Қаржы • 08 Қыркүйек, 2021

Кешбэк беріп жарылқауда

244 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша елімізде 54 млн төлем картасы айналымда екен. Бұл бір ай бұрын уақытпен салыстырғанда 0,6 пайызға жоғары көрсеткіш. Ал бір жылдық деңгейден 34,4 пайызға көп. Әлбетте, карта тек ақша шешіп алуға мүмкіндік беретін құрал ғана емес, карта арқылы түрлі кешбэктер мен бонустар иеленуге болады. 

Кешбэк беріп жарылқауда

Банктер клиент аудиториясын кеңейту үшін түрлі жобалар мен жеңілдіктер ұйымдас­тыра­ды. Елдегі 25 банктің 17-сі жеке тұлғаларға арнап карта ұсынып отырса, соның 9-ы – үз­дік ондық қатарындағылар. Finprom агенттігі Gold класына дейінгі карталардың мүмкіндігін зерделеп көрген екен. 0,5-2 па­йыз аралығындағы кепілдендіріл­ген кешбэкті Bank RBK ұсына­ды. Егер клиентте депозитін­дегі қаржы 1 млн теңгеден жоғары болса 1 пайыз кепілді кешбэкке тағы 1 пайыз қосылады, картадағы 100 мың теңгеден астам қалдық үшін – 1 пайыз және тағы контактісіз төлем үшін 1,5 пайыз беріледі. Нәтижесінде, 4,5 пайыз кешбэк жиналады.

4 пайызға дейін шектеулі мерзімде «Еуразиялық банк» картасы бойынша алуға болады. Онда кепілді кешбэк небәрі 0,5 пайызды құрайды, алғашқы үш айда ол екі еселенеді. Сомасы 1 млн теңгеден асса, депозит үшін де 1 пайыз қосылады, контактісіз төлем үшін 2 пайыз есептеледі.

«Банктерден аса ірі кешбэк­ті сүйікті категориялар арқы­лы алуға болады (супермаркет, жанар-жағармай бекеті, аптека, спорт тауарлары, т.б.) Сүйікті категорияң үшін ең үлкен кешбэк – Bank RBK-да – 20 пайызға дейін. Одан соң 15 пайызға дейін кешбэк беретін ForteBank пен Jusan Bank, 10 пайызға дейін беретін – «Банк ЦентрКредит» келеді. Kaspi Bank ондай категория аясында 3 пайызға дейін береді, өйткені категорияны банктің өзі таңдайды. Ал «Еуразиялық банк» сүйікті категория үшін небәрі 1 пайыз қосады» деп жазады Finprom.

«Альфа-Банк» клиенттерге 50 мың теңге көлеміндегі кепілді кешбэк ұсынуға дайын. Бірақ бір жыл толған соң ғана. Тағы бір талабы – сол бір жылда карта арқылы 1,2 млн теңге жұмсалуы тиіс. Сондай-ақ «Банк Хоум Кредит» те 33 пайызға дейін кешбэкпен жарылқайды. Алайда оның талабы да – таудай: валюталық депозитте 25 мыңнан 100 мың долларға дейін аралықта ақша жатуы тиіс және карта арқылы ай сайын 125-500 доллар көлемінде сауда жасалуы керек.