Спорт • 12 Қыркүйек, 2021

Футзалдан Қазақстан құрамасы Коста-Риканың тас-талқанын шығарды

135 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футзалдан Қазақстанның ұлттық құрамасы Литвада өтіп жатқан әлем чемпионатын жарқын жеңіспен бастады. Өзінің тұсаукесер кездесуінде біздің жігіттер Коста-Риканы қапы қалдырды.  

Футзалдан Қазақстан құрамасы Коста-Риканың тас-талқанын шығарды

Алғашында 10 минутқа жуық уақыт бойы жерлестеріміз қарсыласының осал тұсын таба алмай біраз әбігерге түсті. Тек бірінші кезең бел ортаға жеткен тұста бұрыштамадан берілген допты Шыңғыс Есенаманов қақпаға дәл түсірді. Тек содан кейін барып қана Рикардо Каканың шәкірттері құлашын кеңінен жайып, қарқынын күрт күшейтті. 12-минутта Дәурен Тұрсағұлов екінші голды соқса, көп ұзамай Коста-Риканың ойыншылары есеп айырмашылығын қысқартты. Ал 14-минутта Дугластың қаңырата тепкен добы қақпа торынан табылса, 17-минутта Тайнан ұш қорғаушының арасынан сытылып шығып, нысананы дәл көздеді.

Үзілістен кейін Біржан Оразов пен Тайнан бір-бір реттен мергендік танытты. Сөйтіп, бұл бәсеке 6:1 есебімен жерлестеріміздің пайдасына шешілді.

Енді Қазақстанның футзалшылары келесі кездесуін 15-қыркүйекте Литваға қарсы өткізеді. Ал 18-қыркүйекте Венесуэламен шеберлік байқасамыз.