Қоғам • 09 Қыркүйек, 2021

Тәубеге келу – тірілердің ісі

706 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 2021 жыл. Маусым айы. «Берлин-Карлхост» музейі. Гитлерлік Германияның Кеңес Одағына қарсы соғыс бастаға­нына 80 жыл өткенде Герман Федеративті Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штанмайер бұрынғы кеңестер құрамында болған, қазіргі тәуелсіз мемле­кеттердің дипломаттары алдында қасап қырғын жасап, миллиондаған адамның ғұмырын қиып, тұтқынға түсудің азабын өткеріп, жетімдік пен жесірліктің тауқыметін тартқызған алдыңғы ұрпақ­тың күнәсі үшін кешірім сұрады.

Тәубеге келу – тірілердің ісі

 

«Немістердің Кеңес Одағына соғысы жауыздықпен кісі өлтіру болды. Бізге қанша ауыр тисе де мұны ұмытпауға тиіспіз. Қыл­мыстан құрылған жаулап алу соғысын вер­махтың әскери тұлғалары жүргізді. Бұл ауыр қылмыста немістің қарапайым жауын­герінің де күнәсі бар. Мұны түсіну үшін бізге, немістерге көп уақыт керек болды. Фашистердің «Ост» және «Аштық» немесе «Бакке» жоспарларындағы адамдарды аяусыз қыруды принцип дәрежесіне көтерген әскер қанауды, аштықпен азаптауды, тұрған жерлерінен күштеп айдауды, құл мен күң етуді, ақырында қырып-жоюды мақсат етті. Кеңес Одағының бүкіл еуропалық аймағы – Украина, Белоруссияның тұтас облыстары жермен-жексен етіліп, келешектегі неміс колонизациясы үшін тазартылуы тиіс-тін. Ал миллиондық қалалар – Санкт-Петербург, Мәскеу, Киев толық жойылуы керек болатын. Қолға түскен тұтқындар адам есебіне жатқызылмады. Олардың адам деп аталуына құқығы болмады. Герман генералитеті болса, Гитлердің вермахты осындай қылмыстарды атқарушы етуіне еш қарсылық білдірмеді.

...Бүгінгі көрмеде бір сурет бар. Былай қарасаң, көкке шаншылған жүздеген ағашты көресің, бірақ бәрі жап-жалаңаш. Не жапырағы, не бұтақтары, не қабығы жоқ. Кеңестік әскери тұтқындар аштан өлмес үшін жалаң саусақтарымен ағаштарды қабығына дейін сыдырып алған», деп Франк-Вальтер Штанмайер соғыс сұмдығын айтты.

Адамзат тарихында миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған соғыс – бір бұл емес. Қаншама ғасыр өтсе де жаңғырығы ұрпақтар жүрегін дір еткізетін қантөгіс – «Крест жорықтары». Орта ғасырларда 300 жылдың ішінде сайланып әлденеше рет жорыққа шыққанда соғыстың құрбандары шамамен 9 миллионға жеткен. Араға ұзын-сонар 10 ғасырға жуық уақыт өткенде ғана Рим Папасы Иоанн Павел II адамзатқа діннің атын жамылып жасаған зұлмат үшін кешірім сұраған. Өмірден озған соң «әулиелер» қатарына жатқызылған Иоанн Павел II-нің бұл католик дініне қатысты алғашқы кешірім сұрауы емес-тін. Ортағасырлық инквизицияның барша құрбандары алдында басын иіп, 350 жылдан соң ғылымның жолында қасқайып тұрып тұжырымынан танбай, өлімді қарсы алған Галилео Галилейді ақтады. 1997 жылы 1572 жылғы протестанттарды қойша қырған Варфоломей түніндегі қасап үшін, ал 2000 жылы католик шіркеулерінің қатысы бар барлық зұлымдық істер үшін тәубеге келген.

Қарапайым көптің бірі емес, ел бастаған серкенің, сөз бастаған көсемнің бұлайша тәубеге келуі – тұтас ұрпақты, әлденеше буынды күнәдан тазартатын, сөйтіп бұлтсыз, жадыраған ертеңге қадам бастыратын, ғибраты ғасырларға жететін өте үлкен дүние. Ұғынбай жүргендерге сабақ, келешекке қолбайлау болатын жамандықтан арылу. Құдайға жағар амал жасау арқылы ұлттың тазаруына, болашағының жарқын болуы мен кемелдікке жетуіндегі кедергілерді жолдан алып тастайтын өте бір сауапты, игілікті қадам. Бірақ адам баласы өкінішсіз бола ма? Тарих бетін ақтарғанда өкінетін тұстар көп. Солардың барлығына кешірім сұралар ма? Франк-Вальтер Штанмайер мен Кароль Юзеф Войтыла сынды тұлғалар қатары көбейер ме екен?

Баспасөз беттерінде, қоғам мүшелері арасында большевиктер мен олардың жалғасы коммунистер жасаған зұлматтары үшін кешірім сұрауы тиіс деген ойлар айтылып жүр. Алайда ондай пейілдің ізі де білін­бей­ді. Нақақтан атылған арыстар, аштық­тан қырылған халық киесі қойсын ба, 70 жыл­дан астам билігін жүргізген, фашистік Гер­мания жеңе алмаған Кеңес Одағы бір оқ шы­ғарыл­мастан қабырғасы қақырап, өзді­гінен құлады. Қабірлер үстіне құрылған үкімет ғұмыры ғасырға жете алмады.

«Кімге де өткен сұмдықты еске алу оңай емес. Бірақ оны ұмытқансып, күнәні мойындамаудан ол ешқашан жеңілдемейді. Қайта ол ауырлай түспек», дейді Франк-Вальтер Штанмайер. Өлгендер жасаған күнәлар үшін тәубеге келу – тірінің ісі. Бірақ оны жасауға екінің бірінің өресінің жетуі қайда?..