Қоғам • 10 Қыркүйек, 2021

Ойшылдар ойынын ұлықтаған отбасы

622 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«…Келгеніне үш-төрт күн болса да, Көрпебай Абайға тоғызқұмалақтан әлі жөндеп ұтқызған жоқ. Соңғы күндердің бір қатты бәсекесі болып алған ойыны бар. Кейде таңертеңгі шайдан түстікке шейін ойнағанда, бір ойынды тауыса алмай айырылысатын. Кеше, кеш бойы Абай кітап пен жазу үстінде болды да, ойын үзіліп қалған. Енді Көрпебай «тоғызқұмалақ» ағашын алып кіргенде, Абай: «Тағы алаң кірді, қоя тұрайын» деп, Пушкин томының беттерін жауып қойды... ...Абайдың кейбір қыстарда, үйде отырып қалғанда әдейі шақырып алып, жиырма күн, бір айдан табан аудармай ойнап қалатын кісілерінің бірі – Мақыштың Смағұлы, не Марқабай болса, тағы бірі осы Көрпебай...».

Ойшылдар ойынын ұлықтаған отбасы

Иә, ұлы Абайдың тоғызқұмалақ ойынының хас шебері болғаны суреттелген Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы «Биікте» тарауынан бұл үзіндіні Ғабит алғаш әкесінен естіген. Тоғызқұмалақ ойынын үйретіп отырған бір сәтінде айтқан әкенің әңгімесінен соң «Абай жолын» құмарта оқып шыққан. Қазақ халқының ұлттық ойыны – тоғызқұмалаққа деген қызығушылығы да арта түскен. Ұлы Абайдың тоғызқұмалақтың шебер ойыншысы ғана емес, жарыстардың ұйымдастырушысы әрі демеушісі ретінде танылғанын да әкесі айтып отыратын. Тоғызқұмалақтың төрт мың жылдық тарихы бар, өте пайдалы зияткерлік ойын екенін білді. Адамға сабырлылықты, қайсарлықты, тәуекелшілдікті, әрқашан да дұрыс шешім қабылдауды үйрететінін сезінді. Ойыншының есте сақтау қабілетін арттырып, ойлау қабілетін өсіретін тоғызқұмалақты «ойшылдар ойыны» деп те атайтынын естіді. «Әкеге қарап ұл өсер»... Осындай жақсы қасиеттерді ұлттық ойын арқылы бойына сіңірген де әкесі еді.

Сапарбековтер десе, көпшілік алдымен ұлттық спортқа жанашыр болып, дамытуға үлес қосып жүрген отбасы екенін еске салады. Әулеттің үлкені марқұм Қадырбек Сапарбековтің негізгі мамандығы физика пәнінің мұғалімі болған. Дегенмен жастайынан спортқа жаны жақын болыпты. Шахмат, тоғызқұмалақ пен тенниске ерекше қызығушылық танытып, тіпті осы спорт түрлерінен шәкірт тәрбиелеп, бапкер атанған. Тоғызқұмалақты қайта жандандырып, оны Шымкент қаласы мен оңтүстік өңірге таратқан қайраткер азаматтардың бірі. Бүгінде ұл-қыздары белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлының әкелері жайлы айтқан жылы лебізін жиі еске алады.

«Қадекең тоғызқұмалақ спортын өз өмірінен де қымбат санаушы еді. Бүгінде балаларының тоғызқұмалақ спортының жанашыры, қайраткері дәрежесіне көтерілулері осы сөзімізге дәлел. Адам өз баласын өзі сүймеген өнерге бере ме? Ол адамды жақсы көре білудің үлгісі еді», депті Н.Жүнісбайұлы. Өзінің бапкерлік жолында қаншама жас жеткіншекке осы бір күрделі де қызықты ойынды үйретіп, тәрбиелеген Қадырбек Сапарбеков 50-ге жуық спорт шебері мен спорт шеберлігіне үміткерлерді даяр­лап шығарған. Тоғызқұмалақты тек шәкірт­теріне ғана емес, өзінің ұл-қыздарына да үйретіп, олардың кәсіби спортшы деңгейіне көтерілуіне себепші болды.

Салтанат Қадырбекқызы – халықара­лық дәрежедегі спорт шебері, 2010 жылы Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет ұйым­дастырылған тоғызқұмалақтан әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Ал 2015 жылы Алматыда өткен дүбірлі додада тоғызқұмалақтың блиц түрінен жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ Салтанат 2019 жылы Түркияда өткен әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына күміс жүлде салды. Бүгінде дарынды спортшы әрі тәжірибелі бапкер ретінде әке жолын жалғап, Шымкент қала­сының ұлттық және ат спорты түр­лері бойынша кешенді спорт клубында жаттықтырушы қызметін атқарып жүр. Қадырбек Сапарбековтің тағы бір перзенті Сәбит – тоғызқұмалақтан спорт шебері. Сәбит әкесі өмірден өткенде оның тобындағы спортшыларды әрі қарай да­йындауды өз мойнына алған. Сөйтіп, аз уақыт ішінде республика мен әлем чемпиондарын даярлап, үлкен жетістікке жетті. Қажырлы еңбегінің арқасында 26 жасында Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы атанды. Бүгінде мамандар тоғызқұмалақ Сапарбек әулетінің қанына сіңген спорт түрі екенін айтады. Салтанат пен Сәбиттен бөлек, Ғани, Ғабит пен Мәди Сапарбековтер де тоғызқұмалақтан спорт шеберлігіне үміткер. Жас буын да ата жолын жалғап «ойшылдар ойынынан» озық шығып, аға буынның жеңісті жолдарын жалғауда. Мысалы, Қадырбек Сапарбековтің үлкен немересі Нұрғиса Қадырбек 2019 жылы жасөс­пірімдер арасында Қазақстан чем­пионы атанды. Қазір Шымкент қаласы­ның негізгі ойыншыларының бірі. Яғни бір әулеттің үшінші буын ұрпағы тоғыз­құмалақтан жетістікке жетуде. Сапар­бек әулеті спорттан өзге салалар­да да адал еңбек етіп, өнегелі отбасы ретінде елге танылған. «Адам өмірін­де отба­сы­ның алатын орны қашан да ерекше. Сын сәттерде жаныңнан табылатын, қолдау көрсетіп, сүйеу болатын ынты­ма­ғы жарасқан, жан-дүниеңді түсінетін отба­сың болса, кез келген қиындықты еңсе­ріп шығатының анық. Жарасымды отба­сы адамның ертеңге деген, өзіне деген сені­мін нық етіп, рухын асқақтатып тұрады», дейді тоғызқұмалақ пен журналистиканы қатар меңгерген Ғабит Қадырбекұлы.

Қырық жылдан астам уақыт бойы мектепте ұстаздық етіп, зейнеткерлік демалысқа шыққан Нәзира Балташқызы құдай қосқан қосағы Қадырбектің отын өшір­мей, перзенттерінің барлығын оқы­тып, үйлендіріп, әрқайсысын өз алдына отбасылы, үйлі-жайлы етті. Ол кісі де тоғызқұмалақ спортын бір кісідей меңгерген. Ұрпағын ұлттық құндылық­тарды дәріптеуге үйрете білген, әулетті ұйыс­тырып отырған ардақты ана бүгінде немерелерінің білім мен тоғызқұмалақты қатар алып жүруіне ықпал етуде.

 

ШЫМКЕНТ