Президент • 09 Қыркүйек, 2021

Каспий теңізіне қатысты халықаралық құжат мақұлданды

351 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мәжілістің жалпы отырысында Каспий теңізіне қатысты халықаралық құжат мақұлданды. Депутаттар «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарады.

Каспий теңізіне қатысты халықаралық құжат мақұлданды

Хаттаманың мақсаты – теңіз ортасы мен теңіздің жақындығы әсеріне ұшырап отырған құрлықтың ласта­нуын болдырмау, азайту және бақылау. Сондай-ақ бұл құжат биологиялық әралуандықты сақтауға және оның табиғи ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік бермек. Оған қоса, адам денсаулығын қорғауға жәрдемдесу үшін трансшекаралық тұрғыдан теңіз ортасына және құрлыққа елеулі трансшекаралық әсер етуі мүмкін жоспарланып отырған қызметтің қоршаған ортаға әсерін тиімді және ашық бағалау рәсімдерін жүргізу көзделген.

«Қазақстан Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан. Мамандардың пайымдауынша, теңіздің осы аймағы қоршаған орта тұрғысынан теріс әсер­лерге мейлінше сезімтал, осал бөлігі саналады. Сондықтан бұл құжат еліміз үшін өте маңызды. Каспий теңізінде көмірсутегі шикізатының ірі қорының болуы осы су бассейніндегі экологиялық әрі биологиялық ресурс­тарын сақтау мәселесін өзекті етеді. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстан Негіздемелік конвенцияға қатысты бірқатар хаттамаларға қол қойды. Солардың бірі – Каспий маңы мемлекеттері 2018 жылғы 20 шілдедегі Мәскеуде қол қойған қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі хаттама», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Айта кетерлігі, бұл құжатты Қазақ­стан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрік­менстан бірлесіп қабылдаған еді. Сон­дай-ақ осы хаттама арқылы бірқатар қызмет түрлері реттелмек. Атап айтқанда, мұ­най өңдеу зауыттары, жылу қуаты 300 мегаватт немесе одан жоғары жылу электр стансалары мен басқа да жағу қондырғылары, атом электр стансалары, автомобиль жолдарын салу, реконс­трукциялау және кеңейту мәселелері көзделген.

«Конвенция ережелерін іске асыру үшін жаңа Экология кодексінде трансшекаралық экологиялық әсерді реттеу, оларды жүзеге асыру тәртібі, құқықтары мен міндеттері қарастырылған. Қазақстан трансшекаралық әсерлерді ба­ғалауға қозғалатын тарап ретінде қатыс­са, онда шығу тарапынан келіп түс­кен құжаттар министрліктің бірыңғай эко­логиялық порталында орналастырылады.

Өз кезегінде, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының электронды құжат айна­лымының бірыңғай жүйесі арқылы жіберіледі. Ал егер Қазақстан транс­шека­ралық әсерлердің шығу тарапы ретінде қатысса, онда қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімі елдің ішінде ғана емес, сонымен қоса қозғалатын тараптар да қатар жүргізіледі.

Мысалы, Каспийде жаңа объектілер салынған жағдайда қоршаған ортаға әсерді бағалау құжаттары тиісті жергілікті атқарушы және мүдделі мемлекеттік органдарға, сондай-ақ қозғалатын тарап­тар­ға қатар жіберіледі. Қозғалатын тарап­тардың органдарымен консультацияларды ес­кере отырып, қоршаған ортаға әсерді баға­лауды өткізу мерзімі шамамен 6 айды (180 күн) құрайды. Бұл Қоршаған орта­ға әсерді бағалау хаттамасында және Экология Кодексінің 81-бабының 7-тар­мағында айқындалған», деді министр.

Сонымен қатар жалпы отырыста Палата комитеттері бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Атап айтқанда, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы. Бұдан бөлек, Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға қатысты және Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айла­ғында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кеше­нiн құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялайтын заң жобалары бар.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Депутат Дариға Назарбаева Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған сауалында инвестициялық саясатты іске асыру мәселесін көтерді.

«Инвестициялық ахуалды жақсарту үшін 2017 жылы 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия әзірленді. Тұтастай алғанда, мемлекет инвестициялық ахуалды жетілдіру жөнінде бірқатар кешенді шаралар қабылдап жатыр. Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сәйкес 2020 жылы еліміздің экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 30 пайызға төмендеген», деді Д.Назарбаева.

Депутат осы орайда Үкімет басшысына бірқатар сұрақ қойды. Ол стратегияны іске асырудың қазіргі мәртебесіне алаңдаушылық білдірді. 2018-2020 жылдардың нәтижелері бойынша негізгі нысаналы индикаторларға қаншалықты қол жеткенін сұрады.

