Білім • 10 Қыркүйек, 2021

Студенттік жатақханалардың жағдайы қандай?

514 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде студенттік жатақханаларды тексеру басталды. Рейдті «Jas Otan» Жастар қанатының және «Nur Otan» партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің өкілдері ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Студенттік жатақханалардың жағдайы қандай?

«Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев және жастарды қолдау жөніндегі өңірлік Қоғамдық кеңестің өкілдері Қарағанды облысының жоғары оқу орындары мен колледждерінің жатақханаларына мониторинг жүргізуді бастады.

Мониторингтік топ мүшелері болашақ дәрігерлерге арналған 400 төсек-орындық студенттік үй салынып жатқан «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ жатақханасының құрылыс алаңына барды. Сонымен қатар, Қарағанды техникалық университеті мен Қарағанды индустриялық университетінің жатақханалары қаралды.

Партия мүшелері жатақханалардың сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау, жарықтандыру, санитарлық нормаларға, үй-жайларды күтіп ұстау және онда тұру жағдайларына сәйкестігін тексерді. Мониторинг қорытындысы бойынша Көпсалалы гуманитарлық техникалық колледжінің жатақханасында бірқатар бұзушылықтар анықталды.

1

«Біз студенттерге олардың жайлы оқуы үшін барлық жағдай жасалуы тиіс деген мәселені көтереміз. Бірақ, бұл мекемелердің басшылары бұған қызығушылық танытпайды және ақшаның жетіспейтіндігін айтады. Мұнда қарапайым санитарлық нормалар сақталмайтынын көреміз. Екі адам тұруы керек бір бөлмеде үшеуі тұрады. Ыстық су жоқ, өрт қауіпсіздігі нөлге тең. Қарағандының уәкілетті органдары барлығын ретке келтіріп, қолға алуы тиіс деп есептеймін», деді депутат Елнұр Бейсенбаев.

Қарағандыда жатақханаларға 2000-ға жуық студент мұқтаж. Ішінара орын жетіспеушілігі мәселесі шешілуде. Жақында 800-ден астам жас 6 жаңа және жөнделген ғимаратта тұра алады. «Jas Otan» Жастар қанатының жетекшісі Нұржан Жетпісбаев бұл мәселе олардың жеке бақылауында екенін атап өтті.

«Бұл жұмысты біз әлі де жалғастыратын боламыз. Қазір біз жатақханаларда жыл соңына дейін жойылуға тиіс бұзушылықтарды анықтау үшін тексерудеміз. Тексерулерден кейін біз ЖОО басшылығына ұсыныстар беріп, министрлік деңгейінде жұмыс жүргіземіз. Жыл соңына қарай қайта мониторинг жүргізіледі. Ең басты міндет – студент жастардың әлеуметтік-тұрмыстық, тұрғын үй жағдайларын жақсарту», деді ол.

2

Соңғы жаңалықтар