28 Қаңтар, 2014

Олимпиада: Қазақстаннан елу спортшы қатысады

253 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Sochi Olimpiada-28.01

 

Астанада Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі еліміздің Сочи Олимпиадасына жеңіп алған жолдама саны мен жарысқа қатысатын отандастарымыздың тізімін жариялады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

БАҚ өкілдерімен кездесуде агенттік төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов биылғы Қысқы Олимпиадаға Қазақстан құрамасынан жарыстың 10 түрінен 58 лицензия алған 50 спортшының қатысатынын мәлімдеді. Сонымен бірге ол салыстырмалы түрде 2010 жылы Ванкуверде өткен Олимпиадаға елімізден спорттың 8 түрінен 37 отандасымыздың қатысқанын, сондықтан саны мен спортшылардың дайындығына қарап биылғы додада саңлақтарымыздан кем дегенде екі медальді күтуге болатынын айтты. Осыдан кейін ол Олимпиаданың ашылу салтанатында еліміздің көк байрағын шаңғы жарысында өнер көрсететін спортшымыз Ердос Ахмадиевтің алып шығатынын, ал Қазақстан Республикасының туын көтеру рәсімі ресми түрде 4 ақпан күні Олимпиада қалашығында өтетінін мәлімдеді.«Биылғы Олимпиада біздің спортшылар, еліміз үшін ең маңызды жарыс болады. Қазір ұлттық құрама осы дүбірлі додаға толығымен дайын деп айта аламын. Олимпиадаға Қазақстанның ресми спорттық делегациясы 102 адам болып барады. Оның ішінде 50 спортшы, 30 жаттықытрушы мен сервисмендер, 7 дәрігер мен массажистер, спорт түрелрінен команданың қызметін үйлестіру үшін құрылған штабтағы 5 адам, Ұлттық олимпиялық комитет арқылы тіркелген 5 журналист пен 5 ресми лауазым иелері бар,» - деді ол.

Сонымен бірге ол спортшылардың тізімін айтып, биылғы Олимпиадаға шаңғы жарысына 10 адамның, биатлоннан өтетін сайысқа да 10 спортшының, мәнерлеп сырғанау жарысына екі адамның, фристайлдың могул түірнен өтетін бәсекеге 5 спортшының, фристайлдың акробатика жарысына төрт  адамның, шорт-трек пен конькимен жүгіру сынына алты спортшыдан, тау шаңғысы жарысына төрт отандасымыздың қатысатынын атап өтті. Ал еліміз алғаш рет қатысатын сноуборд пен шана спортына бір-бір спортшыдан күш сынасатынын жеткізді. Жалпы, оның айтуынша, спортшыларымыздың орташа жасы – 24,3 жас. Сондай-ақ, агенттік төрағасының орынбасары биылғы бәсекеге 300-ге жуық қазақстандықтардың  турист ретінде баратынын атап көрсетті.

Дастан Кенжалин.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі.