Өнер • 12 Қыркүйек, 2021

Бүгін елімізде қазақ киносы күні аталып өтілуде

205 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін елімізде қазақ киносы күні аталып өтілуде. Айтулы мерекеге орай ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақстандықтармен отандық кино саласындағы жағымды жаңалықпен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгін елімізде қазақ киносы күні аталып өтілуде

Министр алдымен қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтады. «Сіздерді 12 қыркүйек – Қазақ киносы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Кино – мәдениет пен өнердің көш басында тұрған, аудиториясы төрткүл дүниені төріне отырғызған ауқымды сала. Ғұмыры ғасырмен өлшенетін қазақ кинематографиясы алғашқы қарлығашы «Амангелдіден» бастап осы күнге шейін көрерменге түрлі туындылар тарту етіп келеді. Әр киноның уақыт кеңістігіндегі алар орнын айқындайтын, былайша айтқанда тағдырын шешетін құдірет – ол қалың көрермен екені сөзсіз. Біздің елімізде бүгінгі кино талабына жауап бере алатын, көпшіліктің талғам үдесінен шыққан фильмдер қатары жыл өткен сайын артып келе жатқаны қуантады», деп жазды А. Райымқұлова Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, бүгінде отандық кинода жас мамандар шоғыры қалыптасты. «Шынайы оқиға желісімен түсірілген, бабалар даналығын дәріптеген, аталар аманатын арқалаған тарихи туындылармен қатар көзі қарақты əр адамды немқұрайды, жайбақарат қалдырмайтын, əлеуметтік мәселелердің өзектілігін жүрекке жеткізіп, толғандыратын отандық туындылар беделді халықаралық фестивальдерде жүлдеге ие болып, әлемдік киногерлердің жоғары бағасын алып жатыр. Алдыңғы аға буынның ізін басып, өзіндік өрнегін қалыптастырып келе жатқан жас мамандар шоғыры қалыптасты», дейді ол.

Одан бөлек, министр кинематография саласына көрсетілетін мемлекет қолдаудың жалғасатынын айтты.

«Еліміздегі кино нарықта тақырыбы жағынан əр алуан қазақстандық фильмдермен қоса әлемдік танымал киностудиялардың таңдаулы өнімдері көп. Аталған картиналардың бәрі енді ана тілімізде аудармамен көрсетілуі міндетті екені арнайы заңда көрсетілген. Осы ретте бірқатар анимациялық туындының қазақ тіліндегі дубляжын түсірген компанияның өзі әлемдік нарықта жоғары бағалағанын айтпай кетуге болмас. Бұдан бөлек, қазір министрлік кеңес үкіметі кезінде көрерменге жол тартқан отандық киноларды Ресейдің мемлекеттік кино қорының архивінен сандық форматта өңдеп алу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр», деді А. Райымқұлова.