Қоғам • 10 Қыркүйек, 2021

Күй қонған киелі шаңырақ

281 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Музыкалық тәрбие – бұл музыкантты тәрбиелеу емес, ең алдымен адамды тәрбиелеу» дейтұғын қанатты сөз бар. Көкшетаулық дәулескер домбырашы Сәкен Біржанов шешен домбырасының шанағ­ынан құйылып түскен маз­мұн­ды күйлерімен замандас­тары­мыздың рухани әлемін байытып келе жатқан өнер иесі.

Күй қонған киелі шаңырақ

...Шұрқыраған қалың жылқы болат тұяқтарымен дала төсін жаңғыртып жіберген. Жол таппай қиналатын тәрізді. Тұс-тұстан андағайлап шапқан кезде ұйыса ұйлығып, теңіздің ақбас толқынындай буырқана шиыршық атып жөңкіледі. Басқыншы жау түн ортасында шапқан. Шырт ұйқыда жатқан ауыл жігіттері жылқыға жетіп үлгермеді. Бес қаруын асынып келген қарақшылар тәмам жылқыны сойылдап қуғанымен, жылқының құты Бозайғыр бөліне қашып, туған жеріне тартады. Барымташылар аузымен құс тістеген жүйріктерімен іле қуғанымен қара шалдырмай кетеді. Арқырай кісінеп, туған жерінің өртенген, бүлінген, дүние-мүлкі шашылып жатқан, сойылға жығылған жұртына келіп күңірене кісінеді дейді. Күй тілі оқиғаны айна-қатесіз, дәл осылай баяндайды. «Бозайғыр» күйінің желісі төрт түлік малдың төресі – жылқының бойындағы осынау асыл қасиетті паш етеді. Қос ішек күңірене боздап, Бозайғырдың шыбын жаны шырқыраған, жер тарпып аласұрған сәтін айнытпай баяндайды. Оның арғы жағында тілсіз мал болса да көкірегінде тұнық суын ішіп, жасыл шалғынына жайылған туған топырақты қимайтын бір сезімнің бебеулеп жатқанын аңғаруға болады. Ал адам ше? Көзі ашық, көкірегі ояу жан өз Отанын, өз жұртын басқыншы жауға бастырып қоймауға тиіс. Күйдің айтары да сол. Тыңдаған жанның алпыс екі тамырын тулатып, тұла бойын қор­ғасындай балқытып, естіген есті құ­лақ­қа нағыз патриоттық, ұлтжандылық, елжандылық дәнін сіңіреді.

Сахнадағы дәулескер домбырашы Сәкен Біржанов күй лебімен ырғалатын­дай. Ол бұрынғы Чкалов ауданының Тал­дыкөл ауылының тумасы. Өнері өрістеген шаңырақта дүниеге келген. Ән құша­ғында тербеліп ер жеткен. Әкесі Көк­шені әнмен қырған Еркін Біржанов отбасына қарайлап, алысқа ұзап шыға алмады. Табиғи таланты толайым еді, мүмкіндігі де қаптал жететін. Үлкен өнердің жарық жұлдызы болуға жаратқан ие сыйлаған табиғи дарыны жетіп тұрғанымен, ата-анасының жайына қарайлаған. Сол себепті де ауылда қарапайым жүргізуші бо­лып еңбек етті. Адал жүрді, адал тұр­ды, өнерге де адал болды. Облыс орта­лы­­ғын­да күн құрғатпай өтіп жататын бай­қау­ларға қатысып, талай рет топ жарды. 1981 жылы Мәскеуде Кремльде ән салған. Зиялы қауым көкшетаулық қазақтың табиғи талантына тәнті болыпты. Республикалық сахналарда да ән-жырдың алтын бесігі – Көкшенің намысын қорғады, шетелдерге де сапар шекті. Осылайша талай жетістікке қол жеткізді. Ең бастысы, бауыр еті балалары да әке жолын қуып, өнердегі танымал тұлғаларға айналды.

