоймасының жері 2012 жыл рәсімделіп, жобалық сметалық құжаттары жасақталып, радиоактивті қалдықтар шаң болып атмосфераға көтерілмес үшін, ашық қалған 45 шаршы километрдей жер 30 сантиметр топырақпен жабылатын болып шешім қабылданған. 2020 жылы бұл жұмыстарға Маңғыстау облысының табиғат ресурстары және табиғатты пайдалану басқармасы конкурс өткізіп, 15,5  млрд теңгені құрайтын жұмысқа мердігер анықталып, ағымдағы жылдың көктем айында республикалық бюджеттен 1,0 млрд теңге қаржы қарастырылған. Рекультивациялық жұмыстар жергілікті бюджеттің есебінен басталған болатын. Алайда, жақында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл жұмыстарды негізсіз тоқтатып тастағаны белгілі болды. Республикалық бюджеттен бөлінген 1,0 млрд теңге әлі күнге дейін жергілікті мемлекеттік органның есеп шотына аударылмаған», деді мәжіліс депутаты.

Самат Мұсабаев радиоактивті қалдықтарды рекультивациялаудың маңызын алға тартты.

«Қошқар Ата» ойпатындағы радиоактивтік қалдықтарды рекультивациялаудың әлеуметтік маңызының зор екенін ескере отырып, тез арада заласыздандыру жұмыстарын қайтадан бастау қажет. Ол үшін биылға бөлінген 1,0 млрд теңге тиісті мемлкеттік органға тез арада аударылсын және осы жобаны тоқтатқан лауазымды тұлғаның жауапкершілігі қаралсын. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес Сізден депутаттық сауалға заңнамада көзделген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз», деп қорытындылады мәжіліс депутаты.