«Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Евгений Зиничев Норильск қаласында Арктикалық зонаны төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі ведомствоаралық оқу-жаттығу кезінде адам өмірін сақтап қалуға ұмтылғанда қайғылы түрде қаза тапқанын хабарлаймыз», деді министрліктің баспасөз қызметі.
РБК агенттігінің хабарлауынша, оқу-жаттығуды видеоға түсіріп тұрған оператор жартастан тайып жығылған. Оны құтқаруға ұмтылған Зиничев те тасқа құлап, мерт болған. Сондай-ақ оператор да өмірімен қоштасты.
RT бас редакторы Маргарита Симонян өзінің Telegram-каналында түсірілім тобындағы оператордың да, Зиничевтің де қайтыс болғанын хабарлады. Енді Төтенше жағдайлар министрінің міндетін бірінші орынбасар Александр Чуприян атқарады.
Зиничев 55 жаста еді. Ол 2018 жылдың мамырынан бастап Төтенше жағдайлар министрі болған, сонымен бірге Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі. 1987 жылдан бастап Зиничев КГБ-да қызмет еткен. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін де Федералды қауіпсіздік қызметінде еңбек етті. 2006 жылдан 2015 жылға дейін ол Президент В.Путиннің жеке адъютанты міндетін атқарды.