Әлем • 08 Қыркүйек, 2021

Мексикадағы су тасқыны мен жер сілкінісінен 18 адам қаза тапты

191 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мексиканың Идальго штатында қатты нөсер жаңбырдың салдарынан су тасқыны болып, электр жарығы өшіп қалғандықтан жергілікті ауруханада жатқан 17 адамға оттегі берілмей, көз жұмды. Бұл туралы 8 қыркүйек күні Мексика Президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадор мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мексикадағы су тасқыны мен жер сілкінісінен 18 адам қаза тапты

Дүйсенбі кешке басталған нөсердің салдарынан өзендер тасып, Тула қаласындағы аурухананың бірінші қабатын су басқан. Трансформатор істен шығып, мекеме электрсіз қалды. Коронавирус жұқтырған кейбір ауыр жағдайдағы науқастарға осы кезде оттегімен тыныс беріліп тұрған. Құтқарушылар ауруханадан 40 адамды алып шыққан.

Мексика билігі табиғи апаттың салдарын жоюға әскерін жұмылдырды. Су тасқынынан 30 мыңнан аса адам зардап шекті. Сейсенбі күні Мексиканың Герреро штатында, Мехикодан 300 шақырым жерде орналасқан Акапулько курортына жақын жерде 7,1 балдық жер сілкінісі болды.

Ұлттық сейсмологиялық қызметтің хабарлауынша, одан кейін тағы 70 жер дүмпуі қайталанған. Мексика Президенті өзінің қысқа бейнехабарламасында жер сілкінісінен ғимараттар аса қатты қирамағанын, алайда бір адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Электр беру жөніндегі федералды комиссияның деректеріне сай, жер сілкінісі салдарынан Мексикада 730 мыңнан аса адам электр жарығынсыз қалған, бұл барлық тұтынушының 22%-ы.