1988 жылы Алматы қаласындағы Құрман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­ва­ториясын аяқтаған Сәкен Еркін­ұлы­ның өнердің үлкен ортасында ірге теуіп қалуға мүмкіндігі бар еді. Бола­шағынан үлкен үміт күткен ұстаздары консер­ваторияда қалып ғылыммен айналысуға ұсыныс жасаған. Әйтсе де өнерпаз ұланның бір бүйірінде туған жерге деген сағыныш, перзенттік махаббат мөлдіреп жатқан болатын. Сол сезімд­ер қолынан жетектеп әкесі әнмен әлди­леген Көкшетауға алып келді. Облыс орта­лы­ғындағы Үкілі Ыбырай атындағы филар­монияға 1993 жылы орналасты, осы бір кезден бастап домбырашы Сәкеннің аты дүркіреп шыға бастады. Ақсары өңі алаулап, үнемі емен-жарқын күлімдеп жүретін домбырашының бойындағы шынайы қарапайымдылық, үлкенге деген ізет, ішкі мәдениетінің молдығы өнерімен ұш­тасқан соң көрермен ықыласына ие болды. ­1998 жылдан бері өнерге ұмтылған ұлан­дардың тәлімді тәрбие мектебіне айнал­ған мәдениет колледжінде ұстаздық етуде.

– Көне күйлер – еліміздің асыл, қым­бат қазынасы, – дейді күйшінің өзі, – бұл күйлердің ішкі мағынасында үлкен тәр­биелік мән жатыр. Тек санамен сал­мақ­тап, түсіне білген ләзім. Кез келген күй әлдебір тарихи оқиғаға байланысты шыққан. Ең алдымен күй тілінде өрілетін, көне дәуірдегі айтулы оқиғаны бейне­лейтін музыка сөзін қапысыз аңғарып, сезіне білу қажет. Ықылым заманнан бері желі тартқан жүз сан күйдің бәрі де ежелгі ел тарихын құрайды. Осы күйлерге қарап-ақ біз халқымыздың қандай сұрапыл жылдарды, запыран заманды басынан кешіргенін аңғарар едік. Бұл туралы тарихи тұлғаларымыздың айтқан, жазған деректері де аз емес.

Әнші Еркін ағамыздың Сәкеннен кейінгі ұлы Дәурен Көкшетаудағы музы­ка колледжін тәмамдаған соң, Құрман­ға­зы атындағы қазақ ұлттық консервато­рия­сында білімін жалғастырды. Қазір облыстық филармонияда қызмет етеді. Прима аспабының хас шебері. Өз білгенін Біржан сал атындағы музыка колледжінің білім алушыларына үйретуде. Дәуреннің ұлы Арсеннің көңілі флейтаға құлаған. Таяуда Грузияда өткен халықаралық бай­қауда жеңімпаз болып оралды. Қыздары Айару мен Әдина да музыка әлеміне ын­тық. Екеуі де пианинода ойнайды. Ал кіші ұлы Хасен болса атасынан сабақ­та­лып келе жатқан әдемі өнердің кішкен­тай өкілі. Күйсандықтың құлағында ойнайды.

Мәдениет саласының үздігі Сәкеннің ұлы Мәден Нұр-Сұлтан қаласындағы меди­цина университетінің студенті. Өнері өрістеген шаңырақта өмірге келіп, құн­дақ­та жат­қан шағында күймен тербелген. Мәден жа­сынан сәулелі музыка әлеміне ғашық. Күй­сандықта классикалық музыкаларды нәші­не келтіре орындайды. Екінші ұлы Ғали Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атын­дағы университетінің компьютерлі гра­фика факультетінде оқып, білім алып жүр­генімен, қолынан дом­быра түскен емес. Алғашқы ұстазы – әкесі. Музыка мек­­те­бінде де әкесінен дәріс алған. Сәкен Бір­жанов тәрбиелеген жастар да қаулап өсіп ке­леді. Өз әулетінен тараған өнерпаз ұл-қыз­дармен бірге шәкірттері де мерейін өсіруде.

Сахна төрінде тағы да күй шалқыды. Салтанатты рәуіштегі күй. Ел болашағы­ның жарқын екендігін көкірекке құйып тұрғандай. Бұл дәулескер домбырашы, өнер шуағы шалқыған шаңырақтың бір өкілі Сәкен Біржановтың шабытты шағының шағын бір көрінісі.

 

Ақмола облысы