01 Мамыр, 2010

АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ БАҚЫЛАУЫ АРҚЫЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

522 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Мәжілістің  Экология мәсе­лелері және табиғатты пайдалану комитетінің ұйымдастыруымен “Атом энергетикасын пайдалану туралы” заң жобасының танысты­рылымы  комитет төрағасы Ерлан Нығматулиннің жетекшілігінде өтті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Заң жобасымен депутаттарды Индустрия және жаңа техноло­гиялар министрінің орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов таныстырды. “Атом энергетикасын пайдалану туралы” заң жобасы Үкіметтің 2009 жылғы 18 ақпандағы №184 қаулысымен бекітілген. Ол атом энер­гиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық негізін белгілейді  және адамдар­дың денсаулығы мен өмірін қор­ғауға әрі ядролық және радиация­лық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Заң жобасын қабылдаудың негізгі мақсаттары – атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану кезінде және атом энергетикасының дамуы жағдайларында халықтың және қоршаған ортаның қауіпсіздігі мен денсаулығының тиімді қор­ғалуының лайықты қамтамасыз ету; ядролық қызметтің қауіпсіз­дігі жөніндегі халықаралық талап­тармен үйлестіру. Вице-минис­трдің мәлімдеуінше, атом энерге­тикасы мемлекеттік бақылау арқылы жүзеге асырылады. Атом стансаларын салу да мемлекеттің қадағалауында  болады. Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі депутат Вале­рий Котович, ал оның құрамында Әлеуметтік-мәдени даму комите­тінен Қылышбай Бисенов, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінен Ержан Рахметов, Аграрлық мәселелер комитетінен Еркін Рамазанов, Заңнама және сот-құқықтық ре­фор­ма комитетінен Серік Темір­болатов, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комите­тінен Үсенгелді Медеуов, Қаржы және бюджет комитетінен Құрман­ғали Уәли сияқты депутаттар бар.