Президент • 09 Қыркүйек, 2021

Қ.Тоқаев Қазақстанның Ауғанстанға қатысты қабылдаған шешімдері жайлы айтты

202 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қазақстанның Ауғанстандағы ахуалға қатысты қабылдаған шешімдері жайлы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қ.Тоқаев Қазақстанның Ауғанстанға қатысты қабылдаған шешімдері жайлы айтты

Бұл туралы Мемлекет басшысы инстаграм парақшасында мәлімдеді.

«Сенім грамоталарын қабылдау рәсімінде, елшілер алдында Қазақстанның Ауғанстандағы ахуалға қатысты қабылдаған шешімдеріне тоқталдым: «Ауғанстандағы күрделі дағдарыс жағдайында Қазақстанның прагматикалық сыртқы саясаты маңызды болып отыр. Соғыстан тоз-тозы шыққан бұл елмен ортақ шекарамыз болмаса да, Алматы мен Кабулдың арасы ұшақпен бір-ақ сағаттық жер. Мен ТМД, Еуропалық Одақ және Таяу Шығыстағы әріптестеріммен тығыз байланыста отырмын. Егер осындай ниет білдіретін болса, сіздердің мемлекеттеріңіз бен үкіметтеріңіздің басшыларымен ой-пікір алмасуға әрқашан дайынмын» деп жазды Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, әзірге Ауғанстандағы дүрбелең өңірлік қауіпсіздік проблемаларына назар аудартып тұр. Қазақстан зорлық-зомбылықтың, заңсыз есірткі айналымының және Ауғанстаннан тыс жерлерге бақылаусыз көшіп кетудің алдын алу мақсатында бұл елмен ынтымақтастық орнатуға дайын.

«Тәлібтер біртұтас, инклюзивті және өкілетті ұлттық үкімет қалыптастырып, өздерінің, шын мәнінде, байсалды позиция ұстанатынын және келіссөздерге бейілді екенін дәлелдейді деп үміттенемін. Қазақстан Ауғанстанның өз ішінде және көршілерімен тату-тәтті, бейбітшілікте өмір сүретін тұрақты, егемен және біртұтас мемлекет болғанын қалайды. Біз елде қалыптасқан гуманитарлық қиыншылықтарды шешу үшін конструктивті іскерлік байланыстар орнатуға дайынбыз. Халықаралық қоғамдастық Ауғанстанды қазіргідей дағдарыс кезінде қиыншылықтармен бетпе бет қалдырмауы керек. Керісінше, біз болашақта Ауғанстанның экономикалық және орнықты дамуы үшін барлық іс-әрекеттеріміз бен жоспарларымызды жұмылдыруымыз керек», деп түйді сөзін ҚР Президенті.