«Стратегия жаңа инвестициялар тарту үшін ең тиімді болып саналатын «перспективалы салаларды» анықтайды, атап айтқанда АКТ, туризм және қаржы. Елдің осы салалардағы бәсекелестік позициялары күшейтілді ме, стратегияны іске асыру жылдарында қандай негізгі инвестициялық жобаларға бастамашылық етілді? Осы есепті жылдары елдегі қазіргі инвесторларды ұстап қалу және қайта инвестициялауды ынталандыру үшін қандай нақты шаралар қабылданды? Стратегия тиімді операциялық шараларды жүзеге асыруды және инвестицияларды тартудың жаңа тәсілдерін енгізуді қарастырады. Инвестициялық жұмыста қандай жаңа тәсілдер қолданылады, оларды тәжірибеге енгізудің нәтижесі қандай?» деді Д.Назарбаева.

Сондай-ақ стратегияда көзделген инвес­тор­лардың шағымдары мен мәселе­лерін сәйкестендіру жүйесі құрылып-құ­рылмағанын сұрады. Бұдан басқа, инвес­тициялық жобалардың мониторингтік жүйесі қаншалықты енгізілгеніне, елдегі инвестициялық ахуалдың жай-күйіне жүйелі түрде талдау қалай жүргізіліп жатқанына алаңдаушылық білдірді.

«Стратегия шеңберінде оны іске асыру барысын талдауға негізделген «Қазақстанның инвестициялық ахуалы­ның жай-күйі туралы жыл сайынғы баян­даманы» жариялау жоспарланған еді. Осы баяндама жарияланды ма? 2020 жылы қандай негізгі тұжырымдар жасалды?» деді депутат.

Депутат Қазыбек Иса Желтоқсан көтерілісін атап өтудегі олқылықтарға тоқталды. Ол Кеңес Одағының қызыл империясына қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі неліктен ұлт-азаттық көтерілісі ретінде танылмауына наразылық білдірді.

«1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы  Кеңестік қызыл империяға  қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі – ұлт азаттық көтеріліс ретінде танылып, бағалануы қажет. Желтоқсандықтарға «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» құқықтық мәртебесі берілуі керек. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі айрықша атаулы күндер қатарында атаған Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы ресми деңгейде атап өтілуі керек. Жаппай сая­си қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы заңға Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды қолдап, көтермелейтін арнайы өзгеріс енгізілуі керек. Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқудан, жұмыстан шығып қалғанын әлі растай алмай жүрген  азаматтарды «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» ретінде тануда қолдан жасалған қаптаған кедергілерді жо­йып, анықтама алуды жеңілдету керек. Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы тиіс. Жастарымызға патриоттық тәрбие беру үшін оқулықтарда жеткілікті жазылуы қажет. Қазақстан қалаларында Желтоқсан қаһармандарына арналған алаңдар ашылып, монументтер  орнатылуы тиіс», деді Қ.Иса.

Депутат Елнұр Бейсенбаев жоғары оқу орындарында жатақхана жетіспейтініне алаңдап, мәселе көтерді. «Елімізде
1,1 миллионнан астам студент білім алады. Оның тек 16 пайызы ғана (174 мың) жатақханамен қамтамасыз етілген. Қазірдің өзінде жатақхана жетіспеушілігі 80 мың орынды құрап отыр. Бұл мәселені уақытында шешу үшін Елбасы 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырған. Бірақ аймақтарда бастама әркелкі жүзеге асып жатыр. Әсіресе, cтуденттер жатақханасының ең үлкен жетіспеушілігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына тиесілі. Мысалы, Алматы қаласында 170 мыңға жуық (38 университет, ЖОО) студент білім алса, оның тек 31 мыңы ғана жатақханамен қамтылған. Дәл қазірдің өзінде Алматы қаласы бо­йынша жатақхана жетіспеушілігі 35 мың орынды құрап отыр. Жоғарыда берілген тапсырмаға сәйкес Алматы қаласында 2022 жылдың соңына дейін университеттерде 16 мың орындық 38 жатақхана құрылысы аяқталуы қажет. Бірақ соңғы үш жылдың өзінде 1600 орынға жуық тек 6 студенттік жатақхана бой көтерді. Бұл көрсеткіш тиісті мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысында олқылықтардың бар екендігін аңғартады», деді Е.Бейсенбаев.

Сондай-ақ жалпы отырыста Фах­рид­дин Қаратаев, Ләззат Рамазанова, Самат Мұсабаев, Ерлан Смайлов, Сергей Решетников, Серік Ерубаев, Андрей Линник, Азат Перуашев депутаттық сауал жолдады.