Спорт • 12 Қыркүйек, 2021

Қазақстандық шахматшылар АҚШ-қа қарсы ойнайды

167 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері онлайн форматта өтіп жатқан шахматшылар Олимпиадасында жерлестеріміз алдағы ширек финалдық сайыста АҚШ командасымен шеберлік байқасатын болды.  

Қазақстандық шахматшылар АҚШ-қа қарсы ойнайды

Айтулы жарыстың алғашқы кезеңінде Қазақстан құрамасы керемет өнер көрсетіп, өз тобында бірінші орынды олжалаған еді. Әсіресе, біз Жансая Әбдімәліктің асқан шеберлігіне тәнті болдық. Қытай құрамасына қарсы бәсекеде ол әйелдер рейтингінде көш бастап тұрған әлемнің төрт дүркін чемпионы Хоу Ифаньге сан соқтырды. Ал Бибісара Асаубаева өзінің жеті кездесуінің барлығында жеңіске жетті.

Енді 13-қыркүйекте басталатын ширек финалдық сайыста аса азулы америкалық шахматшылармен күш сынасамыз. Осы мәжедегі өзге бәсекелер Украина мен Үндістан, Ресей мен Мажарстан және Қытай мен Польша құрамалары арасында өтеді. Келесі күні жартылай финалдық ойындар өтсе, осы Олимпиаданың жеңімпазы 15-қыркүйекте анықталады.

Естеріңізге сала кетейік, бұл жарыста Қазақ елі намысын Ринат Жұмабаев, Денис Махнев, Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Рамазан Жалмаханов және Бибісара Асаубаева сынды шеберлер қорғауда. Ал қосалқы құрамда Рустам Хуснутдинов, Мұртас Қажығалеев, Гүлісхан Нақбаева, Гүлмира Дәулетова, Қазыбек Нөгербек және Меруерт Камалиденова ойнауда.