Қаржы • 09 Қыркүйек, 2021

Тұтынушылық мақсаттағы несиелеу ұлғайды

356 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл екінші тоқсанда отандық банктер капиталының орташа табыстылық көрсеткіші 37 пайыз, яғни рекордтық деңгейге жеткен. Несие бойынша резервтік шығындардың төмендеуінен және несиелеудің жылдам қарқынмен өсуі осыған себеп болған.

Тұтынушылық мақсаттағы несиелеу ұлғайды

Fitch Ratings сарапшылары­ның болжауынша, екінші жар­ты­жылдықта сектордағы табыс­тылық қалыпты деңгейде болады, бірақ жақын перспективада жақсы деңгейде сақталады. Банк­тердің жоғары табысты әрі әр­тарапты бөлшек несиелеуге кө­бірек мойын бұруы таза па­йыз­дық маржаны нығайта тү­се­ді және транзакциялық табыс­тардың өсіміне ықпал етпек.

Кейбір қаржы институттарында бұрынғыдан «мұраға қалған» проблемалық несиелер де баршылық. Соған қарамастан пан­демия басталғалы бері қазақ­стандық банктер несие­сі­нің сапасы берік бола түскен. Қаң­тардан маусымға дейінгі ара­лықта банктер 9,3 трлн теңге несие беріпті. Бұл – рекордтық көрсет­кіш. Қаржыгерлер қауым­дастығы осылай хабарлапты.

Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаса­ған талдау бойынша банк секторы­ның жиынтық активтері 30,3 млрд теңгеге ұлғайған. Осы уа­қытта екінші деңгейдегі банк­тердің шамамен 12,4 трлн тең­гені немесе активтердің 35,8 па­йызын құрайтын жоғары өтім­ді активтерінің елеулі қоры бар. Бұл өте маңызды, өйткені өтім­ділік қоры банктердің өз міндеттемелерін толық көлемде орындауына мүмкіндік береді.

«2021 жылдың 1 тамызын­дағы жағдай бойынша банк сек­торының жеткілікті капитал қоры бар: негізгі капиталдың жет­кіліктілік коэффициенті – 20,2 пайыз, меншікті капитал­дың жеткіліктілік коэффициенті – 25 пайыз, бұл жүйе бойынша орташа алғанда белгіленген ең төменгі талаптардан айтар­лық­тай асып түседі. Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша банктер 812,2 млрд теңге мөлшерінде таза пайда тапты. Оның мөлшері – 449,9 млрд теңге. Активтер рентабельділігі (ROA) 3,43 пайыз болса, капитал рентабельділігі (ROE) – 27,58 пайызды құрайды. Ал несиелеудің жалпы жиынтық көлемі шілде айында 1,9 пайызға көбейіп, 16 трлн теңгеге жетті», деп хабарлайды агенттік.

Экономикаға теңгемен бе­ріл­­ген несиелер көлемі шілде­де 2,3 пайызға өсіп, 14,1 трлн теңгеге дейін артқан. Салалық бөліністе банктер несиесін негізінен өнеркәсіп (14,2 пайыз), сауда (10,9 пайыз), құрылыс (3,3 пайыз) және көлік (2,8 пайыз) салаларына берген. Бұл ретте тұтынушылық мақсаттағы несие 4,39-дан 5,1 трлн теңгеге дейін ұлғайған.

Әрине, несиенің түп атасы қарыз болған соң, оның дер кезінде қайтарылмай жататы­ны да заңдылық. Банк сек­торын­­дағы клиенттер бұл заң­ды­лық­тан ешқашан «аттап» кете алмайды. Дегенмен несие порт­фелі­не залал келтіретін мұндай теріс әрекет аса көп емес. 90 күн­нен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің үлесі кредиттік портфельдің жалпы көлемінде 4,8 пайызды немесе 819,2 млрд теңгені құрап, 2021 жыл­ғы маусымда 19,2 млрд тең­геге немесе 2,4 пайызға ұлғай­ған. Жеке тұлғалардың порт­фелінде 90 күннен астам мер­зімі өткен берешегі бар қарыз­дардың деңгейі – 4,4 пайыз. Ал заңды тұлғалар портфеліндегі NPL деңгейі – 5,4 пайыз. Бұл ретте шағын және орта бизнес қарыздары да қоса есептеліп отыр. Жалпы мерзімі өтіп тө­лен­бей тұрған қарыз үлесі 7,5 пайыз немесе 1,2 трлн теңгені құрайтынын да айта кету керек.

Әлбетте, төленбей тұрған қарыз көлемі банктердің күрек­теп тауып жатқан табысымен са­лыстырғанда титімдей ғана проблема. Сондықтан сектордағы ойыншылар бұған аса бас ауырта қоймайды. Олар қазір қайтсек несиелеуді арттырамыз, клиент­тердің мойнына тағы қандай се­беп­пен несие ілеміз деп әуре. Мате­риалдық мұқтаждық халық­ты банк табалдырығынан ерікті-ерік­сіз аттатып жатыр. Сон­дық­тан қоржыны томпайып, жалы кү­жірейгені үшін банктер бірін­ші кезекте халыққа алғыс айт­қаны жөн сияқты.